Ұйғыр ауданы: Баталов НЕГЕ уәдесінде тұрмайды?

16 қазан, 19:33

Фото: akorda.kz

Ұйғыр ауданының атын – Қарадала, Шонжының атауын Әлмерек деп өзгерту туралы ұсыныстардың айтылып жатқанына талай жыл болды. Бірақ сең әлі қозғалған жоқ.

Маусым айында қазақ-ұйғыр жастарының арасында қақтығыс болып, оқиғаға облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі араласқан-ды. Арнайы осы өңірге ат басын бұрған Амандық Ғаббасұлының: «Аудан атауын өзгерту мәселесін жоғарыға жеткіземін», – деген уәдесін де ешкім ұмыта қойған жоқ. Алайда облыс әкімі ұсынысты жоғарыға емес, төменге қарай сілтеп жібергенге ұқсайды.

Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге байланысты облыс әкімі А.Баталов Ұйғыр ауданының әкіміне ресми хат жолдапты. 

Желі қолданушысы Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың Ұйғыр ауданы әкімі Шухрат Нурахуновтан ауданның атауын ауыстыру туралы «ақыл» сұрағаны берген уәдесінен жалтару амалына ұқсайтындай.

Осы жағдайға байланысты Nege.kz порталы Алматы облысы әкімдігіне ресми хат жолдаған. Баталовтың баспасөз қызметі де жауап беруден қашуды жақсы меңгеріп алыпты. 

Біздің: «Уәде бойынша, Шонжы атауын Әлмерек, Ұйғыр ауданын Қарадала деп өзгерту ұсынысы қандай деңгейде қаралып, қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?  Бұл мәселе Жоғары жаққа жеткізілді ме?», – деген сауалымызға әкімдік жауап бермеді. Әкімнің өзіне тікелей бағытталған сұрақтарымызға Облыстық Тілдер дамыту жөніндегі басқармасынан жауап келді.

Тілдер дамыту жөніндегі басқармасының Ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы былай дейді:

«Еліміздегі әкімшілік-аумақтық бірліктерге (аудан, қала) атау беру және қайта атау мәселелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде тиісті ономастика комиссияның отырысында қаралады».

Осы ретте Ұйғыр ауданы әкімдігі тарапынан аудан атауын өзгерту мәселесі бойынша тиісті құжаттар келіп түскен жағдайда, белгіленген тәртіпке сәйкес комиссияның қарауына жолданатыны да айтылған.

Демек, аудан атауын өзгерту үшін Ұйғыр ауданының әкімдігі тиісті құжаттарды өткізуі шарт. Тілшіміз осы мәселе бойынша Ұйғыр ауданының әкімдігіне де хабарласқан. Алайда, ол жердегілер мардымды жауап қайтармады. Бұл мәселе жиналыста қаралғанын, оған тек облыстың ғана құзыреті жететінін мәлімдеді. Ал баспасөз қызметкері бұл сауал бойынша кейінірек жауап беретінін жеткізді. 

Ресми хаттан түсінгеніміз бойынша, Ұйғыр ауданының атауы жуырда ауыспайтын сияқты.

«Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Е. Қошановтың 2019 жылғы 21 қыркүйектегі №19-377-4 тапсырмасына сәйкес Республика өңірлері халқының ұлттық санағын уақытылы және сапалы өткізу мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату мен қайта құру және елді мекендердің құрамдас бөліктеріне (көшелерге) атау беру, атауын өзгерту жұмыстарына уақытша шектеу қойылған», – делінген ресми жауапта.

Сол себепті ауылдарға, көшелерге атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар белгіленген мерзім өткеннен кейін қаралады екен.

Ауданның атын өзгерту мәселесі тек Алматы облысы әкімінің құзыретінде емес. Ол президентің құлағына жетуі керек емес пе? Өткен аптада ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапарымен барғанын білеміз. Бәлкім, сол кезде облыс әкімі президенттің құлағына сыбырлап болса да жеткізген шығар?

А.Баталовтың осы күзде қызметтен кететіні бұрын да сөз болған. Бірақ сайлау өтпей, кетпейтіні тағы белгілі. Ал сайлау келесі жылдың басына белгіленуі мүмкін. Ендеше, Амандық Баталов «немерелерін бағуға» кетер алдында Ұйғыр ауданының атауын аусытыру мәселесін шешіп, тарихта қалуға әлі де мүмкіндігі бар.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации