Путин «саяси пәктікке» ие болды

12 наурыз, 11:48

Фото: kommersant.ru

Путин тағында өле-өлгенше отыруға бейіл тәрізді. Ресейде жаңа конституция қабылданып, президенттің билік тізгінін ұстаған бұрынғы мерзімдерінің күші жойылды. Енді Кремль қожайыны кем дегенде тағы да 12 жыл билік жүргізуге мұрсат алып отыр.

Австрияның Der Standard басылымы бұл өзгеріс жайында мысқылмен дәл суреттеме берген:

«Жаңа конституцияда үйлесе бермейтін жайттар бар. Ресей өзін «атеистік Кеңес Одағының мұрагеріміз» деп есептейді. Екінші қырынан, конституция аспаздары «бабаларды жадыдан өшірмеу үшін» мәзірге Құдайға сенімді кіргізді. Енді Құдайды мойындау өзін-өзі қалай ақтайды? Бұл жағы енді анықталып отыр. Інжіл 2 мың жылдан бері ғажайыптың арқасында күнәдан пәк бала біту туралы діндар адамдарды таңғалдырып келеді. Ресей Президенті Владимир Путин де ғажайыптың күшімен «күнәден пәк президент» ретінде кем дегенде 12 жылға билігін ұзартты. Путин тағы да саяси пәктікке ие болды».

Ресей Президентінің өкілеттілігін ұзарту мәселесіне қатысты сарапшылар, ел азаматтары не дейді?

Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» қорының төрағасы: Тұйыққа тірейтін жол

Ш.Мұқан.

– Бұл – тұйыққа тірейтін жол. Себебі, өркениетті адамзат мұндай саяси үдерістерді басынан өткізіп, басын тау-тасқа ұрып, мұның тұйық жол екенін мойындап, қазіргі демократиялық жолға түсті. Дамушы елдердің дені осы жолдан өтеді. Бірнеше ұрпақ ауыстырып барып, ақылы ақыры соған жетеді. Өркениетті елдерді тұлға емес, жүйе басқарады. Тұлға қанша жерден данышпан болса да, адамға тән қателесуден ада емес. Тарихта мұндай қателіктерге ұрынған саясаткер аз емес. Шын көшбасшы қоғамды түзеп, жүйе жасап, саясат сахнасынан шығып кетеді. Бастықтар бір жерде отырып алады. Өзгерісті қаламайды. Статус-квоны сақтауға тырысады. Оның бір ғана жолы бар – өзінің құзыретін арттыру. Онсыз ештеңе шешілмейтін жағдайға жетеді. Көшбасшы мен бастықтың айырмасы осы.

Юрий Захаров, Қазақстанның орыс, казак және славян ұйымдарының үйлестіру кеңесінің мүшесі:  Президент те тәжірибе жинақтауы керек

Ю.Захаров.

– Мен бір адамның мәңгі басқаруын жақтаушы емеспін. Бірақ жағдай солай. Оны алмастыратын басқа ешкім жоқ. Ресей – кең байтақ ел. Орыс интеллигенциясы, театр, кино майталмандары жайында адамдар «тәжірибесі мол, үлкен жетістікке жеткен ұлы тұлға» деп атайды. Оларды орнынан алып тастау керек деп ешкім айтпайды. Онда неге президентті алып тастауға тиіспіз? Президент те адам ретінде белгілі бір тәжірибе, білім жинақтауы қажет.

Тоғжан Қожалиева, саясаткер: Ресейді мазасыз көктем күтіп тұр

Т.Қожалиева.

– Путин өзінің жеке билігін күшейту саясатын жүргізіп келеді. Мақсаты – Кеңес Одағын қайта құру. Оны біз Еуразиялық одақтан, ҰҚШҰ және Беларусь одағынан, бірыңғай валюта идеясынан байқап отырмыз. Еуразиялық одақ Ресей экономикасына жұмыс істеп тұр. Путиннің өкілеттілігін ұзарту мәселесі Ресей қоғамын қатты есеңгіретіп тастады. Мен Мәскеудегі достарыммен және жергілікті элита өкілдерімен жиі сөйлесіп тұрамын. Жұмсартып айтқанда, бәрі есеңгіреп жүр. Қазір оларда көңіл қалушылықтан гөрі шарасыздық басым. Тығырыққа тірелгенін сезіп отыр. Көктем басталған соң халық митингке шығады. Ресейді мазасыз көктем, мазасыз жаз күтіп тұр.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации