Праймериз: «Нұр Отанға» төбелескіш те керек пе?

14 қыркүйек, 14:29

Фото: newsroom.kz

Праймериз дегелі ел назары «Нұр Отанға» ауды. Оған қатысу үшін 11 249 адам өтініш берсе, оның 10 990-ы (98%) кандидат атанған. Үміткерлердің арасында кім жоқ дейсіз!

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қатысқысы келгеннің бетін қағып жатқан ешкім жоқ. Кеше ғана билікті жамандап жатқандарды бүгін осы тізімнен көру біраз адамды қызықтырып қойды. Праймеризге қатысушылардың қатары қалың, арасынан лайықты азаматтарды да, іс-әрекетімен елді елең еткізген адамдарды да кездестіруге болады. Nege.kz тілшісі тізімді парақтап көріп, дауыс берушілер былай тұрсын, билік партиясының өзі шұқшия зерттеуге тиіс біраз адамды тауып алды.

Шарт деген шартты нәрсе ме?

Үміткерлердің ішінен бұрын істі болған Эльмар Хусаинов есімді кандидатты көзіміз шалды. Праймеризге қатысушы кандидат туралы журналист Козачков та телеграм каналында жазған болатын.

«Істі болса, болған шығар. Қожа сияқты тұзы жеңіл біреу болуы мүмкін ғой, түзелген болар, ендігі өмірін ел игілігіне арнағысы келген шығар» деуіңіз заңды. Үміткердің өзі де солай ойлауы мүмкін. Бірақ мәселе басқада болып тұр. Праймеризге қатысу талаптары бойынша қатысушылардың бұған дейін сотталмағаны маңызды. Төмендегі шартқа көз салып көріңіз.

Бізге қызық болып отырғаны – бұрын істі болған Эльмар Хусаинов қойылған талаптарға қарамастан «Нұр-Отанның» праймеризіне қалай тіркелгені. Әлде шарт дегені қағазға сүйкей салған жәй ғана шартты нәрсе ме?

Бүгінгі кейіпкер кім?

2014 жылдың 6 қарашасында Эльмар Хусаинов әйелі Сәуле Сәрсеновамен бірге таңғы 10.00 шамасында тұрмыстық заттарды жөндеу орталығына келеді. Орталыққа келген бойда Сәуле Сәрсенова ішке кіріп кетеді де, Эльмар Хусаинов көлікте күтіп отырады. 

Жөндеу орталығының қызметкері тоңазытқыштың суреті мен толтырылған актіні қарап шығып, кепілдік мерзімінің өткенін және тоңазытқыштың жөндеуге келмейтінін жеткізеді. 

Жауапқа көңілі толмаған Сәрсенова шағымдана бастайды. Ал орталықтың қызметкері Нечипоренконың өтінішімен Сәрсеноваға барлығын түсіндіріп айту үшін Н.Первухин келеді. Жәбірленуші Н. Первухин оның тынышталуын өтініп «айнаға бір қарап ал» дейді де, кетіп қалады. Жөндеу орталығынан ашуланып шыққан әйелі көлікте отырған Хусаиновқа болған оқиғаны айтып, шағымданады. 

Сол сол-ақ екен, Эльмар Хусаинов қолына «Streamer 1014» травматикалық қаруын алып, көшеде жөндеу орталығының алдында тұрған Н.Первухинге қарай беттейді. Ештеңені түсіндірместен оған жұдырық ала жүгіреді. Қолындағы тапаншамен Первухиннің басынан төмпештеп, көзін көгертеді. Мұны да аз деп есептесе керек, тапаншадан оқ атып, жәбірленушіні жарақаттайды. Кімге болса да жан керек, Первухин қорғану мақсатында темірден жасалған қоқыс жәшігін алып, Хусаиновты жасқай берген... 

2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 04-05-3171 сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша жәбірленуші Н.П.Первухиннің денсаулығына жеңіл жарақат келіп, миы шайқалған, басынан соққы алып, травматикалық қаруданатылған оқ тигені анықталады. Қылмысы дәлелденген соң сот Эльмар Хусаиновқа 3 жылға бостандығын шектеу үкімін шығарады. 

Міне, бұзақылық жасап, біреудің өміріне қауіп төндіргені үшін бостандығы шектелген Эльмар Хусаинов билік партиясының праймеризіне қатысып жатыр.

Тілшіміз Рrimaries.kz сайтынан Эльмар Хусаиновты іздеп көрді. Ол Атырау облысы бойынша өзін-өзі ұсынған. «Ламберд Строй» ЖШС-ның басшысы, кәсіпкер.

Төбелеске жақын екенін үгіт материалдарынан да байқадық. Ол туралы өзі де сұхбатында ашық айтыпты. «Керек болса, төбелеске де барам» депті кейіпкеріміз қатуланып.

Осы жағдайға байланысты тілшіміз «Нұр Отан» партиясының өкіліне хабарласқан. Партиядағылар кімдердің тіркеліп жатқанын білмейтін болса керек, біздің сұрағымызды естіген бойда ресми сауал жолдауымызды сұрады. Өйткені, оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін уақыт керек екен.

Ресми сауал жолданды, енді «Нұр Отан» партиясынан сұрағымызға нақты жауап күтеміз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации