Нұрымбетов: Міндеттемелер толық орындалады

10 наурыз, 15:41

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы еңбек нарығындағы ахуал туралы баяндап берді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

 Алматы. NEGE.  «Бүгінгі талқыланып жатқан ахуал аясында Үкімет азаматтарды әлеуметттік қамсыздандыру бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындайтын болады. 2020 жылға мемлекеттік бюджетте 4 млн-нан астам әлеуметтік төлемдер алушыларға 3 377 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған», — деді Б. Нұрымбетов.

Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың сатып алу қабілетін сақтау мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтарынан инфляция деңгейін ескере отырып барлық әлеуметтік төлемдер 5%-ға өсті, оның ішінде зейнетақы мөлшері 7%-ға, яғни инфляциядан 2%-ға ілгерілеп арттырылды.

«Сыртқы нарықта қалыптасқан жағдайды ескере отырып, халық үшін мүмкін болатын салдарын жеңілдету мақсатында барлық әлеуметтік төлемдердің мөлшері инфляция деңгейіне сәйкестендірілетін болады», — деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайларда халықты жұмыспен қамту бойынша барлық шаралар қабылданады, оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының әлеуеті қоса алынған. 

Ағымдағы жылы жұмыспен қамту шараларымен 735 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бағдарламада дағдарысқа ден қою бойынша барлық шаралар көзделген, олар: жұмыссыздарды, оның ішінде қысқартылатын жұмыскерлерді қоса, қайта оқыту, жеңілдетілген несиелер мен микро бизнесті дамыту үшін гранттар беру, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру.

Осы шараларды іске асыруға мемлекеттік бюджеттен ағымдағы жылға 123 млрд теңге көзделген

Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің күрт өсуіне жол бермеу шараларын іске асыру мақсатында әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасын әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар, ЕХӘҚМ субсидияланатын уақытша жұмыс орындарымен қамтуды кеңейтуді, жұмыстан босау мүмкін жұмыскерлердің кәсіптік оқытуын ұйымдастыруды және микробизнесті дамытуға арналған гранттар санын арттыруды көздеп отыр.

Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамтылу деңгейін сақтау мақсатында, жұмыскерлерді жұмыстан босатуды жоспарлаған кәсіпорындарға күнделікті мониторинг жүргізу күшейтілетін болады, ондай жұмыскерлерді жұмысқа орналастыру шаралары қабылданады. 

Кәсіпорындармен экономика салалары арасында жұмыскерлердің басқарылатын ағыны бойынша Жол карталарын, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтау бойынша меморандумдар жасасу жұмыстары жалғаса бермек.

Елдегі тәуекел шеңберінде жүрген барлық кәсіпорындар, бірінші кезекте жалақы берешегіне жол бермеу мақсатында алдын алу бақылауымен қамтамасыз етілетін болады.

«Мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдармен, "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, 2020 жылға жоспарланып отырған 431 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылданады», — деп түйіндеді Б. Нұрымбетов.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации