Министр орынбасарының лотерея ойнайтынын білмейді

25 ақпан, 18:31

Фото:

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұловтың лотерея ойнап, бір бөлмелі пәтер ұтып алғанын жазғанбыз. Осыған байланысты министр Дәурен Абаевтың атына жолдаған ресми сауалымызға министрліктің жауапты хатшысы Ж.Қожахметовтен хат келді.

Тақырыпқа орай: Дәурен Абаевтың орынбасарына дейін жолы болғыш

 

Тақырыпқа орай: Абаевтың орынбасары «құмар ойынға» жақын ба?

Министр Д.Абаевтың атына мынадай сауалдар жолдадық: Орынбасарыңыздың ұтыс ойынына қатысып жүргенінен хабарыңыз бар ма? Мемлекеттік қызметкердің ұтыс ойынына қатысуы этикалық тұрғыдан қаншалықты заңды? Егер тиісті органдар мұны заңсыз деп тапса, орынбасарыңызға қандай шара қолданасыз?

Жауапты хатшының жауабы мынадай болды: «Ағымдағы жылдың 16 ақпанында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғ.А.Оспанқұлов Bi Group компаниясының клиенттері арасында ұйымдастырылған пәтер ұтыс ойынына қатысқан. Бұған дейін Ғабидолла Абдоллаұлы осы құрылыс компаниясынан ипотекалық несие арқылы пәтер алған, әрі оның атында басқа жылжымайтын мүлік жоқ. Вице-министрдің өзімен бірге пәтерде 6 отбасы (отбасының 6 мүшесі – ред.) мүшесі тұрады. Аталған іс-шараға қызметтен тыс уақытта өз еркімен қатысқандықтан, жұмыста өзінің жоспарлары туралы мәлімдемеген.

Ғ.Оспанқұлов ұтысына қатысты сұрақтардың барлығына БАҚ-қа берген сұхбатында жауап берді.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің осындай ұтыс ойындарына қатысуға тікелей шектеу жоқ екендігін, олардың қызмет барысында және одан тыс мінез-құлқын уәкілетті мемлекеттік орган қарайтыны жөнінде хабарлаймыз».

Жауапты хатшы мысал еткен Жарлықта мемлекеттік қызметшілер туралы не айтылған? Әрине, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде лотерея туралы ештеңе жоқ. Министрліктің жауапты хатшысы осыны жауабына негіз етіп отыр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жұмыстан тыс уақытта орынбасарларының басқан ізін аңдып жүруге міндетті емес. Вицелерге де «келіншегінің бұрымынан иіскеу үшін» министрден рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Бірақ «Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары» бар. Кез келген мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал.

Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары

Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта:

      1) жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге;

      2) қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға;

      3) өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс.

Вице-министр Ғ.Оспанқұловтың ұтысының қаншалықты заңдылығына және ұтыс иесінің «мінез-құлық стандарттарына» байланысты құзырлы органдарға – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолданған ресми сауалдарға жауап күтеміз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации