Коронавирус Халықаралық валюта қорына тиімді ме?

28 наурыз, 10:28

Фото: bitnovosti.com

Қырғызстан коронавируспен күресу үшін Халықаралық валюта қорынан қаржылай көмек сұраған. Қордың атқарушы кеңесі кеше Қырғызстанға 120,9 млн доллар бөлу туралы шешім шығарды. Бұл ақша төтенше жағдай кесірінен ойсырап қалған бюджеттің жыртығын жамауға жұмсалмақ.

Қырғыз еліндегі сарапшылар қазір елде ауыр науқастарға көмектесетін жасанды тыныс алу аппараттары, қорғаныш киімдері мен арнайы бетперделердің тапшылығын, сонымен бірге әлеуметтік жағынан әлжуаз тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қазынаның қауқарсыз екенін айтуда.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ХВҚ-ның елдегі тұрақты өкілі Тигран Погосянмен кездескенде-ақ қарыз алу мәселесінің шешіліп қойғаны белгілі болған.

С.Жээнбеков пен Т.Погосян

Ал Украина ХВҚ-нан 10 млрд долларға дейін қаржы алуы мүмкін. Оның 5,5 миллиарды үшжылдық бағдарлама аясында, ал 4,5 миллиарды коронавирусқа қарсы күрес шеңберінде беріледі деген сөз бар.

Өз кезегінде ХВҚ коронавируспен күрес мақсатында әлем елдеріне қаржылай қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. 

Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева G-20 тобына кіретін елдердің министрлерімен телефон арқылы сөйлескен соң, 2020 жылы әлем экономикасын рецессия күтіп тұрғанын және бұл дағдарыс 2008-2009 жылғы күйзелістен де ауқымды әрі қатты болатынын мәлімдеді.

ХВҚ басшысы 80-ге жуық елдің өздерінен көмек сұрағанын және шұғыл шаралар үшін қордың 1 триллион долларға дейін жететін барлық несие әлеуетін жұмылдыруға дайын екенін айтып отыр.

ҚОРғай ма, әлде..?

ХҚВ Дүниежүзілік банк секілді әйгілі Бреттон-Вудс қаржы жүйесінің жемісі саналады. Қорды басқаратын Кеңеске мүше елдің екіден өкіл сайлауына құқығы бар. Қордың күнделікті шаруасын 24 директордан тұратын атқарушы кеңес атқарады. АҚШ, Жапония, Сауд Арабиясы, Қытай, Англия, Германия, Франция және Ресей секілді елдердің кеңесте тұрақты директорлары бар. Қалғандары 16 елден құралатын топ өкілдерінен сайланады. Күні бүгінге дейін бұл қорды Батыс Еуропа елдерінің өкілдері басқарып келеді. Еуропа одағы мен АҚШ-тың ұйымдағы кез келген мәселе бойынша вето қоюға құқығы бар.

Бұдан бөлек 17 пайыз дауысқа ие АҚШ ХВҚ-ның кез келген келелі мәселе бойынша шешімін тоқтатуға қауқарлы. Ол аз десеңіз, америкалық Сенаттың қандай да бір елге несие бермеу туралы заң жобасын қабылдауға және сол арқылы ол елді халықаралық көмектен қағуға құқығы бар.

Экономикалық сарапшылар мен бірқатар саясаткерлер Халықаралық валюта қорын әлеуметке қарсы саясат жүргізеді деп айыптайды. Қор әдетте өзінен қарыз сұраған елдерден медицина мен білім беру саласына жұмсалатын шығындарды азайтуды, жалақы мен жәрдемақыны төмендетуді, жаппай жекешелендіру жүргізуді, жергілікті нарыққа, тіпті стратегиялық маңызды салаларға да шетелдік компанияларды жіберуді жиі талап етеді.

Мұның жарқын мысалы ретінде ХВҚ-ның 80-жылдары Югославияға жасаған «жақсылығын» айтуға болады. Балқан түбегіндегі республикада өткен реформалардың нәтижесінде ел тұрғындары жаппай кедейленіп, оның соңы азаматтық соғысқа ұласты, бір мемлекеттің бөлшектенуімен аяқталды.

Мексикада 1994 жылы болған, кейін Латын Америкасы елдеріне жайылған экономикалық дағдарыс кезіндегі ХВҚ әрекеттері жағдайды одан әрі ушықтырды. ХВҚ шаралары 1997 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі тоқырауды тоқтата алмады. Оңтүстік Корея халқы күні бүгінге дейін қор басымызға түскен жағдайды пайдаланып, экономикалық отарлауға ұмтылды деп санайды.  

Өздеріне алақан жайып келген кедей елдерді қарыздың қамытымен матап тастайтын қаржы институтына коронавирус тағы бір таптырмас мүмкіндік беретін секілді. Әлемдік індетті еңсеру үшін қырғыздарға берген қарызға ХВҚ-ның қандай құн сұрары белгісіз.

Көршіге туған күн бізге де тумасын дейміз. Биліктің 90 млрд долларға тең қорымыз бары туралы мәлімдемесі шындыққа сай болсын деп тілейміз. Халықаралық валюта қорынан көмек сұраған 80 елдің ішінде Қазақстан жоқ шығар деген үміт бар. «Пәледен машайық қашыпты» деген, Қордың «жаналғыштары» елге келіссөзге келген күні коронавирустан сұмдық індетке жолықтық деп есептей беріңіз.            

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации