Коронавирус: Әзірбайжан мен Ираннан келетін кемелерге шектеу қойылды

04 наурыз, 15:51

Фото: 24.kz

Қазақстан коронавирус салдарынан Әзірбайжан мен Ираннан келетін кемелер үшін шектеулер енгізеді, деп хабарлады ҚазТАГ ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы. NEGE.  «Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында ағымдағы жылғы 5 наурызынан бастап Әзірбайжан мен Ираннан келетін, адамдар мен автокөлік құралдарын жүргізушілермен тасымалдайтын теңіз кемелеріне Ақтау және Құрық порттарында қызмет көрсетудің уақытша тоқтатылатынын хабарлайды», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.

Хабарда атап өтілгендей, шетелдік жүк кемелерінің экипаждары үшін Ақтау және Құрық порттарында кемелерден шығуға шектеу қойылады.

«Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын қазақстандық кемелер экипаждарының мүшелері порттарда ауысқан кезде оларға бақылауды күшейтетін болады. Қабылданатын шаралар туралы ақпарат Каспий маңы мемлекеттерінің теңіз әкімшіліктеріне жеткізіледі», - деп хабарлады ИИДМ.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 91 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 3,1 мыңнан астам, 45 мыңнан астам адам жазылды.

Бұған дейін хабарланғандай, 5 наурыздан бастап Қазақстан Азия елдерімен әуе рейстерін уақытша шектейді, Әзірбайжанмен әуе рейстерін қысқартады және ҚР-ға Иран азаматтарының келуіне тыйым салады. Сонымен қатар белгілі болғандай, 95 мыңнан астам қазақстандық коронавирус тіркелген елдерде жүр.

2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты. Ал «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастық халықаралық орталығы наурыз айының ортасына дейін жабылды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации