Ың-шыңсыз сайлау

12 тамыз, 18:38

Фото: sputniknews.kz

Сайлаудың соңы дүрбелеңге ұласқан Беларуське ел назары ауып отырғанда, елімізде сенат сайлауы ың-шыңсыз өтті де кетті. Тіпті, бірді-екілі ақпарат агенттіктері там-тұм, қасаң ақпарат берді демесеңіз, елімізде сайлау өткенінен көп жұрт мүлде бейхабар. Саясаттан сырт жүрген халықты былай қойғанда, саяси оқиғаларды қалт жібермей қадағалап отыратын сарапшылар мен журналистердің өзі «әй, солай боп па?» дегеннен әрі аса алмай отыр.

Әрине, бұл сайлауға халық емес, халықтың «қалаулылары» ғана дауыс береді. Және депутаттар Мәжіліске емес, Парламенттің жоғары палатасы – Сенатқа сайланады. Негізі, сайланады дегеннен гөрі, мұны іріктеледі, тағайындалды десек, дұрыс секілді. Сарапшылардың пікірінше, сенат сайлауы қоғам үшін аса маңызды емес. Себебі, депутаттардың жартысын мәслихат сайлайды. Сайлаудың бұл түрі әлемдік тәжірибеде бар. Мұны «қосалқы сайлау» деп атайды екен. Сондықтан осы сайлау халықтың да, БАҚ-тың да, сарапшылардың да назарынан тыс қалып отыр.

Сонымен, іріктелгендер кімдер? Осыған аз-кем тоқтала кетейік. Мәселен, Алматы қаласында мәслихаттың отыз депутаты бірауыздан қолдап, Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов шаппай бәйге алған. Елордадан Ақылбек Күрішбаев көп дауыс жинапты. Ақтөбеден 62 жастағы Бауыржан Қаниевтің тасы өрге домалаған. Тізім осылай жалғаса береді. Бағы жанғандарды тізіп көрсету аса қажет те емес. Өңірлерде болмаса, көпшілікке су жаңа депутаттардың дені мүлде таныс емес.

«Бізде жүйе осылай құрылған. Парламенттің жоғары палатасы тұрақтандырушы қызмет атқарады: билік вертикалы төменгі палатаны бақылаудан шығарып алған жағдайда... 1990 жылдардың ортасында парламенттік реформа осы мақсатта жасалған болатын. Сенат құрылымы тек сол үшін ғана енгізілген. Сондықтан сенатты дербес билік орталығы деп қарастырудың қисыны жоқ. Жалпақ тілмен айтқанда, ол – заң шығару үдерісін бақылап отыратын президент әкімшілігінің парламенттегі филиалы. Сенат іс жүзінде дербес қызмет атқармайды», – дейді саясаттанушы Максим Казначеев.

М.Казначеев

Сарапшы Сенат тарихына да тоқталып өтті. Оның пікірінше, Сенат құрылған кезде Нұрсұлтан Назарбаевқа мәжілістегі саяси партиялардың белсенділігін шектеу қажет болған.

«Қазір де Сенаттың салмағы бар. Сенат депутаттары ретінде, орталық билік деңгейінде аймақтық элиталардың мүддесі көрініс береді. Сенат аймақтық элиталарға бейресми түрде өз мүдделерін орталық билікке жеткізеді. Оның ішінде Президент те бар. Сенат билікті бейресми түрде теңестіруде қазір маңызды рөл ойнап отыр», – дейді Максим Казначеев.

Депутаттарды тікелей халықтың сайламауы көп белсендіге ұнамайтыны түсінікті. Соның бірі – саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Қ.Бейсебаев

«Парламент – биліктің бір тармағы. Сенат – заң қабылдайтын орган. Заң қабылдайтын адамдарды халық сайламайды. Бұл қалай? Сенаторларды мәслихат депуттары сайлайды. Хош дейік. Бірақ сол мәслихатқа белсенді азаматтар кіре ала ма? Ол үшін міндетті түрде саяи партияның мүшесі болуы тиіс. Биліктің ұстанымдарын қолдамайтын азаматтар билік партиясына қалай кіреді? Сондықтан жол жабық. Бұл – билік бар мәселені өздері ғана, шәй ішіп отырып шешеді деген сөз. Халықтың қатысынсыз. Бұл дұрыс нәрсе емес. Халық сайламаған депутаттардың халық алдында жауапкершілігі болмайды», – деп түйіндеді ол.

Айта кетерлік жайт, Сенаттағы 49 депутат алты жылға сайланғанымен, үш жылдан соң жартысы ауысып отырады. Он бес сенаторды президент тағайындайды.

«Бар нәрсені бюрократия шешетін болған соң, бәрі қиындау. «Сенат бізге қажет пе, жоқ па?» деген сауал бар қоғамда. Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, бізде бір палаталы парламент болуы керек. Өйткені, федерациялық ел емеспіз. Бұл тек заңдарды қосымша сүзгіден өткізуге ғана қажет», – дейді сарапшы Бөріхан Нұрмұхамед.

Б.Нұрмұхамед

Баса айтатын жайт, бұл сайлау бейбіт әрі халықаралық нормаларға сай өтіпті. Әйтеуір, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі миссиясы осылай баға беріп отыр.

Миссия басшысы әрі Әзербайжанның Қазақстандағы Елшісі Рашад Мамедов бұл туралы бүй деді:

Р.Мамедов

«Делегация құрамына Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан елдері кіреді. Бүгін біз кандидаттарды, байқаушыларды, БАҚ өкілдерін тіркеу сәтінен бастап мониторинг жүргіздік. Мәслихаттың Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиямен бірлескен отырысына қатыстық. Дауыс беру процесіне бақылау жасадық, ол өте жақсы, ашық өтті. Таңдаушылардың барлығына қолайлы жағдай жасалған. Өкінішке қарай, делегациямыз өте шағын болғандықтан, Нұр-Сұлтан қаласынан басқа өңірлерге бара алмадық. Дегенмен, сайлаудың демократиялық жағдайда, Қазақстан заңнамасына сай өтті деп айтуға болады».

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации