Ертісбаев пен Қосановты не байланыстырады?

04 қыркүйек, 15:24

Фото: ғаламтордан

Қазақстанда Ермұхамет Ертісбаев дейтін мықты бір кеңесшінің болғанын ел ұмытпауы керек. Бұл кісі бақандай 12 жыл бойы тұңғыш президенттің танауының астында жүрді. Сол кездегі жанама аты – «Ақорда бұлбұлы» еді. Бұлбұл десе бұлбұл-тын, сайрағанда алдына жан салмайтын. Алайда билікке «сұңқыл дауыстың» да керек болмай қалатын кезі бола ма, әйтеуір, 2013 жылы Ертісбаевқа ел ішінен қызмет табылмай, шетке ысырылған. Президенттік таққа Тоқаев келген соң, Қазақстанның Беларусьтегі елшісі қызметінен де босап қалды. Тура зейнет жасына үш ай қалғанда! Не ары емес, не бері емес. Содан кейін Ертісбаевты іздеген адам болмаған. Тіпті оның бар-жоғы да ұмытылуға шақ қалып еді.

Міне, осы тұста бұрынғы кеңесші бұлттан шыққан күндей болып жарқ ете қалды. Қай жерден дейсіз ғой, әлеуметтік желіден! Оның «көзді қарықтыра» жарқ ете қалуына әңгімелескен сұхбаттасының да әсері күшті. Ол – Әміржан Қосанов. Білесіз, өткен жылғы президент сайлауынан кейін Әміржанның аты аспанның ар жағына бір-ақ шықты. Сенім артқан серкесі тура көпірге келгенде жалт беріп, талайдың ішкенін ірің қылып еді. Ашуға мінген сайлаушылар үкілеген үміткерін қара есекке теріс мінгізді. Әлеуметтік желіде жүндей түтті. Тіпті айызы қанғанша балағаттап, тілі жеткенше тілдегендер де аз болған жоқ. Дегенмен сол Қосанов та бірте-бірте ұмытыла бастаған. Жұрт оның да бар-жоғына мән бермейтін жағдайға жетіп еді.

Күні кеше екінші тынысы ашылған экс-кеңесші Ертісбаев экс-кандидат Қосановтан онлайн-сұхбат алды да, фейсбуктегі парақшасына жариялап кеп жіберді. «Анонсының» өзі адамды алыстан тартады: Әміржан Қосановпен әңгіме. Оның саясаттағы өткені мен бүгіні және келешегі. Ол Қажегелдинмен қалай жақындасты? Президенттікке үміткер болуға не үшін шешім қабылдады? Мәжіліске бару үшін бақ сынай ма? Мұның бәрі – біздің сұхбатта!» дейді Ертісбаев.

Айтса айтқандай, сұхбат әжептәуір әдемі шыққан. Нақты жауапқа жеткенше, орағытып, он шақырым айналып келетін Қосановты сұхбат алушы дереу тоқтатып тастап, тура жолды нұсқайды. Кей тұста әңгімешінің сөзіне көңілі толмағандай кейіп танытады. Көзін жұмып отырып, басын шайқап-шайқап қояды. Мұнысы тұңғыш президенттің қасында тегін жүрмегеніне дәйек іспетті. Елбасының экс-кеңесшісі дейтін дардай атына жарасып-ақ тұр.

Дегенмен ел есінен шыға жаздаған екеудің әңгімесінде анау айтқандай жаңалық бар деп айта алмас едік. Мысалы Қосанов Қажыгелдиннен бұрын Терещенконың баспасөз хатшысы болған екен. Терещенко кетіп, Қажыгелдині келгенде, соңғысының қасында қалып қойған. Бұл енді жаңалық па? Былтыр, жұрт Қосановты қолпаштап жүрген сәтте жаңалық болуы мүмкін еді. Қазір жаңалық емес. Он жерден жаңартып, жүз жерден құлпыртып айтсаң да, жұрт оны бәрібір жаңалық ретінде қабылдамайды.

«Мен сайлауды мойындамағанда, қалайда мені алаңға жібермес еді. Бәлкім, ұстап, қамар еді. Халық жапа шегер еді. Мен өзім үшін қорыққам жоқ, қараша үшін қорықтым», дейді Қосанов.

Кімнің не үшін қорыққаны енді маңызды емес. Маңызы жоқ дүниенің жаңалыққа тән сипаты бар деп те түсіну қиын. Дегенмен бір сағатқа жуық созылған сұхбатты жаңалықтан жұрдай десек, өтірік болар еді. Ең бастысы, мәжіліс сайлауында бақ сынауға қатысты «журналистің» сұрағына Қосанов «әзірге нақты жауабым жоқ» деді. Демек үміті бар. Егер ертең Қосанов мәжілісмендер қатарынан табылып жатса, таң қалуға болмайды. Онда бұл сұхбаттың көк тиындық құны қала ма?

Шындығын айтсақ, бізге қызығы мынау: Ел жадынан өше бастаған Ертісбаев неге журналистердің «ауласына» түсіп кетті? Бұрын сұңқылдап сұхбат беретін «бұлбұлдың» бүгін өзгені сөйлетуге әуестігін немен түсіндіруге болады? Оның басқа емес, дәл Қосановты таңдауында не мән бар?

Әрине, тірісінде сахнадан кеткісі келмейтін өнердегі өлермендік саясатқа да тән. Өзінен үлкен шал-шабыр әлі билік төңірегінде жүргенде, зейнет жасына жаңа келген мұның жүгі ауған нардай айдалада қалғаны жанына батуы мүмкін. Бірақ ол сұхбат арқылы ел назарын өзіне аударам десе, әдемі мүмкіндік бар еді ғой. Ертісбаевтың Беларусьтен келгені кеше ғана. Бұл мемлекетте дәл қазір не болып жатқаны бүкіл әлемге аян. Ендеше экс-кеңесші сұхбат берушіні осы елден неге таппайды? Тихановскаяны уысына түсіре алмаса да, Цепкало мен Колесникованы неге сөйлетпейді? Баррикаданың арғы бетіндегі тұлғаларды ғана таңдау шарт емес. Тірісінде тақтан айрылмауға бекінген Лукашенконың айналасынан-ақ бір «әңгімешіні» табуға болар еді ғой. Халыққа осы өтімді емес пе еді? Ендеше Ертісбаевтың «тізесі шыққан» тақырыптың кейіпкерін қаужауы нені білдіреді?

Біздіңше, 7-8 жыл сыртта жүрген Ертісбаев қазақ қоғамының қаншалықты өзгергенін байқамаған тәрізді. Ол бүгінгі халықты – баяғы өзі «бұлбұл» кезіндегі жұртпен шатастырған сыңайы бар. Сондықтан да экс-кеңесші «қазаққа Қосановтан қызық тақырып жоқ» деп ойлайтын болса керек.  Ал жұрттан жырылып қалған Қосановқа бәрібір ғой. «Іздегенге сұраған» деген осы.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации