Дулат Ағаділ кім еді?

25 ақпан, 14:12

Фото: qamshy.kz

Қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Астана абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болды. Билік зорлық-зомбылықты терістеп, өлім себебін жүрек-қантамыр жетіспеушілігі деп атап отыр. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталған.

Дулат Ағаділ – Қостанай облысы Жангелді ауданының тумасы. 1977 жылы туған. Алты баланың әкесі. Отбасымен Астана қаласының маңындағы Талапкер ауылына көшіп келген. Ағаділ астанада бір үйдің бес бала өртеніп кеткен оқиғадан кейін көп балалы аналардың бас көтеруі кезінде, оларды қолдап, белсенділік танытқан. Саяси тұтқындарды босату, азаптауды тоқтату, бейбіт шеруге еркіндік беру құқығын сақтау, әділ сайлауды қамтамасыз етуді талап еткен наразылық шерулеріне ұдайы қатысып жүрген. Белсенділігі үшін билік тарапынан бірнеше мәрте жауапқа тартылған. Тіпті, тергеу изоляторынан қашып шығып, үйіне барып шәй-пайын ішіп, қайтып келген кезі де болған.

Оның үстінен «сотқа құрмет көрсетпеді», «сотқа тіл тигізді» деген айыппен қылмыстық іс қозғалыпты. «Қаңтар айында оны сырттай айыпты деп танып, тұрғылықты жерінен кетпеуге қолхат жазу түрінде шара қолданылған. Тергеу жүргізуден жалтарып, келмегені үшін сот қамауға алуға үкім шығарған», – делінген полиция хабарламасында.

24-ақпанда 21.00-де Дулат Ағаділ өз үйінде болған. Сосын полиция қызметкерлері тұтқынға алып, тергеу изоляторына алып келіпті. Полицияның сөзіне сенсек, «тергеу изоляторының камерасында одан басқа тағы төрт адам болған, олар Дулат Ағаділге қарсы зорлық-зомбылық көрсету фактілері болған жоқ деп куәлік берген».

«Ол жігітті танимын, кейде келіспеушіліктеріміз болғаны рас. Бірақ ақ көңіл, таза жігіт еді. Иманы жолдас болсын. Туыстарына қайғырып көңіл айтам. Өлімі қалай болғаны анықтап алу үшін ашық тергеу жасату керек», – дейді Мұхтар Тайжан.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации