Бейбіт жиын туралы заң жобасы: Үміт пен күдік арпалысы

16 мамыр, 13:34

Фото: ТАСС

Таяуда Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған бейбіт жиналыс туралы заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, төменгі палатаға кері қайтарды. Кейбір бұқаралық құралдары мен сарапшылар Сенаттың бұл қадамын жақсылыққа жорыса, енді біреулер демократиялық кейіп танытқан әдеттегі биліктің ойынын көреді.

Сұрау салып көргенімізде, карантинде отырған сарапшылардың дені түзетулердің мәтінімен толық танысып үлгермеген. Мағлұматы Сенат, Мәжіліс депутаттарының мәлімдемелерімен шектеліп отыр. Бұл жағдайдың өзі үміт пен күдіктің арпалысын тудырып отырған жайы бар.

Рас, конституцияның 32-бабында қазақстандықтардың бейбiт әрi қарусыз жиналу, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұру құқығы нақты көрсетілген. Бұл заң жобасы халықтың құқығын жүзеге асыруды лайықты деңгейде қамтамасыз ете ала ма? Бүгінгі күннің басты сауалы – осы.

Бізге жеткен там-тұм ақпараттарға қарағанда, жағдай мынадай: Заң жобасына сәйкес, бейбiт жиналысты ұйымдастырушы митингке қатысушылардан өз бетiн бүркемеудi, оның iшiнде бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдаланбауды талап етуге мiндеттелген. Сонымен бірге, бейбiт жиналысты өткiзу кезiнде ұйымдастырушыға бет-әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Ал Сенат депутаттары бейбiт жиналысқа қатысушыларға өз денсаулығын сақтау үшін жеке қорғаныс құралдарын пайдалануға мүмкiндiк беруді ұсынып отыр.

С.Еңсегенов

«Депутаттар ұйымдастырушыға мiндеттелiп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі кей жағдайда бейбiт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұндай жағдай болған кезде заң жобасының аталған нормалары азаматтардың құқығын шектейді», – деді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.

Ауыз толтырып айтарлық жайт, астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда митинг, жиын өткізуге арнайы орындар бөлінбек.

«Заң жобасын талқылау барысында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар туындады, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түстi. Мәселені қарап, комитет астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген шешімге тоқтады», – деді Еңсегенов.

Айтылып жатқан мәлімдемелер тәтті. Десе де, билік «демократияға қарай қарыштап жасалған қадам» деп бөркін аспанға атқанымен, халықаралық ұйымдар да, азаматтық қоғам да бұл заң жобасының демократиялық стандарттарға сай келмейтінін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр.

Ермұрат Бапи: Ойын жасап отыр

– Сенат бұл заң жобасын жақсартайық деген мақсатпен қайтарып отырған жоқ. Парламентке келіп түскеннен бері, мәжілісте қаралып жатқан кезде, қоғамда қатты алаңдаушылық туды. Қарсылық білдірген қоғам қайраткерлері, белсенділер болды. Халықаралық ұйымдардан бұл жобаға алаңдаушылық білдірген хаттар келіп түсті. Билік кері қайтарып, ойын жасап отыр. Жаңа президенттен қоғам үміт күтеді. Қоғам өзгерді. Бұл заң жобасы қабылданып, президент қол қоятын болса, халық осы заңда көрсетілген талаптарға бағынып отырмайды. Бәрібір толқулар, митингілер болады. Қоғамды мұндай заңдармен ұстап отыру мүмкін емес. Олай болмайды деп билік үміттенбей-ақ қойсын.

Максим Казначеев: Популистік қадам жасауға шешім қабылданған секілді

– Сенат басшылығы ауысқаннан кейін бірнеше популистік қадам жасауға шешім қабылданған секілді. Ақорданың саяси жүйені либерализация жасауға деген дайындығын көрсеткісі келеді. Бірақ бұл ұзақ мерзімді үрдіс емес. Ағымдағы, имидждік жағдай. Сондықтан осындай қадамға барып отыр.

Марат Шибұтов: Бұрынғыдай жауап тастамайды

– Сенат көп түзету енгізді. Айта кетерлік жайт, заң жобасын жақсартуға бағытталған оң өзгерістер енгізілді.  Мәселен, митингіге маскімен келуге рұқсат берілді. Егер ереже бұзушылық болса, оны түзетіп, митингті әрі қарай жалғастыра беруге болады. Бұрынғыдай жауап тастамайды. Осындай жақсы жақтары бар. Сондықтан Мәжіліс бұл түзетулерді қабылдайды. Сосын әрі қарай жылжиды.

Тоғжан Қожалиева: Бұл – тарихымыздағы ең алғашқы оқиға

– Сенаттың қоғамға құлақ түріп, заң жобасын Мәжіліске қайтарғаны – тарихымыздағы ең алғашқы оқиға. Бұл заң жобасына қоғам жіті назар аударып отыр. Бұл жақсы бастама деп бағалаймын. Енгізілген жаңа өзгерістерге қарасақ, республикалық деңгейі бар орталық қалалар кемінде үш орын болуы тиіс деп көрсетілді. Алматы мен Астанада жиырма төрт және он екі орын белгіледі. Сенаттың қандай өзгерістер енгізгенін әлі қоғамға таныстырған жоқ. Енді жария болады. Біз сенаторлардың сөзіне қарап баға беріп отырмыз. Басқа мағлұматымыз жоқ. Митинг өткізетін орындарды көбейтті. Журналистердің жұмысын жақсартты. Митинг өткізушілер журналистерге арналған, олардың қауіпсіздігі үшін ерекше орын дайындауы керек деген ұсыныс бар. Ереже бұзуға байланысты митингіні тоқтату деген бапты алып тастады. Бұрын ереже бұзылса, митингті тоқтатқызатын еді. Енді ереже бұзған адамдар ғана шығарылады, бірақ митингіні доғармайды. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации