Бейбіт жиын туралы заң жобасы: Ниет  түзу, бірақ қорқыныш басым

26 наурыз, 14:53

Фото: sputniknews.kz

«Бейбіт жиын туралы» заң жобасы, жалпы алғанда, биліктің ниеті түзу екенін, бірақ демократияшылдыққа әлі де секеммен қарайтынын көрсетіп отыр. Сарапшылардың да пікірі осыған саяды.

Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасында бейбіт жиынды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда-ақ мақұлдап тастады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәжіліс отырысында жаңа заң жобасын таныстыра отырып, оның бірқатар ерекше тұстарына тоқталды.

«Бұл заң жобасы азаматтардың конституциялық құқығын – еркін пікір білдіруді қамтамасыз етуге бағатталған. Қазіргі заңнамамен салыстырғанда бірқатар жаңашылдық бар. Ондағы елеулі өзгеріс – бейбіт жиын өткізудің құлақтандыру тәртібі қарастырылған. Бейбіт жиын өткізу туралы өтінішке жауап болмаса, жиын өткізу мақұлданды деп есептеледі», – деді министр.

Абаев талқылау кезінде екінші оқылымда жеке пикеттерді арнайы орындарда емес, пикет өткізуге себеп болған ұйымдар мен нысандардың жанында өткізу туралы депуттардың ұсынысын қарастыруға келісім берді. Тіпті, бейбіт жиын туралы ақпарат беруде журналистердің құқығын реттейтін, шындығында, шектейтін бірқатар нормаларды алып тастауға болатынын да айтқан.

Десе де, Абаев мәжілісте мақтауын келтірген заң жобасы қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болып отырған жоқ. Кейбір сарапшылар мұны «қолданыстағы заңнан да репрессивті» деп теріс баға берген-ді. Абаев бұл заң жобасының әлі жер-жерде талқыға түсетініне, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ұсыныстары әлі де қарастырылатынына уәде берген еді. Абаев ұсынған заң жобасына, министр сөз бергендей, сарапшылар мен қоғам белсенділерінің ұсыныстары енгізілді ме? Пікірлері ескерілді ме? Ескерілсе, қандай нақты өзгерістер енді? Бұл сауалдарға жауапты тілшіміз сарапшылардан сұрады.

Максим Казначеев: Алға қарай жасалған қадам

– Меніңше, билікшіл сарапшылардың ғана ұсыныстары ескерілді. Сондықтан бейбіт жиын өткізуге маңызды, елеулі өзгерістер енгізілген жоқ. Қалай десек те, жаппай акциялар өткізудің бақылау тетіктері билік органдарының қолында қалады. Десе де, мұны алға қарай жасалған қадам деп бағалауға болады. Билік саяси жағдайды, яғни, саяси кеңістікті бақылауды жұмсартуға деген ниетін көрсетіп отыр. Бірақ жасалған қадамдар әлі жеткіліксіз. Бейбіт жиын өткізуге қатысты азаматтық қоғамның талаптарын толық ескеріп отыр деп айта алмаймыз.

Қолданыстағы заңнамадан да репрессивті деуге келмейді. Бұрынғы бақылау тетіктері алынып, қосымша жаңа тетіктер енгізілді. Тым репрессивті элементтер байқалмайды. Тек ескісі алынып, жаңасы қабылданды. Ракировка ғана жасалды.

Қазбек Бейсебаев: Абаевқа сенбеймін

– Меніңше, билік бәрін шатастырып жатыр. Көшемен жүретін шеруге рұқсат керек. Көліктердің жүруіне кедергі болады. Сондықтан жергілікті биліктің келісімі қажет. Ол түсінікті жағдай. Ал ешкімге кедергі жасамай, халық жиналып, ой-пікірін айтса, оған ешқандай рұқсат керек емес. Біздің билік осы екі нәрсенің ара-жігін ажыратпай, қосып жіберіп отыр.

Билік қазіргі жағдайды пайдаланып, осы заң жобасын ың-шыңсыз қабылдап жібермекші. Белсенді азаматтардың қазір жобаны қарап, қадағалап отыруға мүмкіндігі болмай отыр. Мәселе – билікке деген сенімнің аздығында. Министрге, депутаттарға сенім жоқ. Олар «ләппай» деп қол көтеріп, қабылдай салады. Өз басым, ақпарат министріне сенбеймін. Тіпті, Сталиннің кезінде мұндай болған жоқ. Ол кезде халықтан бірдеңелерді сұрайтын.

Марат Шибұтов: Әлі де күресеміз

– Менің түсінгенімше, аз нәрсе ғана ескерілді. Маңызды дүниелерге қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. Жеке пикеттерге қатысты ескерілген ұсыныстар бар, мерзімдер қысқарды. Жарайды. Журналистерге қатысты біздің ұсынысымызға Абаев «жақсы» деп жауап берді. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі болып, біз өз ұсынысымызды жібереміз. Негізі, олар біздің ұсыныстарымызбен жақсы таныс. Десе де, компромистік нұсқа жасап шықтық.

Әлі екінші оқылым бар. Сосын Сенатта, Президент әкімшілігінде қарастырылады. Демек, осы заң жобасын түзеуге әлі уақытымыз бар. Мәжілісте талқыланған жайттарға қарағанда, олар демократизация жағында секілді. Депуттардың ұсыныстарынан кейін, ол біршама жақсырақ болады. Заң жобасының бізге жақын болуы үшін әлі де күресеміз. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации