Бейбіт жиын туралы заң жобасы: карантинге қарамаған асығыстықтың сыры неде?

09 сәуір, 22:06

Фото: Сәрсенбек Қызайбек

Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасында бейбіт жиынды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын екінші оқылымда тағы мақұлдады. Білетіндердің айтуынша, сенатқа жолданған осы жоба енді өзгеріссіз қабылдануы ықтимал. Азаматтық қоғам ұсынған «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» компромистік нұсқа да далада қалатын тәрізді. Бір қызығы, заң жобасының соңғы нұсқасымен сарапшылардың өзі таныса алмай отыр.

Солардың бірі – жаңа құрылып жатқан «ХАҚ» партиясының жетекшісі Тоғжан Қожалиева. Карантин құрсауында бұған кедергілердің көп екенін айтады.

«Заң жобасының соңғы нұсқасын көрген ешкім жоқ. Танысайық десек, egov.kz істемей тұр. Мынадай нәрсе енгізілді, анадай нәрсе алынып тасталды деп айтылып жатыр. Бірақ онымен танысу мүмкін болмай тұр. Мен Сайыровтан «қаржылық есептілік керек пе, жоқ па?» деп сұраған едім. «Енгіздік» деп айтты. Бірақ мұның бәрі құры сөз ғана. Шындығында, енгізілді ме, жоқ па, ол жағын ешкім білмейді. Сондықтан бұған қатысты пікір айту қиын болып тұр», – дейді Қожалиева.

Т.Қожалиева

Сөзіне қарағанда, ұсыныстарға «қабылданды» деп ақпар берілген. Бірақ қазіргі жағдайда оның анық-қанығын өздері біле алмай отыр. Кіруге ниет білдіріп, ұмтылғанымен, оның бірде-бір жақтасы комиссия құрамына енгізілмеген.

Тоғжан Қожалиеваның айтуынша, заңның соңғы нұсқасымен танысқан бір адам болса, ол – Қазақстандық адам құқығы және заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис болуы керек. Расымен де, аталған бюроның басшысы кеше осы даулы мәселе төңірегінде қатқыл мәлімдеме жасады. Мәжіліс депутаттарын «өтірікті судай сапырды» деп айыптады. Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің қайшылықтарға толы жаңа заң жобасының «ОБСЕ қағидаттарына сәйкес келеді» деп нық сеніммен жария етуі бұған түрткі болған түрі бар.

«Мәжілістің пленарлы отырысында «бұл құжат халықаралық стандарттарға, тіпті, жиын еркіндігі жөніндегі ОБСЕ-нің жетекші қағдаттарына сәйкес келеді» деп мәлімдеді. Мұнысы енді ешқандай қисынға келмейді. Мен оның авторларының бірі екенім ескерілмей ме? Бұл заң бірқатар фундаменталды ережелер бойынша Жетекші қағидаттарға сәйкес келмейді деймін. Қатырады екенсіздер – дейді Евгений Жовтис.

Е.Жовтис

Рас, парламент қабырғасында талқыланған сәтте бірқатар оңды түзетулер енгізілді. Там-тұмдап жеткен ақпараттарға қарағанда, әйтеуір, мемлекеттік органдарға БАҚ өкілдерінің митингі кезінде жасаған фото-бейне түсірілімдерін беруге міндеттеу туралы заң нормасы жобадан алынып тасталған көрінеді. Жиынды ұйымдастырушылар көрсеткен саннан бір адам асатын болса, митингті күшпен тоқтатуға мүмкіндік беретін тұсын Мәжіліс өзгертіпті.

Бейбіт жиын өткізудің құлақтандыру тәртібі, «бейбіт жиын өткізу туралы өтінішке жауап болмаса, жиын өткізу мақұлданды деп есептеледі» деген ережелерді билік ерекше мақтап, алға тартады. Әйтсе де, азаматтық қоғам осы заң жобасының халықаралық нормаларға сәйкес келмейтінін меңзеп, өре түрегеліп қарсылық білдіріп жатыр.

Мұның алдында, сарапшылар бейбіт жиын өткізу тәртібі бұрынғыдан да қатаңданғанын айтқан еді. Шетелдік азаматтар қатысса, оларға айыппұл салып, елден қуылады. Митингтер туралы жазғаны үшін БАҚ-тарды жауып тастауға негіз болады. Партиялардың жұмысы тоқтаған кезде саясаткерлердің митинг өткізуіне тыйым салынады. Евгений Жовтис заң жобасын БҰҰ-ның сараптамасына жіберуді ұсынған. Журналистер болса, БАҚ жұмысына кедергі жасайтынын айтқан. Жеке пикеттерді арнайы орындарда емес, пикет өткізуге себеп болған ұйымдар мен нысандардың жанында өткізу туралы депутаттардың ұсынысын қарастыруға,  журналистердің құқығын реттейтін, шындығында, шектейтін бірқатар нормаларды алып тастауға болатыны да айтылған-ды. Осындай қатаң заңдарды мәжіліс біраз жұмсартқандай болған. Бірақ оның анық-қанығына көз жеткізу әзірге мүмкін болмай тұр.

Бұл заң жобасын билік өзімбілемдікпен өткерген жоқ. Демократиялық реңк беруге ұмтылды. Жер-жерде талқыға түсті. Тіпті, қарсылық білдіргендерге «әлі де болса, ұсыныстарыңызды ескереміз» деп уәде де берді. Ақиқатында, билікшіл сарапшылардың ғана ұсыныстары еленіп, елеулі өзгерістер енгізілмеді. Айналып келгенде, жаппай акция өткізудің бақылау тетіктері билік органдарының қолында қалып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұрынғы бақылау тетіктері алынып, қосымша жаңа тетіктер енгізілген. «Қосылғыштардың орны ауысқанымен қосынды өзгермейді» деген қағида бар.

Бұдан азаматтық қоғамның талаптарын толық ескеруге биліктің әлі дайын емес екені аңғарылады.

«Карантин кезінде мұндай заң қабылдауға уақытша мораторий жариялауы керек еді. Себебі, саяси ұйымдар, саясаткерлер өз ұсыныстарын қоса алмайтын, пікірін айта алмайтын жағдайда, заң қабылдаудың қажеті жоқ. Кейін талқылауға да болатын еді. Себебі, бұл саяси партиялардың, ұйымдардың көңілінен шығатын заң болуы тиіс. Алдында қабылдаған заң шикі болғандықтан, осыны қайта қарастырып жатқан жоқ па? Сондықтан асығудың керегі жоқ еді», – дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации