Ақтөбе облысында бәрі ескіріпті...

12 ақпан, 08:17

Фото: nege.kz

Nege.kz порталының ресми сауалына жауапкершілікті түсінетін облыс әкімдіктері жауап беріп жатыр. Бұған дейін Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы облысы әкімдіктерінен жауап келді. Әрине, жауапкершілікті түсіну деңгейіне қарай, жауап та әртүрлі. Арасында сандарға көп соқтықпай, «сипай қамшылап» құтылғысы келгендер де бар. Олардың жауабына біздің ғана емес, тиімсіз шығындарды қысқарту туралы тапсырмасы дұрыс орындалмаған Мемлекет басшысының да көңілі тола қоймас, сірә...

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары А.Бердалин Шығыс Қазақстан облысындағы әріптестерімен саластырғанда, сандардан қорықпайды екен. Қорқатын да жөні жоқ, ашық ақпарат көздерінде бәрі сайрап тұр. Сонымен, Ақтөбе облысы биыл бюджеттің қанша қаржысын үнемдемек?

«2020 жылы облыстық мемлекеттік органдардың тиімсіз шығыстарын оңтайландыру шеңберінде 133,2 млн теңге қысқартылады» дейді жауапта.

«Әкімдік аппараты көлік жаңалай ма? Жаңаласа, қандай маркалы көлік аласыздар?» деген сұрағымызға жауап былай болды: «Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік органдар автокөліктерінің 55 пайызы ескірген және жөндеуге жатпайтындықтан, қазақстандық мазмұндағы автокөлік сатып алу жоспарланды. Алайда ҚР Үкіметінің бюджет шығыстарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, автокөлік сатып алуға арналған іс-шаралар тоқтатылды».

Облыс әкімінің орынбасары бір жайтты нақтылауды ұмытыпты. Егер автокөліктердің 55 пайызы ескірсе және жөндеуге келмесе, әкімдік аппаратының жартысынан астамы жаяу жүре ме?

Ақтөбе облысында бәрі ескірген сияқты. Осылай деуге мәжбүрміз. Өйткені жиһаз бен оргтехника сатып алуға қатысты жауап мынадай: «Мемлекеттік органдардағы жиһаздардың компьютерлік техникалардың толығымен жарамсыз, есептен шығарылуына байланысты, 2020 жылға арналған бюджетте 11 мекемеге жиһаз сатып алуға – 19,2 млн теңге, 12 мекемеге компьютер сатып алуға 36,3 млн теңге қаражат жоспарланған».

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қызметтік көлігінің, отырған креслосының, компьютерінің жайы қалай екен?» деген сұрақ тұр көкейде.

Облыс әкімдігінің бірінші қабатында халықпен кездесу үшін жабдықталған «Open Space» кабинеті жасақталып, оған кіруге арнайы пандустар орнатуға 9 млн теңге қарастырылыпты. Мұнысы жөн болған. Ең алдымен мүгедек жандардың жағдайын жасау керек.

Биыл Ақтөбеде де той-томалақ көп. Оған бас-аяғы 165,1 млн теңге қаражат бөлінбек. Оның ішінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, әл Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, тағысын-тағылар.

Өзге облыстар әкім аппаратының жалақы қорынан там-тұмдап үнемдесе, Ақтөбе облысы еңбекақы қорын тиын-тебеніне дейін толық игеріпті. Бюджеттің басқа салалары да осылай игерілсе екен дейміз.

Шығыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары А.Мархабат бастығының да, өзінің де жалақысын жасырып қалып еді, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары А.Бердалин бәрін жайып салды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес, 779,3 мың теңге жалақы алады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықовтың жалақысы – 563,1 мың теңге. Қалған төрт орынбасардың айлығы – 449,5-526,6 мың теңге аралығында.      

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации