Ақпараттық қауіпсіздік: «Ауруын жасырған ­ өледі»

16 шілде, 19:57

Фото: ғаламтордан

Дәл қазіргі жағдайда Қазақстан коронавирус індетіне қарсы күресте тоқырауға ұшыраған елдер қатарына енгенін мойындауымыз керек. Иә, оған ешбір ел дайын болмады. Бірақ кейбір мемлекет жағдайды бақылауында ұстай алды. Олардың көпшілігі карантиннен шығып жатыр.

Біздегі жағдайдың ушығуының, бақылаудың уыстан сусып кетуінің бірнеше сүйекті себебі бар. Соның біріне ғана тоқталуды жөн көрдік. Әлемдегі коронавируспен күресте жетістікке жеткен мемлекеттер мен ірі қалалардағы қолға алынған шараларды зерделей келе, көп мәселе өзімізге тікелей байланысты екеніне көз жеткіздік. Соның бірі – профилактикалық шаралар мен күнделікті маңызды ақпарат таратудағы кемшіліктер.

Жаппай ақпарат берудің әлсіздігі

АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Қытай секілді елдердегі жағдайды саралағанда, бұл елдердің денсаулық сақтау жүйесіне жауапты органдардың сайттарына да мониторинг жүргіздік. Бірден көзге түсетіні, ресми орындар, бұл елдердегі беделді медицина институттары коронавирусты емдеу, сақтық шаралары дегенге үлкен мән береді.

Мәселен Германияның денсаулық сақтау жөніндегі федералды министрлігінің сайтын басында қазіргі денсаулық сақтау министрі Йенс Спанның  жеке блогы ма деп қаласың. Министрдің өзі сайтта коронавирусқа байланысты азаматтармен тікелей байланысқа шығады, коронавирустың алдын алу, одан сақтану, емдеу мәселесіне қатысты түрлі қажет мәліметтерді өзі жазып, жариялайды. Министрлік сайтының алғашқы бетінде-ақ Corona Warning деп аталатын мобильді қосымшаны жүктеп алуға болады. Ол арқылы коронавирусқа қатысты кез келген сұрағыңызға анонимді түрде тиісті жауап аласыз. Сайттағы коронавирусқа қатысты мәліметтің жартысынан көбі профилактикаға, яғни сақтану мен аурудың алдын алу мәселесіне арналған. Және бәрі бес жастағы бала түсінетіндей ғып анық әрі ұғынықты жазылған.

АҚШ-тың денсаулық сақтау министрлігінің сайты бірінші бетінде ақ коронавирусқа байланысты сұрақтармен АҚШ-тың аурулардың алдын алу және бақылау Орталығы дейтін федералды агенттігінің сайтына жөнелтеді. Мұнда алғашқы бетінде сақтану жолдары, аурудың белгілері, ауырған жағдайда не істеу керегі, қандай адамдар тәуекел тобына жататыны, тест өтудің шарттары туралы егжей-тегжей ақпараттан бастап, COVID-191 індеті кезіндегі жұмыс орны, балабақша, оқу орындары, қоғамдық орындар мен саябақтардағы, тіпті діни мекемелердегі сақтық шараларының қалай жасалуы керегі жеке-жеке бөлім ретінде тәптіштеп жазылған.

Дәл осыған ұқсас жағдайды Оңтүстік Кореяның, Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіндегі құзырлы министрліктен байқадық.

Көрші Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен байланысты мәліметтерді «Ресейдің ұлттық жобалары» деген атпен бөлек бөлімге жинаған.

Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің бастапқы сайтында ә дегеннен қанша адамның ауырғаны, қанша адамның қайтыс болғаны туралы елдің үрейін алатын статистикалық есептер көзге түседі. Ал коронавируспен байланысты керек дерек бастапқы бетте сайттың мәліметтері ауық-ауық ауысып тұратын бөлігіне орналасқан. Бұған қарап, денсаулық сақтау министрлігі үшін елдің есін алған індетке екінші кезектегі мәселе секілді қарай ма деген ойға қаласың. Сілтеме бойынша өткенімізде халыққа арналған ұсыныстардың тек екі нұсқаулықтан ғана тұратынын көрдік. Оның өзі 9 шілдеде ғана жарияланған.   

Ашық ақпарат – апаттың алдын алудың жолы

Бұл коронавиуспен күресте азаматтарды шынайы жағдай туралы және індеттің тарлуының алдын алу жайлы мәліметтермен шұғыл әрі тұрақты түрде құлақтандыру секілді маңызды алғышарттың бізде ақсап тұрғанын әшкерелейді. Құзырлы орындардан, ақпарат құралдарынан жетімсіз, кейде тіпті қате ақпарат алған адамдардың үрейі ұшпағанда қайтеді? Дәрі-дәрмекті ауруды емдеуге келсін-келмесін жанұшыра сатып алуға көшуінің басты себебі де осы. Өзін-өзі оқшаулау, қарапайым сақтық шараларын ескермеу де ақпараттың жетпеуінен, барының тиімсіз болуынан туындайды.

Карантиннің өзінде қазір адам аяғы көп жерде маска тақпаған, той-томалақтан бас тартпағандар қаншама?  Жаназаға қарақұрым адам болып жиналудан тыйылмағанын байқап отырмыз. Әлеуметтік қашықтық дегенді түсінбейтін әумесерлерді күнде көріп жүрміз. Құзырлы органдардан халыққа қанша адамның ауырып, қаншасы келместің кемесіне мініп кеткені туралы статистика бес тиынға да керек емес. Онсыз да біледі. Халыққа сақтық шаралары мен індеттің таралуын тоқтату туралы түсінікті тілмен жазылған ақпарат қажет. Екіншіден, құзырлы органдардың ұсыныстары мен ойлап тапқан жаңа ережесіне ел сенетіндей болуы керек. Ойын ережесі түсінікті болғанда ғана бәрі тәртіпке бағынады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации