Әкімнің орынбасары жауапқа тартыла ма?

06 наурыз, 09:16

Фото: sputniknews.kz

Былтыр қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналармыз деген әйелдердің митингісі өткені белгілі. Үкіметке қойған талаптары жалғыз – баспана беру.

Алматы, NEGE. Олармен кездескен қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен әңгімені әкімдікте жалғастыруды ұсынып, әрқайсымен жеке сөйлесуге уәде етті. Осылай келіскен тараптар ортақ мәмілеге келетіндей көрінген. Бірақ артынша әлеуметтік желіге тарап кеткен бейнежазба шенеунік пен көпбалалы аналардың әкімдіктегі әңгімесінің келіссөзден көрі керіссөзге айналғанын анық байқатты.

Бейнежазбадағы белгісіз әйелдің: «Ақорданың алдына барып асылып өлемін. Оған сіз жауап бересіз. Білесіз бе? Мен жеңілдім», — деп айқайлағанына әкімнің орынбасары: «Барыңыз. Менде 47 мың адам тұр», – деген жауап қайтарады.

Ақырында әйелдердің алаңға шығып талап еткені, кабинетте айғайлағаны ұнамаған шенеунік «Ақордаға барсаң да болады, бірақ мен сендерге пәтер бермеймін» деп шорт қайырады.

Кейінірек осы мәселеге қатысты сұрақ қойған журналистерге Бақтияр Мәкен осы қылығы үшін көпбалалы аналардан кешірім сұрайтынын мәлімдеген.

Әйелдердің кешірген-кешірмегенін білмейміз, бізді мемлекеттік қызметкердің этикасына жатпайтын қылығы үшін шенеунікке қатысты қандай шара қолданылды деген сауал қызықтырды. Сөйтіп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Нұралықызының атына хат жолдап, Б.Мәкеннің бұл қылығына мемлекеттік қызметкердің этикасы тұрғысынан қандай баға берілгенін, осыған ұқсас жағдайда заң бойынша мемлекеттік қызметкерге қатысты қандай жауапкершілікке тарту, жазалау көзделгенін сұраған едік. Агенттіктің берген жауабын төменде келтіріп отырмыз.

Сылдыр су секілді сұйық жауаптан ұққанымыз, орынбасарының оспадар демесек те, орынсыз көрінген қылығын майшаммен қарау Бақтияр Мәкеннің бастығы – қала әкімі Алтай Көлгіновтің шаруасы екен. Сұрақтарымызға тұшымды жауап бере алмаған мекемеге қатысты шенділерді жөнге салуды басқаларға сілтеп отыратын білдей бір агенттік сонда не бітіреді деген тағы бір сауал туды. 

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзін ұстай алмай қалған орынбасарына абыройдың айқай-дабырмен жиналмайтынын жақсылап түсіндірді және оған қатысты алда жария түрде жауап берер деп ойлаймыз. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации