Ұшты, ұшты, Төраға ұшты!..

02 сәуір, 07:26

Фото: time.kz

Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаевқа қатысты мәселенің шоғы әлі басылған жоқ. Естеріңізде болса, сот төрағасының жеке ұшақпен Еуропаға жасаған «саяхаты» жөнінде алғашқылардың бірі болып Nege.kz порталы жариялаған.

«Время» газеті кеше осы мәселеге қатысты бірқатар мәселені жіліктеп жазды. Онда сот төрағасы Тілектес Бәрпібаев пен бизнесмен Бахардин Әбләзімовтен бөлек тағы бір адамның аты аталады. Ол жұмбақ адам кім?

Бизнес-джетпен кез келген пенде отбасымен бірге Еуропаға саяхаттай алмайтыны белгілі. Әсіресе, дәл қазіргідей коронавирус күйіп тұрған қауіпті шақта. Он екі адам (ақпарат көздеріндегі дерек әртүрлі – ред.) Еуропаны жайлаған індеттеп қорықпай, бизнес-джетпен шалқайып ұшып барғанына қарағанда, VIP-жолаушылар Құдайға бір табан жақын екеніне қатты сенген болса керек.

Басылым тілшісінің журналистік зерттеуінде жоғарыда сөз болған ұшақтың Мэн аралына тіркелгені айтылады. Мэн – Ұлыбританияның іргесіндегі қуықтай ғана мемлекет. Алматы облысының Қаскелең қаласынан аз ғана үлкен елде бар-жоғы жүз мыңға шамалас халық тұрады. Бір қызығы, әлемнің мен деген олигархтарының көпшілігі жеке ұшақтары мен яхталарын осы аралға әкеліп қаңтарып қоятын көрінеді. Өйткені мұнда салық жеңілдетілген. Бір сөзбен айтқанда, офшор үшін таптырмайтын жер. Міне, сот төрағасы «таксилетіп» жүрген әлгі бизнес-джет M-TAKE осы Мэн аралына тіркелген Caropan Company SA деген компанияға тиесілі екен. Осы дау басталған тұста ұшақтың ұшқышы Владимир Смирнов zakon.kz сайтына берген сұхбатында Бахардин Әбләзімовтің өтінішімен Германияға ұшып барып келгенін айтқан. Ендеше, Caropan Company SA компаниясы Әбләзімовтікі болуы әбден мүмкін.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі төраға Т.Бәрпібаевтың құдасы К.К. деген әлдебір кәсіпкер Caropan Company SA компаниясымен келісіп, 28 ақпан мен 12 наурыз аралығында ота жасату үшін Германияға ұшып барып келу үшін бизнес-джетті жалдағанын хабарлаған. Эконом-класпен ұшып баруды денсаулығы көтермеген. Бортта бос орындар болғандықтан, құдасы Бәрпібаевты бәйбішесімен бірге іле кеткен. Өйткені құдасы Германияда денсаулығын тексерткісі келіпті. Нәтижесі белгілі, емделу былай тұрсын, төраға дерт жамап алды... 

Т.Бәрпібаев

Бұл жерде бір мәселе бар. К.К мен Т.Б (Тілектес Бәрпібаев) «таксилетіп» жүрген ұшақты коммерциялық негізде пайдалануға болмайды екен. Яғни онымен жүк тасуға, тапсырыспен пайда табуға тыйым салынған. Мэн аралының заңы сондай. Басылым Мэн аралының авиациялық әкімшілігіне сауал жолдап, ұшақтың Қазақстаннан Еуропаға екі рет ұшып барып келгенінің жөн-жосығын сұрапты. Аралдың шенділері біздің әкім-қаралардан әлдеқайда сергек жұмыс істейтінін дәлелдепті. Сауал жолданған күннің ертесінде жауап та жеткен.

Жауапта Мэн аралында тіркелген ұшақтар коммерциялық рейстер жасау былай тұрсын, тіпті пошта жәшігін де таси алмайтыны айтылады. Авиациялық әкімшілік ауласындағы мамағашта «байлаулы» тұрған ұшақтың қалайша адам тасып жүргенін білмейтін болса керек, редакциядан ұшақ маршрутын өтініп сұратып алыпты.

Бұл істе әлі де індетіп зерттей түсетін нәрселер көп сияқты. «Еуропаға екі рейстің шығыны сот төрағасының қалтасынан шықпады» деген күннің өзінде жіптің ұшы әлі жасырын жатқанын байқау қиын емес. Ол жіптің ұшы әлгі құпия жан К.К-нің қолында болуы мүмкін. Жіптің ұшы кімнің қолында болса да, осы оқиғаның кейіпкерлерінің бәрі «өрмекшінің торына» шырматылып жатқандай көрінеді.

«Қысқасы, бұл оқиғаның бар шындығын Caropan Company SA компаниясымен келіскен К.К. біледі. Редакцияға К.К-нің кім екені, қандай активтері бар екені және ол капиталды қалай тапқаны аян. Отандастарына қашан бәрін түсіндіріп берер екен деп күтіп жүрміз» деп жазды басылым.

К.К. деген әлгі «құпия жанды» Nege.kz редакциясы да шырамытады. Әзірге біз де әліптің артын бағуды жөн санадық. Бәлкім, бұдан да қызық нәрселерге куә болып қалармыз...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации