«Үшінші дүниежүзілік соғыс» жүріп жатыр

10 наурыз, 20:44

Фото: nege.kz

Мұнай өндіру көлемін қысқартудан бас тартқан соң, Сауд Арабиясы терісіне сыймай, кәріне мінді. Ресейді нысанаға алып, жазалауға кірісті. Саудиялықтар әлемнің түкпір-түкпіріне мұнайын арзан бағамен жеткізіп беріп, шикізат өндіруді тәулігіне 9,7 миллион баррельден 12 миллион барельге дейін өсіретінін мәлімдеді. Онсыз да коронавирус сұранысқа соққы боп тиіп отырғанда, бұл – Ресейге ашық соғыс жариялаумен пара-пар іс. Кремль болса, «бізбен санас» деп талап қойып, Батысқа қыр көрсетіп келеді. «АҚШ-тың тақтатас мұнай өндірушілеріне соққы жасаймын» деп жүріп, Сауд Арабиясының осал жау емес екенін бұл жолы да ескермей қалған тәрізді.

Бір ойшылдың: «Үшінші дүниежүзілік соғыстың қандай болатынын білмеймін, ал төртінші дүниежүзілік соғыста садақпен атысады» деген сөзі ел арасына кеңінен тарағаны бар. Ал біздің буын үшінші дүниежүзілік соғыстың қандай екенін жақсы білетін секілді. Өйткені, оның тірі куәгерлеріміз десек, артық болмас. Қазір бір империяны құлату үшін бес қаруы сай қаптаған қалың қолдың қажеті жоқ. Экономикалық қару қанды қырғыннан әлдеқайда тиімді екені айқын болып отыр.

Бастысы – күнкөріс көзінен айырып, жанды жерінен басу қажет. Ақ нәсілділер жауынгерлік рухы мықты, өлімнен әсте қорықпайтын үндістерді қарудың күшімен бағындыра алған жоқ. Тып-типыл қылып құртып жіберу үшін, алдымен олардың талғажау ететін бизондарын қырып салды. Экономикалық шабуылға көшті. Сонда ғана келімсектер дегеніне жетті.

Бүгінде сол бизондардың рөлін мұнай басып отыр. Мұнайды жоюдың реті келмес, бұл үшін тек бағасын түсіру жеткілікті. Қырғи-қабақ соғыста жанталаса қаруланып, елу жылға жуық текетірескен АҚШ КСРО-ның сағын сындыра алмаған-ды. Оған Сауд Арабиясы көмекке келді. 1985 жылдан бастап бұл ел әлемдік нарықты арзан мұнаймен суарғаны бар. Мұнай бағасының құлдырауы ақырында Кеңес Одағының шаңырағын ортасына түсірген.

Ал АҚШ Қытайға қарсы ашық «қырғи-қабақ соғыс» бастады. Қытай да қарап қалар емес. Қауіптің алдын алып, бірқатар экономикалық қадам жасады. Аспан асты елі өнеркәсібін, әсіресе, жоғары технология саласын мемлекет меншігіне өткізіп жатыр. Кейбір сарапшылар бұған «халықаралық сауда қатынастарында «темір перде» орнады» деп бір сөзбен баға береді. 

Мұнай бағасының құлдырауы америкалық мұнай компанияларына шығын әкелетіне қарамастан, АҚШ билігін қуантып отырғандай. Себебі, бұл сыртқы саясатта Ресейді ғана есеңгіретпейді, сондай-ақ бас көтертпейтін санкция астындағы Венесуэла мен Иранға да үлкен соққы боп тимек.

Енді саудиялықтар қыңыр-қырсықтығымен жақпай қалған Путинді орнына қойып, Ресейді барынша тығырыққа тіреуге айналғандай. Баға соғысы ұзаққа созылса, Ресей бұған төтеп бере ала ма, жоқ па? Әлде, қасарысқаннан алысқа ұзамасын сезіп, саудиялықтардың алдында тізе бүгіп, сауға сұрай ма?

Арабтардың бұл қаруы атом бомбасынан да қауқарлы екенін мойындаған жөн. Бұған, әсте, қуана алмаймыз. «Бірің өліп, бірің қал» деп қолды бір сілтеуге де келмейді. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» деген. Өкінішке қарай, еліміздің әл-ауқаты тікелей осы мұнай бағасына тәуелді. Алдымен өзіміз бұл соғыстан үлкен зиянға ұшырайтынымыз кәдік. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» дегеннің кері. Баға соғысының елімізге әсері қандай болмақ? Бұл сұраққа мемлекеттік мекемелерге қарасты, не, билікке тәуелді сарапшылар түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартты. Өйткені, жоғарыдан түскен пәрмен осындай. Мұның өзі екіұдай пікірге жетелейді. Мұнысы «артық үрей туғызбайық» дегені ме, әлде, расымен де, «көңіл жұбатарлық жағдай болмай тұр» ма? 

Сұлтан Әкімбеков: Ресурсымыз жетеді

– Мұны баға соғысы деуге болмас. Бұл – қарым-қатынастың күрделілігі. Әркім өз елінің алар орнын артық көреді. Ресей ұзақ мерзімге нарықтан алар үлесі үшін күресуге басымдық беріп отыр. Сауд Арабиясы үшін де бұл өзекті мәселе. ОПЕК + келісіміне Ресей қол қойса, ресейліктердің пікірінше, «нарықтағы үлес американдық тақтатас компанияларының қолына тиер» еді. Ресей тарабы бұл нарықтан америкалық компаниялардың кеткенін қалайды. 1980-жылдары Сауд Арабиясы мұнай бағасын түсіріп жіберіп, КСРО-ға бұл үлкен қиындық тудырған. Қазіргі жағдай басқаша.

Мұнай нарығының үлесіне қатысты мәселе, бұл.  Әлемдік экономика тоқырауға ұшырап келеді. Бұл үлкен проблема тудырып отыр. Қазақстан үшін бұл жақсы емес. Еліміз де Ресеймен бірге аталған келісімге қол қоюдан бас тартты. Мұнай бағасы импорт құнына әсер етеді. Теңге құлдырап жатыр. Қазақстанның да, Ресейдің де ұзақ уақыт бойы мұнай бағасы арзандап тұрған кезеңде жақсы өмір сүруге жететіндей ресурстары бар. Мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы төмен болып тұра алмайды. Өйткені, өзіндік құн факторы деген бар.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации