Шынымен «Біргеміз» бе?

10 сәуір, 17:27

Фото: ғаламтордан

Коронавирус індетімен күреске және төтенше жағдай кезінде қысылған елге көмек қолын созу мақсатында Елбасының «Birgemiz» деп аталатын қорына қазақстандық миллиардерлер мен алпауыт компаниялар, бизнесмендер және өндіріс орындары қаржы аударып жатқаны белгілі. Қордың birgemiz2020.kz сайтындағы  дерек бойынша 14 млрд 485 млн теңге түскені туралы жазылған.

Кім қанша қаржы аударды?

Мұның алдында күні бүгінге дейін Қорға қаржы аударған бірқатар жеке және заңды тұлға туралы тұңғыш президенттің баспасөз қызметі мынандай дерек берген еді:

Тимур Құлыбаев  – 10 млн доллар;

(birgemiz2020.kz сайтында мәлімет жоқ)

Динара Құлыбаева – 4,5 млрд теңге

(birgemiz2020.kz сайтында мәлімет жоқ)  

Айдын Рахымбаев – 2 млн доллар;

(birgemiz2020.kz сайтындағы мәлімет бойынша 1 млн 600 мың доллардан астам)

Кеңес Рақышев – 1 млн доллар;

(birgemiz2020.kz сайтында 100 млн теңге деп көрсетілген)

Ғалымжан Есенов – 2 млн доллар;

Рашид Сәрсенов – 2 млн доллар;

Александр Клебанов – 2 млн доллар;

Александр Белович – 2 млн доллар;

(birgemiz2020.kz сайтында 322 мың долларға жуық сома көрсетілген)

Болат Өтемұратовтың иелігіндегі «Верный Капитал» компаниялары тобы – 1 млн доллар;

Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры – 150 млн теңге;

(birgemiz2020.kz сайтында мәлімет жоқ)

Дариға Назарбаеваның «Дегдар» қоры – 100 млн теңге

(Қор балалар үйі мен қарттар үйіне өкпені желдететін екі стационарлы аппарат, дәрумендер сатып алғанын хабарлады.)

«Қазақмыс» корпорациясы – 400 млн теңге;

 (birgemiz2020.kz сайтындағы мәлімет бойынша 2 млрд 220 млн теңге)

«КазМинералс» – 2 млрд 230 млн теңге

Aitas KZ компаниясы – 200 млн теңге;

(Компания басшысы сонымен бірге «Кус&Вкус» брендімен сататын өнімінің бағасын көтермеуге, құс етімен үзідксіз қамтамасыз етуге және еріктілер штабын құруға уәде берді)

ERG компаниясы – 4,5 млрд теңге;

(Кейінірек Айдос Үкібай  ERG компаниясының «Birgemiz» қорына 10 млн доллар аударғанын хабарлады)

«YDD Corporation»  ферроқорытпа зауыты - 100 млн теңге;

(birgemiz2020.kz сайтында мәлімет жоқ)

«Саутс Ойл» компаниясы – 100 млн теңге;

БанкЦентрКредит – 10 млн теңге;

(birgemiz2020.kz сайтындағы мәлімет бойынша 100 млн теңге)

Кәсіпкер Қайрат Молдасейітов – 20 млн теңге;

Кәсіпкер Ғабдолла Дүйсенбаев – 5 млн теңге;

Ала-құла көрсеткіш

Бұл – Қорға жиналған көмек қаржының жария етілген бөлігі ғана.  Бұл ақшаны есептегенде, 53 млн 574 мың доллардан асатын сома шықты. Ресми валюта бағамымен теңгеге шаққанымызда 19 млрд 890 млн теңгеден астам қаржы жиналғанын байқадық. Бұл сан қорға күні бүгінге дейін 41 млн доллар немесе 17 млрд 835 млн теңге жиналды дейтін дерекпен қабыспай тұрғаны қызық көрінді. Ал қордың жаңа ресми сайты мүлде басқа санды – 14 млрд 485 млн теңге немесе 33 млн 298 мың доллардан астам соманы көрсетіп тұр.  Бәлкім, қор басшылығы осы күнге дейінгі жұмсаған ақшаны есептен шығарып тастаған болар? 7 сәуір күні берген есебі бойынша, қордың шығысы – 8 млрд 259 млн 750 мың теңге болыпты. Қалай десек те, коронавирусқа қарсы күрес секілді жалпыұлттық маңызды шараға жиналған қаржыға қатысты ала-құлалық кімнің де болса көңіліне кірбің келтірмей қоймасы анық.

Бұл сомаға «Қазатомөнеркәсіп» аударған 50 млн теңгені, Қарағанды облысының кәсіпкерлері мен тұрғындарынан түскен 118 млн теңгені, кәсіпкер Нұрлан Смағұлов мәлім еткен 60 млн теңге секілді көптеген заңды және жеке тұлғаның көмек қаржысын қоспадық. Бұдан бөлек тағы қаншама жеке тұлға мен компаниялардың ақша аударғаны әзірге бізге белгісіз. Оның сыртында бірқатар мемлекеттік орган мен компания қызметкерлері бір күндік жалақыларын Қорға аударатындарын мәлімдеген. Олардың қатарына мыналар кіреді:

Мәжіліс және Сенат депутаттары; 

Тұңғыш президент қорының қызметкерлері;

Жоғарғы сот қызметкерлері;

Президент Әкімшілігінің қызметкерлері;

Облыс әкімдігінің қызметкерлері;

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері;

Төтенше жағдай қызметінің, Ұлттық ұланның қызметкерлері;

«Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ-ның қызметкерлері;

Nur Otan партиясының орталық аппарат қызметкерлері;

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері;

«Астана-Балет» театрының ұжымы;

Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, төтенше жағдаймен күрес қызметкерлерінің біркүндік еңбекақысының өзінен 400 млн теңгеге жуық немесе 900 мың доллар көлемінде ақша түседі екен.  

Ал Парламенттегі 156 депутаттың орташа жалақысын 700 мың теңге деп алсақ, заң шығарушылардың біркүндік еңбекақысының өзінен 5 млн теңгеге жуық ақша түсуі тиіс. 

«Самұрық-Қазына» денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне 6 млн дана медициналық бетперде сатып алатынын хабарлады.

Болат Өтемұратовтың қоры Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына вирусты анықтайтын экспресс-тест сатып алу үшін тағы 200 млн теңге бөлетінін жария етті.

MEGA СОК коронавируспен күреске 250 млн теңге бөлген. Сауда-ойын-сауық кешені 23 стационарлы тепловизор мен 50 ықшам тепловизор, зарарсыздандыратын құрал, санитайзерлер сатып алыпты.

Halyk Bank коронавирус індетімен күресіп жатқан дәрігерлерге 100 млн теңге қаржылай көмек аударғанын мәлімдеді.

Сбербанк Алматының ауруханалары үшін өкпенің тыныс алуына көмектесетін 3 аппарат және 100 пульсоксиметр алу үшін 50 млн теңге бөлетінін хабарлады.

Ал Sulpak компаниясы «Сәби» қорына 25 млн теңге аудару туралы шешім қабылдапты. 

АҚШ үкіметі USAID Агенттігі арқылы корновариуспен күресте Қазақстанға көмек есебінде 365 миллион теңгеге жуық (800 мың доллардан астам) қаржы бөлді. 

Дегенмен бұл қаржының өзі коронавирус індетін ауыздықтауға, оның экономикалық және әлеуметтік зардаптарын жоюға жеткіліксіз көрінеді.  Сол себепті Ұлттық қордан коронавирусқа қарсы күрес мақсатына 1 трлн 825 млрд теңге бөлінетіні туралы жария етілді.

Қазынадан бөлінген, қорға жиналған қаржы да аз емес. Ең бастысы, осы қаржы талан-таражға ұшырамай, тиісті жеріне жетіп, мақсатына жұмсалса игі. Енді аз уақытта дәрігерлер қорғаныш киім, медицналық маскасыз жұмыс істейтіндерін айтып шағымданбайды, мұқтаж жанның бәрі 42 500 теңгесін алады, банктер шын мәнінде несиені өтеу мерзімін айыппұл, өсімақсыз кешіреді деп сенейік.    

Көршіміздің қоры қандай?

Орталық Азияда коронавирус індетіне қарсы ауқымды күрес бастаған тағы бір ел – Өзбекстан. Өзбек президенті Шавкат Мирзиёев дағдарысқа қарсы қор құратынын, оның қаржысы 10 трлн сом (миллиард долларға жуық) болатынын мәлімдеді.

А.Усманов

Қазіргі таңда өзбек басылымдары елдің денсаулық сақтау министрлігінің жанынан құрылған «Қайырымдылық пен денсаулық» деп аталатын қорға 50 млрд сум жиналғанын хабарлауда. Ресейдегі ең бай адамдардың бірі, ұлты өзбек миллиардер Алишер Усманов қорға бірден 20 млн доллар (8 млрд 700 млн теңге) аударып жіберді. Көмек ақшасының сомасы жағынан Қазақстандағы олигарх, миллиардерлердің бәрін қалпақпен ұрып алған Усманов қажет болған жағдайда туған елінен аянып қалмайтынын мәлімдепті. Қазақстанның қазба байлықтарын сатумен байыған Патох Шодиевтің халықаралық қоры да қолдау көрсететінін мәлімдеді. Бірақ оның сомасы туралы мәлімет жоқ.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации