Павлодар облысында сот төрағасы Талғат Тағажай ұсталды

18 наурыз, 06:14

Фото: mail.kz

Кеше кешқұрым Nege.kz редакциясына хабарласқан оқырманымыз Павлодар облыстық мамандандырылған экономикалық сотының төрағасы Талғат Тағажайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстағанын хабарлады.

Бұл туралы «көп білетін» блогерлердің бірі әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында бізге жеткен ақпармен қатарласа жазғанымен, «ұсталды» деген қасаң ақпаратпен ғана қайырылды. Бұл деректі ешкім растамады да, жоққа шығарған да жоқ. Ал Nege.kz тілшісі Т.Тағажайдың қалай ұсталғанын және неге ұсталғанын анықтады.

13 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша Департаменті Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Талғат Болатұлы Тағажайға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сот төрағасының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-тармағы бойынша (Ірі мөлшерде пара алу) іс қозғалған. Дереккөздің айтуынша, Т.Тағажай «Атлант» ЖШС және «ПВ Таир» ЖШС құрылтайшысы Георг Шпейзерден Павлодар қаласы прокурорының талап арызы бойынша «дұрыс шешім» қабылдау үшін 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара алуға оқталған.

2020 жылдың 14 наурызында Бас прокуратураға ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодекстің 550-бабы бойынша (Судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу) ескерту жолданыпты.

Оқиға былай болған: Біраздан бері назарда жүрген Талғат Тағажайдың қызметтік кабинетін тінту кезінде 66 150 АҚШ доллары және 4 млн 110 мың теңге табылған. Сот төрағасының кабинетінен шыққан қыруар қаржы Шпейзерден алынған параның бір бөлігі ме, әлде басқа ма, ол жағы әзірге белгісіз. Алайда «Сот төрағасының қызметтік кабинетінде мұнша қаржы қайдан жатыр?» деген сұраққа жауапты бөлек іздеуге тура келіп тұр.

Іс материалдарына қарағанда, Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Т.Тағажайдың пара алуға оқталғанына дәлел жеткілікті көрінеді. Бірақ сәл ертерек қолға түскендіктен, параны алып үлгермеген. Мұны антикорлықтар «ұсталып қалғандықтан, қылмыстық әрекетін жүзеге асырып үлгермеді» деп түсіндіріпті. Ал егер «үлгертіп» ұстаса, біраз сұраққа жауап өзінен-өзі табылар ма еді, кім білсін...

Ресми ақпарға сенсек, сот төрағасына пара бермекші болған Г.Шпейзер Кереку өңірінде танымал кәсіпкер екен. Ал енді бейресми дереккөздердің жазуынша, Шпейзер – Павлодар облысында «жалғанды жалпағынан басатын» нағыздың өзі. Заңдарды айналып өтіп үйренген кәсіпкер тиын-тебенге құнды жерлерді сатып алып, түрлі қымбат нысандар салған. Ал талапкерлер қанша әрекеттенгенімен, заңның бұзылғанын экономикалық сотта еш дәлелдей алмапты.

Бір қызығы, ақпарат көзі Шпейзердің шетелде тұратынын және Шығыс Қазақстан облысының қазіргі әкімі Даниал Ахметовке жақын адам екенін айтты. Мұның рас-өтірігі бізге беймәлім. Егер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұны дәлелдей алса, олар үшін соңғы уақыттағы жетістіктің көкесі осы болмақ.         

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации