Парламент билігі жоқ оппозициямен бөліске түспек

06 мамыр, 19:02

Фото: Parlam.kz

Парламенттік оппозицияға қатысты заң жобасы талқыға түсіп жатыр. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында қарастырылып, депутаттар мақұлдап та үлгерді. Бұл жоба Ұлттық кеңестің екінші отырысында жарияланған президенттік саяси реформалар топтамасы аясында әзірленген.

Бұл заң жобасының өзгешелігі, сарапшылардың көңілінен шығып отырған сыңайлы. Әйтеуір, Nege.kz тілшісі cоққан қоңырауға тұтқасын көтергендердің бәрі оң баға берді. Бұл нұсқа қабылданса, билік партиясының монополиясы азайып, оппозиция парламенттегі жеті комиссияның үшеуіне ықпал ете алады. Мұның өзі демократияға қарай бір қадам алға жылжу болмақ.

Президенттің кеңесшісі, Ұлттық Кеңес хатшысы Ерлан Қарин де заң жобасына қатысты пікір білдірді.

Е.Қарин

«Аталған заң жобасында парламенттік оппозиция (азшылық) институтын енгізу, сонымен қатар парламенттік азшылық депутаттарынан Парламент Мәжілісінің бір тұрақты комитетінің төрағасы және 2 хатшысы лауазымында кандидатура ұсыну құқығына кепілдік беру көзделген. Бұл орайда, ең маңыздысы, оппозиция ұсынған кандидатураға дауыс беру оппозиция өкілдерінің бірі сайланғанға дейін жалғасатын болады. Басымдыққа ие партия өкілі бұл лауазымға сайлана алмайды, – деп жазды Ерлан Қарин әлеуметтік желілердің бірінде.

Президент кеңесшісінің пікірінше,  жаңа нормаларға сәйкес, парламенттік оппозицияға парламенттік тыңдаулар өткізу, сондай-ақ Мәжілістегі Үкімет сағатының күн тәртібін жасақтау құқығы беріледі. Бұл нормаларды пайдалану үшін белгілі бір партия өзін оппозициямын деп жариялауы тиіс.

«Ұлттық кеңес ұйытқы болған бұл заң жобасы өзге де заң жобалары сияқты талқылаулар мен пікір алмасудың ұзақ жолынан өтті. Атап айтқанда, ол Мәжілістің барлық комитеттерінде талқыланды. Тек бас комитеттің өзінде осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының 7 отырысы болды. Бүгін де жалпы отырыс барысында бұл заң жобасына қатысты өте қызу пікірталас болды. Дегенмен, басқа заң жобаларына қарағанда, оған депутаттардың өздері, оның ішінде «Ақ жол» партиясының фракциясы бастамашылық жасаған еді. Бұл да таң қаларлық жайт емес. Себебі, біздің заңнамамыздағы мүлдем жаңа норма жайында сөз болып отыр. Және де тек заңнамада ғана емес, толықтай алғанда, саяси тәжірибеде және мәдениетте», – деді Ерлан Қарин.

Рас, парламентте «Нұр Отаннан» өзге партиялар да бар. Олар – «Ақ жол» мен «ҚХКП».  Қазір бұл партиялардың комитеттерді бақылай алмайтыны шындық. Сондықтан, саясаттанушы Марат Шибұтовтың ойынша, бұл өзге партияларға үлкен мүмкіндік береді.

М.Шибұтов

«Бұл – Мәжіліс санының 15 пайызын иемденіп отырған партиялар үшін керемет кепілдік. Қоғамдық кеңесте әзірлеп жатқан кезде біз «бұл бюджет жөніндегі комитет болады» деп ойламаған едік. Десе де, әлі қайсысы болатыны анықталмаған. Онда жеті комитет бар. Бір комитеттің өзі – өте жақсы. Екі хатшылық та – салмақты лауазымдар. Сондықтан оппозиция жеті комиссияның үшеуіне ықпал ете алады. Мәселен, Ақ жол мен ҚХКП екеуі өзара келісіп, «кім төрағалықты, кім хатшылықты алады» деп шеше алады. Қазіргі жағдаймен салыстырғанда, бұл әлдеқайда жақсырақ. Мәжілісте оппозицияның билікке қолжетімділігі күшейеді. Парламенттегі көпшілік «Нұр Отан» болса, бұл екі партия оппозиция болады. Өйткені, олар билік партиясымен қандай да бір блокқа кірмейді», – дейді Марат Шибұтов.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедтің пайымдауынша, парламентке енген партияларға халық берген дауыс аз емес. Сондықтан, олардың пікірі ескеріліп, заң шығарушы органдағы комитеттердің бірінің азшылық партиялардың қолына тигені орынды. Және бұл халықаралық тәжірибеде жиі кездесетін жайт.

Б.Нұрмұхамед

«Халықтың өкілеттілігі болғандықтан, парламенттегі азшылық кей елдерде төрағаның орынбасары – вице-спикер болып жатады. Немесе бірнеше комитетті басқарады. Оппозиция көбіне әлеуметтік аспектілерді алады. Әлеуметтік саясат, сыртқы саясат секілді комитеттерді басқаруға мүмкіндік беруі керек. Тіпті, кейбір елдерде үкіметтің өзінен орын беріп жатады. Бірнеше министрліктің тізгінін ұстатады. Сонымен қоса, оппозицияның есеп комитетіне баруға үлкен құқығы бар. Есеп комитеті үкіметтің жұмыстарын тексеретін болғандықтан, оппозиция өкілі оған баруы тиіс. Тіпті, міндетті. «Ақ жол» партиясы дайындаған, шетелдік сарапшылардың сараптамасынан өткен жоба ақыры қабылданар деп ойлаймын. Парламентте оппозиция бұрыннан да бар. Қазір тек заңдастырып, ретке келтіріп жатыр», – дейді Бөріхан Нұрмұхамед.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации