Нұр-Сұлтанның қақ ортасынан алып динозаврдың қаңқасы табылды!

27 ақпан, 19:14

Фото: nege.kz

Nege.kz порталы Нұр-Сұлтанның қақ ортасынан біздің заманымызға дейінгі пәленбайыншы мыңжылдықта өмір сүрген алып «динозаврдың» қаңқасын тапты.

«CTSOSAURUS»

Ұзындығы 22,5 шақырым болатын алып қаңқаның желке тұсынан бастап, құйрығына дейін 18 өркеші, жер астында жатқан қаптаған көп қабырғалары сақталған. Әлгі өркештері жер бетінен бес жарым метр биіктікте тұр. Қалалық әкімшіліктің мұны бұрын қалай байқамағанына таңымыз бар.

Бүгін мамандар әлгі «қаңқаға» CTS – City Transportation System, қазақшалағанда «қалалық көлік жүйесі» деген ат берді. Тарихи дүниені музейге неге апармайды дерсіз? Апара алмайды. Осыншама дәу динозаврдың қаңқасын қай музейге сыйғызады, одан да бір қажетіне жаратсын, егер жарата алса, әрине.

Құдайшылығын айтайық, осыншама алып қаңқаны «Қалалық көлік жүйесі» деп жай ғана атай салу көңілімізге қонбайды. Қаңқаны алғаш тапқан «авторлығымызды» бұлдап, атауына «SAURUS» деген сәнді сөзді қосып бердік. Яғни CTSOSAURUS болсын. Өйткені қаңқаның тұрқына қарасаң, 1985 жылы Қытайдың Сычуань өлкесінен табылған Гигантспинозавр (Gigantspinosaurus) тұқымдасына қатты ұқсайды. Латын тілінде Giganteus – аса үлкен, алып дегенді білдіреді. Spine – тікен, өркеш, ал Saurus – «кесіртке» деген мағына береді. Біздікі – дәл осы алып динозаврға барлық параметр бойынша келіп тұр және бұл қауіп төнгенде құйрығын кесіп тастап кете беретін көп жорғалаушының бірі емес, Нұр-Сұлтанның өн бойына түгел керіле созылып жатқан алып кесіртке! Сондықтан оған осындай сәнді атау жарасады.

Гигантспинозавр

Ал енді бұл қаңқаны қалалық көлік жүйесіне қалай пайдаланамыз? Мұны да ойладық. «Өркештерінің» үстіне жол салып, пойыз жүргізу үшін миллиардтаған долларды қайдан табамыз? Бұған дейін «қазба жұмыстарын» жүргізгендер бөлінген қаржының біразын онсыз да жеп кетіпті. Енді не істемек керек?

Біздің ұсыныс мынадай: жоғарыда алып қаңқаның 18 өркеші бар екенін айттық қой, сол өркештердің арасына аспалы жол тарту керек. Жол болғанда да Көктөбедегі немесе Шымбұлақтағыдай сымға ілінген аспалы үйшіктердің қажеті жоқ, оған да қыруар қаржы керек. Бұл мәселенің жұмбағын шешу үшін елорданың әкімі Алтай Көлгіновке «Тарзан» деген фильмді тағы бір көріп шығуға кеңес береміз. Сол фильмде Тарзанның ағаштан-ағашқа қалай секіретінін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Он сегіз өркеш пен қаптаған көп қабырғаның арасына сым тартып, оған салбыратып арқан байлап қойса, әуежайға немесе теміржол вокзалына асыққандар сол сыммен Маугли сияқты сырғып-ақ лезде жетпей ме?! Жолай Көлгіновті көріп қалғандар әкімнің қабылдауына жазылып әуре болмай-ақ, төбесінен топ етіп түсе қалады...

«Бұлар НЕГЕ қай-қайдағыны айтып, қыжыртып отыр?!» демеңіз, ә дегенде-ақ кәллаға келген ой осы болды. CTSOSAURUS-ты басқа қалай пайдаланудың жолын білсеңіз, Үкімет пен Көлгіновке ақыл қосыңыз. Мына заманда кім жетісіп жүр дейсіз?..

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации