НЕГЕ десеңіз... 42 мың беріп, 42 миллиард алмақ па?

26 шілде, 13:07

Фото: nege.kz

Редакциядан: Бүгіннен бастап әр жексенбі сайын өткен аптаның айшықты оқиғаларына шолу жасаймыз. Шолып қана қоймаймыз, «тілі тікен» тілшілеріміз тағы бір тіліп-тіліп айтады. Көп «Негеңіздің» бірқатарына жауап алғыңыз келсе, шолудан көз жазбаңыз.  

Демалуымыз да, дем алуымыз да қиындады 

Сонымен, неге дейсіз ғой? Себебі неге дегізетін сауалдар күн сайын алдыңыздан анталап шығады. Сіз «Неге?» дейсіз. Ол «Неге?» дейді. Тек осы сауал алдымызға келгенде, біз қоғамды дүрліктірген «қисық айнадағы» көп негені «қырынан» қарап көрмекпіз. Жауап жүз  пайыз айтылмауы мүмкін, бірақ парқы пайызға байланған қоғамда қайсысы жүздік межені маңайлайды дейсіз. Біздікі – тоқсан тоғыздың төңірегі. Сізге қайдам, осы сан біз үшін Қазақстанның бүгінгі бейнесін дәл беретін секілді.

Осы аптада Қазақстанның бірқатар өңіріндегі ұлттық саябақтар мен табиғаты көрікті орындар демалушылар үшін жабылды. Алматы облысындағы Көлсай, Түрген және Есік, Шарын шатқалдарына тамыздың 2-не дейін бара алмаймыз. Бурабай мен Зерендіге де кіру шектелді. Бірақ бұл аптада қазақстандықтар аты дардай осы демалыс орындарынан бұрын, Ақмола облысындағы шағын ғана Көбейтұз дейтін көлді көп талқылады. Бұған дейін елеусіз болған тұзды көлге аяғын шетелдегі теңіз бен мұхиттың тұзды суына ғана малуға әдеттенген отандастар да ағылды. Себебі әлдебір әумесер «Көбейтұздың тұзы коронавирусты жазады» деп әсірелеп жіберген көрінеді. Сол ақ екен дәрі таппай, үкіметке іші күйген ел Көбейтұздың тұзын жалауға асықты. Тұз ..сатқыштар да табыла кетті. Сосын тойдан сарқыт алмай қайтпайтын әдетіне басқан ел  көлдің тұзын дорбалап, арбалап таси бастапты. Ақырында болмаған соң құзырлы орган 22 шілдеде Көбейтұзға ерекше қорғалатын аймақ мәртебесін беруге мәжбүр болды. Қорғауға алғаны сол-ақ еді, джип мінген әлдекім көлігімен бірге көлге қойып кетті. Көлігін де зарарсыздандырып алғысы келген біреу шығар дедік. Бұл оқиға, әрине, жүргізушінің кешірім сұрауымен және айыппұл төлеумен аяқталды. Тек оған салынған айыппұл сомасы (13 890 тг.) анау мінген көлігіне толтырып жанармай құюяға да жетпейтініне мән беруді қажет демедік.

Көбейтұз

Карантиннен жабайы табиғатқа қашқан қазақстандықтардың өзі қоршаған ортаға коронавирус сияқты болып тұр. Бұл жерде қайсысының «жабайы» екенін де айыру қиын: табиғат па, әлде біз бе? Алдында Ақтаудағы итбалықтың күшіктерін таспен атқылап, сойылдап алған соң, Бурабайды қоқысқа толтырып тастадық, одан Алматының шетіндегі Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін гүл, шөптерді жұлдық, ол аз болғандай, Алакөлде жаппай үйрек қыра бастадық. Осындай оспадарлығымызға қарап Рақымжан Отарбаев ағамыз айтқандай «мына көтенімізбен әлі талай жерді сасытарымыз» анық.

Көмекке сонда кім мұқтаж?

Осы аптада Еуропа Одағының коронвируспен күресіп жатқан Қазақстанға көмек бағдарламасын қабылдағаны белгілі болды. 3 млн евро көлеміндегі көмек ақша Орталық Азия елдеріне арналғанымен, басым бөлігі Қазақстанға тиесілі көрінеді. Одан бөлек әлемнің біраз елінен бізге гуманитарлық көмек келіп жатқанын білеміз.  Негізінде қаржылай көмекті мұқтаж ел сұрайды, гуманитарлық көмек дағдарысқа ұшыраған елге көрсетіледі. Біз сондай елдің қатарында болғанымыз ғой?! Олай дейін десең, өзіміз Тәжікстан, Ауғанстанға өзіміз көмек жөнелтіп жатырмыз. Сонда біз қандай елдің санатындамыз?   

42 млрд пен 42 мың теңге

Осы аптада денсаулық сақтау министрлігінің басшысы үкіметтен 42 млрд теңге сұрады. Министр А.Цой бұл ақша ПТР-сынама жасауға қажет деп отыр. Жағдайдың тұрақтанғанын айтқан елдің бас дәрігері қазір тәулігіне орташа 1500-1600 адамның ауыратынын мәлімдеді. «Мұқтаж науқастарға медицина көмегінің қолжетімділігі едәуір өскенін» мәлімдеген министр енді ПТР-сынама алуды көбейту керек дейді. Індет асқынып кеткен соң барып, оны ертерек анықтауды құзырлы министрлік енді қолға алмақшы. Сізді қайдам, өзіме «Қожанасыр әлі тірі екен» дейтін қойылымның атауы есіме түсе кетті.

Министр 42 млрд сұраса, қарапайым қазақстандықтар үкіметтен 42 мың теңге сұрайды. Осы аптада олардың бірқатары 42 500 теңге алып, мәз болысты. «Цифрлы Қазақстан» бұл жолы да қитұрқы қылық көрсеткенімен, өткендегісімен салыстырғанда өтініштерді қабылдау мен өңдеудегі кемшіліктер тезірек шешіле бастаған секілді. Ақшадан қысылып, қыжалат болған халықтың да «цифрлы» сауаты өскен болуы керек.   

Қайдасың, Фургал?

Осы аптада білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов әлеуметтік желіде есімі ең көп аталған шенеунікке айналды. Өзі басқаратын министрлікке қатысты алып-қашпа әңгіме көбейіп кеткен Аймағамбетовті дәл біздің жағдайда «аңғал министр» демеске амалымыз жоқ. Әйтпесе, ақылы бар адам баяғыда ақ креслосымен біте өсіп кеткен «ағашкаларды» ҒЗИ-дан қуа ма? Аңғал болмаса осы күнге дейін гранттың арқасында Гранд отельдерде ғана демалуға үйреніп қалған көкелердің университеттерін мемлекеттің қазанынан қағар ма еді? Ал енді өзі талапқа сай келмейді деп тапқан университтетерді жаптырғаны тіпті «шектен шығу» болды. 20 жылдан бері еш министр істей алмағанды қайдағы бір «боқмұрынның» («ағашкалардың» түсінігі бойынша) қолға алғаны қалай қитығына тимейді?

А.Аймағамбетов

Ал енді ғылым Қоры, оқулықтардың сапасы дейтін киелі тақырыпты қозғаған қылығынан кейін министрді «Дон Кихот» демеске амалың қалмайды.

Аймағамбетовтің төбесін бұлт торлағаны сол-ақ еді, желідегі қазақтардың бір тобы «біздің Фургалымыз осы шығар?» деп шулап қоя берді. Бірақ олардың арыны ұзаққа бармады. Алыстағы Хабаровскіде не болып жатқанынан хабарсыз қазақ көп болды ма, әлде жас министрдің өзі де мұндай тым жауапты, ал ең бастысы тым қауіпті теңеуден шошып кетті ме, кім білсін, әйтеуір, іздеген бізден Фургалды, қазақтар шулап, құр қалды...   

Халық НЕГЕ өзі «соттағысы» келеді?

Осы аптада бір-бірінен географиялық тұрғыда алыс жатса да, оқиғаның себебі түрлі болғанымен салдары ұқсас, түп-төркіні жақын екі оқиға болды. Әңгіме Шорнақ пен Сәтпаевтағы оқиғалар туралы. Онда не болып, немен аяқталғанын қайталап айтудың қажеті жоқ шығар. Көзі қарақтының бәрі көріп, оқып-біліп отыр. Одан да қандай ұқсастық байқағанымызды айтайық.

Шорнақ ауылындағы жанжал

Екі оқиға да  халықтың билік өкілдерін де, тіпті имамды, ауыл ақсақалдарын да, полицияны да тыңдамайтынын, тыңдамақ түгілі кей тентегі таяқтап тастаудан тайынбайтынын әшкерелеп берді. Себебі оларға деген сенім селдіреген, ел сөзіне тоқтайтын беделді тұлға жоқ. Көше тілімен айтқанда ешкім «авторитет» емес. Өйткені осыған дейінгі ұқсас оқиғалар кінәлінің жазадан жалтаруымен, жағдайды жасырып-жабумен, оған наразыларды қорқытып-үркітумен  аяқталып келгені бәрімізге аян. Сол себепті халық өзін өзі қорғауды, кінәлі деп тапқан күдіктілерді өздері соттауды дұрыс деп тапты. Қазір ашынған елге сынықтан өзгенің бәрі сылтау. Ал жұмысы жоқтықтан, қоғамнан орнын тапай қалғаннан көше таптап жүрген ұрда-жықтардың армиясы үп еткен ұшқынды лап еткен отқа айналдырып жіберуге әбден әзір.

Сәтпаев қаласы

Сәтпаевта жергілікті шенділер облыстан арнайы жасақ алдырып, полицейлердің қолына автомат ұстатты. Қаны қарайған халықпен тоқпақтың, күштің тілінде сөйлесу қандай опа береді? Әрине, билік өкілдері елге өркениетті түрде басу айтуға әрекеттеніп көрді. Бірақ шенділердің елге айтқан «сыпайы әңгімесі» өктем естілетіні жасырын емес қой. Ал «қызыл жағалылардың» өзіңе «уважаемый» деп бастаған сөзін «бір жеріңді қыспасаң, көкеңді танытам» деген қоқан-лоқы секілді қабылдайтының рас қой?!

Сондықтан жергілікті билікке елмен тіл табысудың басқа түрін табу керек. Оның кілті көпшілікті сыйлауда, елдің мұң-мұқтажының түп себебін түсінуде жатыр. Сонда ғана айтқан сөзің далаға кетпейді, аспанға оқ атудың да қажеті болмайды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации