Көрпе тігіп, табысқа кенелген Мәншүк

08 наурыз, 13:17

Фото: автор

  «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді». Бұл пікірге дәлел боларлық кейіпкерлер арамызда жүр. Соның бірі – Мәншүк Мырзалы. 

Мәншүк туралы осыдан бірер жыл бұрын бір әріптесімнен естігенім бар. Ол нәрестелерге арнап жамылғы көрпе тігумен айналысады. Бұл кәсіпті 2015 жылы декреттік демалыста қолға алған Мәншүк уақыт өте келе әжептәуір табысқа кенеле бастаған.

«2015 жылы тұңғышымды өмірге әкелдім. Ол кезде Тараз қаласында тұрдық. Балам кішкентай, қолым шамалы бос болған соң, интернеттен тігу өнері туралы бейнежазбаларды көріп, тігуді меңгере бастадым.  Әуелгіде қызбалалардың басына тағатын байлауыш тіктім.  Сосын сәбилердің көрпесін тігуге көштім. Бірінші айда біреуін, келесі айда төртеуін тіктім. Инстаграм арқылы саудам жүре бастады. Осылайша,  Тараз қаласында үш жыл тұрғанда үйден шағын цех аштым десем болады. Бұл – хоббиім еді, кейін ақша әкелетін бизнеске айналды» дейді Мәншүк. 
 Мәншүктің алғашқы табысы – 7 мың теңге екен.  «Еңбекпен табылған нан нәтті» демекші, Мәншүк Мырзалының айтуынша, көп ұзамай айына 200 мың теңге тапқан.  «Бірте-бірте дами бастадым. Инстаграмда танымал әншілер жарнама жасап берді. Сәбидің аты жазылған көрпе тігуге кірісіп кеттім. Кейін елордаға көшіп, екі баламен үйде отырып қалғанымда, Қазақстан Коммунистер партиясына офис-менеджер ретінде жұмысқа тұрдым. Сол жердегі басшыларым белсенділігімді байқап,  «Шапағат « халықтық жобасына жобасына үлестіруші ретінде жұмысқа алды. Жоба аясында  «Шебер ана» акциясының тұсауы кесілді. Мақсаты – көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі аналарға жаңа дүниенің қыр-сырын үйретіп, өз ісін бастауға себепкер болу» дейді ол. 

Алайда, кәсіпкер Мәншүк Мырзалы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Болашақта алдына қойған жоспары көп.  «Мұнымен болдым-толдым дей алмаймын.  «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» демекші, әлі де үйренерім көп. Бұл саланы мамандық ретінде оқып-тоқыған жоқпын. Бәрін анам мен әпкемнен үйрендім. Банктен несие де, субсидия да алмадым. Өз ақшасы өзін жауып отыр. Бұл үй шаруасындағы аналарға өте қолайлы әрі табысты жұмыс. Тігін тігу –ақша ғана емес, адамға ерекше ләззат сыйлайды» деп ағынан жарылды. 

Мәншүк Мырзалы өзінің дүкенін ашқысы келеді. Қазір Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына арнап қамзол тігіп жатқан көрінеді. Одан бөлек көптен бері  «Томирис» би ансамблінің қыздарының көйлегін тігеді. Қазір Мәншүк сияқты ісмер арулар көп. Ең бастысы, олар өз еңбегі арқылы жетістікке жетіп жүр. 

Әлішер Асқарбек

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации