«Мәулен Әшімбаев – элитаішілік тартыстардан тыс, таза тұлға»

04 мамыр, 14:26

Фото: ТАСС

Мәулен Әшімбаев Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, Сенат депутаты болып тағайындалды. Артынша Сенат спикері болып сайланды.

Дәурен Абаев Мәулен Әшімбаев босатқан орынға жайғасты. Яғни Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып Мемлекет басшысының көмекшісі Аида Балаева тағайындалды.

Осылайша, демалыс күні басталған биліктегі ауыс-түйістер заңды жалғасын тауып жатыр. Сенбі күні Дариға Назарбаева Сенат төрағасының орынтағын босатқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл – Мемлекет басшысының өз өкілеттілігін бекіте түсуге бағытталған қадам.

Nege.kz тілшісі ауыс-түйістерге байланысты саясаттанушылардан пікір сұрады.

М.Казначеев

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында элитаішілік позициясын нығайту міндеті тұр. Бюрократиялық жүйе бойынша өзінің ықпал аймағын кеңейтіп жатыр. Жоғары лауазымды қызметтерде сенімді адамдарды қоя бастайды. Бірақ Дариға Назарбаеваны есептен шығаруға болмайды. Бұл уақытша шегініс болуы мүмкін», – дейді саясаттанушы Максим Казначеев.

Бұл тағайындауды құптаған сарапшылар да аз емес. Қазбек Бейсебаевтың пікірінше,  Мәулен Әшімбаев ірі элиталық топтардың ешқайсысына жатпайды. Элитаішілік тартыстардан тыс тұрған таза тұлға. Артында олигархтар, қаржылық топтар жоқ.

Қ.Бейсебаев

«Мәулен Әшімбаев – белгілі әрі ықпалды тұлға. Саясатта тәжірибесі мол. Меніңше, ол Сенат төрағалығына лайықты адам. Президент дұрыс шешім жасаған. Және оның билікті, өкілеттіктерді ақырындап өз қолына алып жатқаны байқалады. Бізде мемлекеттің тізгіні бір қолда болғаны жөн. Әсіресе, қазіргідей ахуалда. Біздегі саяси өмір қызық болып келеді. Әліптің артын бағу керек», – дейді Қазбек Бейсебаев.

Айта кететін жайт, Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев 1971 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін тәмамдаған. Саяси ғылымдарының кандидаты. Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеді.

1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі. 1995 жылғы маусым - қараша аралығында – Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты. 1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары. 1999-2000 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі.

2000-2002 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2006-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары.

2012 жылғы ақпан – 2016 жылғы қаңтар аралығында – V сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2016 жылғы 25 наурыздан бастап VІ сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарған болатын. "Құрмет" және «Парасат» ордендерімен марапатталған. 2003 жылы Джонс Хопкинс университетінің Халықаралық зерттеулер мектебінде (АҚШ) ғылыми тәжірибеден өтті.

Ағылшын тілін еркін меңгерген. Үйленген, үш баласы бар.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации