Мамуновтың ісі бойынша Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы шатылды

14 наурыз, 16:54

Фото:

Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновтың ісі бойынша Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы шатылды. Nege.kz тілшісі ол судьяның кім екенін анықтады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан Мамуновтың Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысына қамалғанын растады. Әдеттегідей құзырлы орындар басқа егжей-тегжей мәлімет беруден бас тартқанымен, «Время» газетінің тілшісі жоғары лауазымды тұлғаға нақты қандай айып тағылғанын және қылмыстық істегі 1,2 миллион доллардың нақты кімге берілгенін анықтапты.

Nege.kz порталы ақпан айының соңында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, 39 жастағы Руслан Мамуновтың істі болғанын бірінші болып жазған. Әкімнің орынбасары басында мұны жоққа шығарып, тіпті осындай «қауесетті» таратқандарды сотқа сүйрейтінін айтып кіжінген. Кейбір әріптестеріміз шенеуніктің әлеуметтік желідегі доқ көрсеткен бейнежазбасынан соң, жазғандарын жылдам өшіріп, тіпті одан кешірім сұрап та үлгерді. Ақырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Nege.kz тілшісінің жазғанын растады.

Р.Мамунов

Тілшілерге айбат шеккен үндеуінде Мамунов өзіне қатысты қылмыстық істің 2019 жылдың 3 желтоқсанында қозғалғанын және оның сотқа дейінгі тергеу жөніндегі бірыңғай реестрде 190000131000109 нөмірімен тіркелгенін айтуды артық санаса керек. Қылмыстық іс о бастан алаяқтық бойынша қозғалған, ал ондағы қаржы көлемі тиын-тебен емес, 1,2 миллион доллар! «Время» газетінің жазуынша, тергеу орындары бұл ақша өте бір күмәнді мәселені шешу үшін Мамуновқа және тағы бір адамға берілген деп санайды. Ол қандай мәселе деген сұрақ тергеушілерді Қостанайға, дәлірек айтқанда осы өңірдегі төрт жыл бұрынғы оқиғаға жетелеген.

2016 жылдың сәуірінде Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахметжанов пен оның орынбасары Мақсұт Қалиев және үш кәсіпкерге қатысты үкім шығады. Шенеуніктер пара алғаны үшін, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені және қызмет өкілетін бас пайдасына жаратқаны үшін сотталды. Олармен бірге сот орындығына отырған бизнесмендер шенділерге пара берген деген айыппен жаза арқалады. Бәрі бас бостандықтарынан айырылды, ал Ахметжанов 13 жылға сотталып кете барады.

Кейін істі қараған Қостанай облыстық соты кенет үкімді жеңілдетіп, Қалиев пен екі бизнесменнің жаза мерзімін кемітеді, ал қаланың бұрынғы әкімінен тәркіленуге тиіс мүлкі қайта қаралып, өзгереді. Ол тізімде қымбат көлік, мейрамханалар, жылжымайтын мүліктің түр-түрі бар еді. Бәрі, әрине, туыстарының атына жазылған.

Сосын бұл істі қараған Жоғарғы сот та ерекше кеңпейілділік танытып, 2017 жылы Ахметбек Ахметжановтың жаза мерзімін екі есеге қысқартып береді. Өйткені одан аса ірі көлемде пара алды деген айыпты алып тастайды. Ең қызығы, Жоғарғы соттың сот актілерінің базасында бұл үкім әлі күнге жоқ. «Бұл құжатқа кімнің қол қойғаны бізді де, тергеу орындарын да қызықтырғаны түсінікті. Қостанайдың бұрынғы әкімі жаза мерзімін қысқартқан соттың рақымымен былтырғы жылдың көктемінде шартты жазамен бостандыққа шығып кетті» деп жазды «Время» газеті.

Бұған Мамуновтың қандай қатысы бар? Тергеу орындары кейіпкеріміз Қостанай облысында істеген кезінде сол үкімді қайта қарауға қатысты астыртын келіссөздерде делдал болды деп санайды. Араағайындығы үшін аранын ашып, «1,2 миллион доллар сұраған» деген күдікке ілінеді. Бұл сомаға Ахметжановты толық ақтап шығуға уәде берген-міс. Уәде орындалмағандықтан, біраз уақыттан соң Ахметжановтың әйелі Руслан Мамуновқа телефон соғып, 1,2 млн долларды қайтаруды талап еткен. Бұл кезде Мамуновты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "бағып" жүрген...

Мұндай болжам бір қарағанда қисынсыздау көрінеді. Облыс әкімінің орынбасары Жоғарғы соттың шешіміне қалай ықпал ете алуы мүмкін? Сондықтан тергеу орындары Мамуновқа бұл жерде сот жүйесіндегі ықпалды тұлға көмектескен деп ұйғарады.

«Время» газеті келтірген деректі тереңірек індете зерттеген Nege.kz тілшісі өте қызық жайттардың бетін ашты. Сенімді дерек көзінің айтуынша, Мамуновтың ісі бойынша күдікке ілінген адам – Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы. Анығында, бұрын Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Жоғарғы соттың судьясы болған Абай Рахметулин. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері осы жөнінде Руслан Мамуновпен сөйлескенде, шенеунік біраз қызық жағдайдың басын ашыпты. Мамунов өзінің ұсталғанын жазған тілшілерге кіжінгенде, осы Жоғарғы сот судьясына сенген болуы мүмкін.

А.Рахметулин

Тергеуге бар білгенін жайып салғаны үшін, Мамунов алғашқыда абақтыдан аман қалады. Осы кезде ол ойланбай қадам жасаймын деп оңбай қателеседі. Өзінің кінәсіздігі туралы әлеуметтік желіде алаулатып-жалаулатып жазғанымен қоймай, өз өңіріндегі біраз танымал тұлғаға бейнежазбасын тарату туралы қолқа салған көрінеді. Мұнысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қытығына тиегн. Осылайша астаналық қымбат мейрамхананың бірінде жантайып жатып бейнежазбасын жариялаған шендіні, мейрамханадан шыққан бетте тергеу абақтысына желкелеп алып кеткен.

Абай Рахметулинге қайта оралайық. Бұрынғы судьяның басы бұрын да дауға шатылған еді. Елімізге танымал құқық қорғаушылар оның жұмысын сан мәрте сынаған. Адвокат Айман Омарова А.Рахметулин Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып тұрған кезінде оны Жоғарғы соттан аластауды сұрап, президентке ашық хат та жазды. А.Омарова бұл судьяны әділетсіз шешімнің бәріне көз жұмып қарайтын, тек жазалауды ғана білетін тұлға ретінде сипаттаған еді.         

Егер құзырлы орындар күдікке ілінген Абай Рахметулиннің шынымен де кінәсі барын дәлелдеп берсе, онда бұл қылмыстық іс тергеу орындары үшін ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев үшін де үлкен жеңіс әрі жетістік болмақ.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации