«Күнделіктің» жыры қашан бітеді?

09 сәуір, 07:13

Фото: kundelik.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Қашықтан оқуға көшкендердің жалпы саны – 2,4 млн оқушы. Kundelik платформасының ақпаратын алып қарасақ, бір күннің ішінде таңғы 7-ден бастап 2,2 млн оқушы платформаға кіріп, сабақ оқыған. Күнделік платформасында 32 млн сессия тіркелген», – дейді министр.

Біздің түсінігімізде, білім министрлігі балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауы тиіс. Яғни, мектептерде көрнекі құралдармен, заманауи технологиялармен және тәжірибелік-зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, тағысын тағылар. Мұғалімдердің жұмысын барынша оңтайландырып, елдің ертеңі – балаларға терең білім беріп, отаншылдыққа баулып, саналы азаматтар тәрбиелеп шығуына мұрындық болуы шарт.

Алайда, қазір бәрі керісінше секілді. Мұғалімдерді керексіз істерге жұмылдырып, балаға білім мен тәрбие беруге барынша қол байлау болуды алдарына міндет етіп алғандай ма, қалай? Сөзімізге дәлел болуы үшін Күнделік платформасы туралы бір-екі ауыз сөз қозғайық.  

Күнделік жүйесінің енгеніне 2-3 жылдың жүзі болды. Мұның дұрыс жағы да бар. Заманға ілесуіміз керек. Жоғары технологияларды меңгеруіміз қажет. Қазір бар дүние электронды түрде жасалып жатыр. «Қағазбастылықтан арылтып, технологияландырамыз», – деп жар салып, жаңалық енгізуге деген ұмтылыс, ниет тәуір-ақ. Бұл – қазақстандық жоба емес, ресейлік жүйенің көшірмесі екені сан рет айтылды. Тіпті, парламент қабырғасында Күнделік платформасының осал тұстары талқыланып, қолданыстан алып тастау ұсынылған еді. Бірақ бұл платформаның артында тұрған күштердің құдіреттілігі соншалықты, депутаттардың сөзі айдалада қалып қойды.

Мамандардың айтуынша, бұл платформаның кемшін тұстары бастан асып жатыр. Жетілдірілмеген нұсқа екені анық көрінеді. Мұғалімдер керек кезінде, яғни БЖБ, ТЖБ бағалары қойылатын тұста істен шығып қалатынына наразы. «404 қате» деген жазу шығып, «Күтуіңізді сұраймыз, жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр» деп, ұдайы кедергі жасайды. Жоғарыдан келген қатаң тапсырма бойынша, баға дәл сол сәтте қойылуы керек. Соның кесірінен басшылық тарапынан мұғалімдер сөз естіп жатады. Сондықтан «түнгі он екіден кейін жақсы істейді» деп, оны толтыру үшін ұйқыдан қалып, түнімен жұмыс істеулеріне тура келеді.

Ұстаздардың күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қағылуының бір себебі – осы Күнделік платформасы. Білім саласындағы жоғары басшылық білім сапасы, бала тәрбиесін ысырып қойып, Күнделік.кз-тің жұмысының 100 пайыз орындалуын ұдайы қадағалап отырады.

«Үй тапсырмасын беруің – жүз пайыз, тақырып толтыруың – жүз пайыз, сабақты бағалауың – жүз пайыз, барлығы жүз пайыз болуы керек. Кейбір мұғалімдер толық орындамаса да, кейде жүз пайыз көрсететін қателіктері бар. Жүйе дұрыс емес», – дейді мұғалімдер. Бес саусақ бірдей емес, мұғалімдердің арасында ала да бар, құла да бар. Жұмысына берілген адал ұстаздар күндіз-түні жұмыс істесе, жүрдім-бардым қарайтындары балаға білім, тәрбие беруді емес, құлағының тыныштығын ойлап, тек күнделікті толтырып, жақсы кісі болып жүр.

Мұғалімдерде 25-27 сағаты, әр сыныпта 30-40 оқушысы бар делік. Күнделікке кіріп, бар балаға түсініктеме жазып көріңізші. Мәселен, информатика мұғалімін алайық. Ол 27 сыныпқа сабақ береді дейік. Сонда 27-ні отыз балаға көбейтіп көріңіз, 810 бала шығады. Ал сіз бір күнде 810 балаға баға қойып, әрқайсысына түсініктеме жазып, ата-анамен байланыс жасап көріңіз. Бұл мүмкін бе?

Ең сорақысы алда

Күнделікке мұғалімдерден бөлек,  ата-аталар да, балалар да кіруі тиіс. Яғни, ата-аналар балалардың сабағын, оқуын қадағалап, мұғаліммен кері байланыс орнатуы керек.  Негізі, мұғалімдер он сегіз сағат жұмыс істеп, алдында әрі кеткенде он бес бала отыруы керек. Мұндай жағдайда бәріне үлгеруге болады. Балалары іріктелініп алатын үлгілі мектептерде мұны жүзеге асыруға болады.  Ата-анасы бақуатты балалардың бәрінің қолдарында гаджеттері бар. Тапсырмаларды гаджет арқылы алады. Хош дейік. Мұның несі жаман?

Бірақ біздің еліміз халқы бақуатты тұратын, жоғары жалақы алатын, дамыған елдердің санатында емес екені аян. Нандарын әзер тауып жүрген ата-аналар қаншама. Қарапайым ата-аналардың қолдарындағы телефондарының жады аз. Сондықтан бір қосымшаны жүктесе, екіншісін өшіруге тура келеді. Мұндай ата-аналар телефонына Күнделікті жүктей алмайды. Оқушылардың біразында компьютер түгілі, телефоны да жоқ. Бар болған күннің өзінде, тарифтер қазір 2800 теңгенің үстіне шығып отыр. Мұндай ақшаны балалар қайдан табады?

Ата-аналардың өздері телефонына ақша салуға қиналып қалатыны жасырын емес. Осы уақытқа дейін бұл платформа ақылы жұмыс істеп келді. Дұрыс істемей, тоқтап қалып, мұғалімдердің қалтасына да қол салатын. Карантинге байланысты ғана тегін етеміз деп уәде беріп отыр.

Жарайды, білім министрлігі бар, облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі бар, жоғары жақтың тықақтауымен, мұғалім күндіз-түні ұйықтамай, осының бәріне үлгерсін-ақ дейік. Бірақ бірінің интернеті, бірінің телефоны, бірінің компьютері, бірінің көңіл-қошы жоқ оқушылар Күнделікке кіріп қарамаса, не болады? «Оқушыларың неге Күнделікке кірмей жатыр?», – деп, сынып жетекшісі қыспаққа түседі. Ол әр балаға қоңырау шалып, пароль, логин ашып беріп, «кіріңдер» деп жалынады. Кіруге мүмкіншілігі жоқ балалардың орнына өздері кіруге мәжбүр болады. Сосын: «Балаларың кіріпті, жарайды. Неге ата-аналарың кірмеген?» – деп, ұстаздың басына әңгір таяқ қайта ойнатады. Сынып жетекшісі ата-аналарды тіркеп, сайтқа кіруге шақырады. Іс жүзінде отыз ата-ана болса, соның оны ғана кіреді. Қалғанының  күнделікке кіріп жатуға бірінің қолы тимесе, бірінің зауқы болмайды. Ақиқатында ол жерде ата-аналарды қызықтыратын ештеңе де жоқ. Өйткені, мұғалім әр балаға дер кезінде түсініктеме жазып үлгермейді де. Ата-аналардың көбі күн шықпай жұмысқа кетіп, кешке шаршап-шалдығып, үйлеріне әрең жетеді. «Сенің ата-аналарың кірмеген. Он пайыз ғана көрсетіп тұр. Ата-аналарыңның орнына өзің кіресің», – деп, мұғалімге тағы да жүк артылады. Сөйтіп, мұғалімнің күнделікті толтыратын жұмысы аз болғандай, оқушыларының, ата-аналардың орнына өздері кіріп, бір емес, үш жұмыс істеуіне тура келеді.

Әйтеуір, жасандылық. Жасандылық қоғамның басты дерті болып отыр. Билік тармақтары жоғарыдан бастап төменге қарай пәрмен беріліп, барлық жүк сынып жетекшісінің мойына артылады. Кей жерлерде, күнделіктің жырымен барлық мұғалімдер, мектеп директоры, аудандық білім саласы жоғарыдан сөгіс алмау үшін ұйқысыз түндер өткізіп, жұмыс істеп жатқаны да ақиқат.

Технологияның аты – технология. Кем-кетігі болады. Оның үстіне, түрлі вирус, хаккерлік шабуылдар ешқайда жоғалған жоқ. Әлденеше рет Күнделіктегі барлық құжаттар, мәліметтер жойылып кете жаздады. Ал қағаз құжаттар сейфтерде жиырма жыл сақталады. Егер сондай шабуылдар кезінде құжаттар жойылып кетсе, балалар туралы мәліметтер түгел жойылады. Аттестат және басқа құжаттарды қайта жасату мүмкін болмай қалады.  Мұның алдында сақтық шарасы ретінде күнделіктің көшірмесін қағазға басып, көшіріп, сақтап жүрді. Күнделіктің басқа жұмысы аздай, оны қағазға түсіріп қаттауға тура келді. Мұғалімдердің жұмысын екі есе, үш есе көбейтіп жібергеннен кейін, бұдан бас тартты.

Толық жетілдірілмеген желінің түйткілдеріне ешкім назар аударып отырған жоқ. «Егер дұрыс жолға қойылса, қашықтан оқыту кезінде ең тиімді жол осы еді. Бірақ бірнеше күннен бері күнделік істемей тұр», – дейді ұстаздар. Соның кесірінен балаларға тапсырма беру, бағалау қиындап тұр.  

Бірақ бізде ең ақсақ саланың бірі – осы білім саласы. Мұғалімдерден бастап, еден жуушыға дейін парасыз жұмысқа тұра алмайтын жағдайға жеткені ешкімге де құпия болмаса керек. Тіпті, балалар арасындағы рэкет, соның кесірінен суицид жағынан әлемде көш бастап тұрмыз. Ұстазды қайдағы жоқ жұмыстарға жегіп, баланы қараусыз қалдырғанымыздың салдары, бұл. Білім саласы күнделік платформасы секілді жарнама арқылы ақша табатын бизнес көзіне айналса, елдің ертеңі не болмақ? Мұғалімдерді біреудің кәсібіне тегін жұмыс істейтін жұмыс күші болудан босатып, болашақ үшін жұмыс істеуіне министр Асхат Аймағамбетов жағдай жасай ала ма? Солай болатынына сенейік.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации