Құмар Ақсақалов қай елдің облысын басқарады?

04 наурыз, 21:02

Фото: nege.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиімсіз бюджет шығындарын қысқарту жөніндегі тапсырмасынан кейін облыс әкімдерінің атына Nege.kz порталы ресми сауал жолдаған. Он төрт облыстың көпшілігінен жауап келді. Мемлекеттік тілде сауал жолданды – мемлекеттік тілде жауап алдық.

«Құйрық-жалы» жоқ қағаз

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың атына жолдаған хатымызға да жауап келді. Оның өзінде қуалап жүріп, әзер дегенде құмалақ түсіргендей болдық. Жауап деген – аты ғана. «Құйрық-жалы» жоқ, бір жапырақ қағаз. Егер мемлекеттік тілде жолданған сауалға мемлекеттік тілде сауатты жауап берілсе, «е, әкімдікте фирмалық бланк таусылып қалған екен ғой» деп, «құйрық-жалының» жоқтығына назар аудармас та едік.

Біріншіден, жауап мемлекеттік тілде емес, ресми тілде келді. Екіншіден, жауаптың не басы, не аяғы жоқ. Қандай мекемеден келгені, кім жауап бергені белгісіз. Үшіншіден, мына жауапқа қарап, «СҚО әкімдігінде мемлекеттік тілді жетік білетін кадр жоқ, болған күнде де оларға мүмкіндік берілмейді» деп түйдік.

СҚО әкімдігі ғимараты

Біздің ресми сауалымызға «жауап берген» Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіндегі жауапсыз шенеунікті өзіміз іздеп тауып алдық.

Жауап SSiuzeva@sko.kz деген электронды поштадан келген. Бұл поштаның иесі – СҚО әкімдігі қаржы басқармасының жергілікті бюджеттердің шығыстарын талдау бөлімінің жетекшісі Светлана Сюзева. Ал қаржы басқармасының басшысы – Наталья Дышкант...

СҚО-дағы мемлекеттік тілдің жайын осы екі шенеунікпен-ақ түйіндей салуға болар еді, бірақ біз сауалды облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тікелей өз атына мемлекеттік тілде жолдағанбыз. Сондықтан, сауалымызға мемлекеттік тілде жауап алуға құқылымыз деп есептейміз. Егер біз СҚО-мен шекаралас жатқан Ресейдің Қорған немесе Түмен облыстарының губернаторына қазақ тілінде сауал жолдасақ, олар бізге орыс тілінде жауап берсе, тіпті жауап бермесе де ренжімейтін едік. Ал енді СҚО әкімдігінің мемлекеттік тілге деген мына көзқарасы... Сондықтан да «Құмар Ақсақалов қай елдің облысын басқарады?» деген сұрақты қабырғасынан қоюға мәжбүрміз.

«Эконом режим»​ әкімнің көлігі ескірді...

Қош, сонымен әлгі «құйрық-жалы» жоқ жауапта не дейді? «Облыс бюджетін жасақтау әрдайым эконом режимінде» екенін жазған әкімдіктегі «белгісіз жан» Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін 498,8 млн теңгенің шығыны үнемделгенін айтады.

«Облыс әкімдігі биыл көлік сатып алуға қанша қаржы қарастырып отыр және қанша көлік (маркасы) сатып алмақ?» деген сұрағымызға жауап мынадай: «СҚО әкімдігінің бекітілген бюджетінде 2020 жылға көлік сатып алу қарастырылмаған. Алайда қажеттілік бар».

Құмар Ақсақалов

Яғни СҚО әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін көлік сатып алуды тоқтатқан. Бірақ келесі жылдың бюджетіне кіргізуі әбден мүмкін. Сондықтан бұл сұрақ әлі маңызын жойған жоқ.

Биыл СҚО әкімдігінің ғимаратын жөндеуге 2,5 млн теңге, кеңсе техникаларына 10,3 млн теңге жұмсалмақ.

«Туған жер – тұнған сыра»

Осы жылы Республика көлемінде аталып өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын, Сәбит Мұқановтың 125 жылдығын, және Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын СҚО да тойлайды. Бұдан бөлек, облыс көлемінде өтетін іс-шаралар тағы бар. Бұл туралы әкімдіктегі «белгісіз жан» былай дейді: «Туған өңір – тұнған сыра» (!) жобасының аясында Qyzyljar арнайы экономикалық аймағын дамыту үшін «Қызылжар Инвест» форумы өтеді».

СҚО-ның «тұнған сыра» екенін естіп, таңғалдық. Өзге өңірлерде «Туған жер – тұнған сыр» деп айтылатын еді, әлде Ақсақалов жоғарыда аталған мемлекеттік мерекелермен қоса, сыра фестивалін өткізбек пе?

Бұрынғы сыра зауыты, pkzsk.info

«Тұнған сыра» болуы әбден мүмкін, өйткені Петропавловскі қаласында бұрынғы Лагерная, қазіргі Рижская деген көше бар. Бұл көшеде түрме болған. Лагерная аталған себебі сол. Кеңес заманында осы көшеде атақты сыра зауыты жұмыс істепті. Зауыттың жанындағы мейрамханада жеңіл жүрісті қыздар түнгі сауықты қыз-қыз қайнатқан екен... Бәлкім, СҚО әкімі тарихты қайта қалпына келтіргісі келген шығар, кім білсін: Сыра іштің, құмарыңды бастың – түрмеге! Романтика! Ол үшін «Құмар Инвест» деп атап, сыра фестивалін дүркіретіп өткізіп жіберсе, қатып кетейін деп тұр.

pkzsk.info

Мемлекеттік мерекелермен қоса алғанда, осының бәріне СҚО әкімдігі «бар-жоғы» 21,0 млн теңге жұмсамақ. Әгәрәки, әкім біз болжағандай «тарихты қалпына келтірем» десе, онда бұл қаржы жетпейді. Өткен жылы әкімдік жалақы қорынан үнемдеген 7,992 млн теңгені жұмсаса да, аздық етпек. Сондықтан СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өз айлығымен бірге (762,0 мың) бес орынбасарының айлығын да (510,0 мың) қоспаса, «Туған өңір – тұнған сыра» немесе «Құмар Инвест» фестивалі өтпей қалуы мүмкін...    

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации