Коронавируспен қытайша күрес

01 мамыр, 09:52

Фото: ғаламтордан

Кенесары Қаптағаев мынадай жағдайға куәгер болыпты. Полиция қызметкерлері келіп, жем сатып отырған адамдарға қырғидай тиген. Бас-басына 50 мың теңгеден айыппұл салған.  «Бұл не масқара? Жем де өндіріске жатады емес пе? Жемсіз қалса, ауыл адамдарының асырап отырған малы, тауық, үндігі не жейді? Қорасындағы азын-аулақ малы аштан қырылса, халық қыста қалай күн көреді?», – деп наразылық білдірді.

Бұл азамат жайлы аз-кем тоқтала кетейік. Кенесары Қаптағаев – кеңестік дәуірден бастап мемлекеттік қызмет атқарып келе жатқан ұлтжанды ақсақал. Алматы көшелерін аралап жүргенде алдымен осы азамат еске түседі. Тәуелсіздік жылдары Алматы қаласы мен Алматы облысында идеология тізгінін ұстаған. 90-жылдардың басында шаһар тұрғындарының жаппай наразылығына, орыстілді БАҚ-тардың белсенді шабуылына қарамастан табандылық танытып, Төле би, Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек, Бөгенбай, Қабанбайдай батырларымыздың, Мұқағали Мақатаевтай ақиық ақындарымыздың есімін Алматы көшелеріне бергізген қайраткеріміз – осы азамат. Қазір бейнетінің зейнетін көріп жатқан көп қарияның бірі.  Қазір мегополис іргесіндегі ауылдардың бірінде тұрады.

Шаш ал десе, бас алып жатыр ма?

Рас, бес саусақ бірдей емес. Шаш ал десе, бас алып жатқан осындай құқық қорғау қызметкерлері де бар. Есігінің алдында отырған адамдарға бас салып сүйрелеп жүргендері, тіпті, дүкеннен нан алып келе жатқан отағасының қолың қайырып, құдды бір терроршыны ұстағандай, жерге аунатып жатқандары жайында әлеуметтік желілерде бейнеайғақтар өріп жүр.

Мәселен, Polisia.kz сайтын ашып қарасаңыз, төтенше режимді бұзды деген ақпараттан көз сүрінеді. Сандардан денең түршігеді. Мысалы, «Павлодар облысында 1171 тұрғын төтенше жағдай режимін бұзған. Сот шешімімен 253 құқық бұзушыға айыппұл салынса, 285 тұлға әкімшілік қамаққа алынып отыр... Алматы облысы бойынша ең көп құқық бұзушылық Талдықорған қаласында – 361, Іле – 308, Еңбекшіқазақ – 283 және Талғар – 244 аудандарында тіркелген... Алматыда екі мыңға жуық адам карантинді бұзған. 1 мың 965 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 577 «құқық бұзушы» әкімшілік қамауға алынған. 1 мың 54 адамға айыппұл салынды, 334 адамға ескерту жасалды... Ақтөбе облысында төтенше жағдай кезінде 1125 тәртіп бұзушылық анықталды. Оның ішінде 211 адам қамауға алынса, 257 адамға айыппұл салынған»...

Бұл – полицияның деректері. Басқа облыстардағы жағдай осының ар жақ, бер жағы.

Адамдар карантин режимін неге бұзып жатыр?

Алдымен осы сұраққа жауап іздеген жөн секілді. Философ Әбдірәшит Бәкірұлының пайымдауынша, қазір халықтың дені қандай заң шығып жатқанын БАҚ-тардан емес, қауесет арқылы ғана естиді. Ереже бұзушылықтың көптігінің бір себебі – мұның алдында заңды халыққа жеткізіп, түсіндіру жұмыстары жасалмағандықтан.

«Аяқ астынан төтенше жағдай жариялап жіберді. Әкімшіліктер алдымен түсіндіру жұмысын жүргізуі керек еді. Сондықтан ұсталған адамдар емес, алдымен осыған жол берген әкімшілік айыппұл төлеп, жауапқа тартылуы керек. Қанша жерден заң десек те, халықтың менталитетін ескеруіміз қажет. Оны ешқандай карантин, ешқандай вирус бірден өзгерте алмайды», – дейді философ.

Әбдірәшит Бәкірұлының пікірінше, мұндай қиын жағдайда ескерту жасаумен шектелуі керек. Үкімет 42 500 теңге жәрдемақы бергенімен, халыққа айыппұл салып, бергенінен екі есе өндіріп алып отыр. Сондықтан полиция өзінің халықтың қызметшісі екенін ұмытпағаны жөн.

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың атқарылып жатқан жайттарға көңілі толады екен. Ереже бұзушылыққа мемлекет те, полиция да түсіністікпен қарап отырғанын айтады. Көп жағдайда ескертумен шектеледі. Блок-бекеттен өту, полицияға қарсылық көрсету секілді өрескел жайттарға ғана айыппұл салады.

«Карантин режимін бұзушылықтан бәрібір қашып құтыла алмаймыз. Өйткені адамдар бұған үйренбеген. Мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Тек қана Қазақстанда емес, бүкіл әлемде солай. Қазақстан қатаң шараларға барып жатыр. Адамдар бәрі жақсы болады деп ойлайды. Еркіндігін шектеуге қатысты қорқыныш, үрей бар халықта», – дейді саясаттанушы.

«Мемлекеттік қызметкердің 90 пайызы өзінің функционалды міндеттерін білмейді»

Әрине, ниет дұрыс. Мақсат – вирустың таралуын болдырмау, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау.  Оны жоққа шығаруға болмас. Бізде ғана емес, COVID-19 пандемиясы әлемді дүрліктіріп, адамзат баласын түгелге жуық үй қамаққа отырғызып қойды. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантин  енгізілді. Шетелдік сарапшылар «Нұр-Сұлтан коронавируспен қытайша күресуге шешім шығарды» деп бағалаған болатын. Яғни, тым қатал шаралар жасалып жатыр.

Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл тәжірибесі бар Кенесары Қаптағаевтың  пікірінше, мемлекеттік қызметкердің 90 пайызы  өзінің функционалды міндеттерін біле бермейді. Келеңсіздіктің тамыры осында жатыр. Коронавируспен күресте «мынаны істейсің» деп міндеттерін жазып бермесе, полицейлер адамдарды ұстап айыппұл сала беруден басқаны білмейді.

К.Қаптағаев

«Дүниежүзінде адамдар полицейді көрсе қуанады. Көмектесетінін біледі. Бізде керісінше, аяқ-қолы дірілдеп кетеді. Өйткені, полиция қызметкерлері «мынадан қайтсем кінә табам, қандай айып салам» деп ойлап тұрады. Ең жоғарыдан бастап ең төменгі полицейге дейін өз міндеттерін білмейді. Дәрігерлер ауруларды алдап, өз дәріханасынан дәрі алдыруды ойлайды. Қазір бәрінің мақсаты – тек пайда табу. Мәселе осында. Кеңес одағы тұсында функционалды қызметін білмеген адам ол орында бір күн де жұмыс істемейтін еді. Бір мүгедектің немесе ардагердің үйінде су немесе газ болмай қалса, азық-түлік сататын дүкенде тізімге кірмей қалса да, үлкен дау болатын. Қазір ондай емес», – дейді ақсақал.

Саясаткер Тоғжан Қожалиева да қызметін асыра пайдаланушылық деректері бар екенін жоққа шығармайды. Десе де, әр жағдайды бөлек қарастыру керек деп біледі. Оның пікірінше, бізде көп адамдар заңды, өз құқығын біле бермейді.

Т.Қожалиева

«Заңсыз ұсталса, қалай әрекет етіп, қайда арызданарын, кімнен көмек сұрарын білмейді. Полициялердің өздері аш-жаңалаш. Айлықтары аз. Жоспар орындау керек. Парақорлық бар. Полицейлердің дені айыппұл қай жерде салынатынын, қай жерде салынбайтынын біле бермейді. Өйткені, нақты нұсқаулықтар мен ережелер жоқ. Карантинді бұзды ма, жоқ па, деген мәселені айыра алмайды. Карантин жарияланды ма, оны берік ұстануымыз керек. Бірмаша жеңілдіктер де жасалып жатыр. Саяжайда жеміс-жидегін күтіп, көкөніс егетіндерге қаладан шығуға рұқсат етілді. Тоқаевтың өзі рұқсат беріп отыр», – дейді Тоғжан Қожалиева.

Әбдірәшит Бәкірұлы полицияға түбегейлі реформа жасалуы тиіс деп есептейді. Басты мәселе – қолында билігі бар адамның психологиялық көңіл күйіне баса мән беру.

«37-жылдары қуғын-сүргін жасаған кімдер? Шолақбелсенділер. Мұндайлардың қолына билік пен тоқпақ берсең, қайырып кел десең, ұрып өлтіріп келеді. Бұл мәселені төтесінен қоятын уақыт келді. Көп адамдарға қазір салынған айыппұлды тауып бергеннен, екі күнге қамалған әлдеқайда жеңілірек. Бес-алты баласы бар адамға айыппұл салса, сәбилердің аузынан тамағын жырып алушылық болады. Үш-төрт баласы бар адамдарға айыппұл салынбауы керек деп білемін», – дейді ол.

Алдымызда не күтіп тұр?

Карантин де өтер. Ерте ме, кеш пе, бұдан да құтыларымыз анық. Алдымызда бізді не күтіп тұр? Бәрі бұрынғы қалыпқа келе ме, жоқ па? Коронавирустың ел экономикасына тигізген залалы орасан зор. Ел ішіндегі наразылық, толқулар туындамай ма? Бұл сұрақ бар адамның көкейінде жүргені анық.

Эдуард Полетаев пандемияның кесірінен туындаған қиындықтар елдегі жаппай наразылыққа ұласып кетеді дегенге сенбейді. Десе де, көп жайт бұдан кейін қабылданған шешімдерге, оның әділдігіне байланысты болатынын айтады.

Э.Полетаев

«Кейбір бизнес өкілдері аяғынан әрі қарай тұрып кете ала ма? Қазіргі жағдайда олар бір сәтте клиенттерінен айырылды. Әңгіме азық-түлікке жатпайтын сауда орындары, және басқалар туралы болып отыр. Бәрі карантинге дейінгі кезеңдегідей болып кетері дүдәмал. Мәселен, авиация қызметкерлері мен борт-серіктер өз саласында алдында керемет күндер тұрмағанын біліп отыр. Олар сәйкес келетін салалардан басқа жұмыс іздестіріп жатыр. Кейбір салалардың қалыпқа келуі оңай емес. Алдымызда қиындықтар тұр», – дейді ол.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммед халықтың дені күнделікті табысымен ғана күн көріп жүргенін айтады.

«Халық карантиннен қатты қиналып отыр. Үйқамақта отыру психологиялық жағынан да ауыр нәрсе. Кейбіреудер 95-жылдарға қайта ораламыз дегенді айтады. Бірақ ол кезде Ұлттық қор, қаражат болған жоқ еді. Сондықтан, оған дейін бармас. Десе де жағдай қиындайды. Мұнай бағасы бір жылға дейін көтерілмесе, көп жобалар іске аспауы мүмкін. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлайды», – дейді саясаттанушы.

Эдуард Полетаевтың пайымдауынша, еліміз карантиннен бірте-бірте шығады. Бұл – 11-мамырдан кейін бәрі бұрынғы қалыпқа келеді деген сөз емес. Десе де, біраз шектеулер қала бермек. Бұл елдің ішінде де, әрине, шетелге шығуға да қатысты. Басқа елдерге қатынайтын автобус, пойыз және ұшақ қатынасы да бірден жанданып кетпейді.

«Әлеуметтік оқшаулану, маскілер өзектілігін жоймайды. Жыл соңына дейін созылуы мүмкін. Қазақстан ғана емес, басқа елдер де жұқпалы ауруды елге әкелмеуге тырысу үшін азаматтардың ары-бері жүруін шектеуге мәжбүр болады. 11 мамыр соңғы мерзім емес. Әлі дерттің таралу қарқыны талай қаралады. Егер азая бастаса, қатаң шаралар жеңілдей бастайды», – дейді Эдуард Полетаев.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации