Коронавирус жұқтырғандар қай ауруханада жатыр?

13 наурыз, 18:27

Фото: Сәрсенбек Қызайбек

Nege.kz редакциясына хабарласқан оқырманымыз коронавирус анықталған науқастардың Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында  жатқанын айтты. Тілшіміз сол ауруханаға барып, жағдаймен танысып қайтты.

Nege.kz тілшісі деректің рас-өтірігін анықтау мақсатында "вирус жұқтырған адамдар жатыр" делінген Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына»  хабарласқан. Алайда аурухана басшылығы бұл ақпаратты растамады.

Дегенмен де Nege.kz тілшісі ауруханаға барып, ондағы жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Жұқпалы аурулар ауруханасының айналасын полиция қызметкерлері қоршап тұр, арнайы жасақ та күзетіп отыр. Полицейлердің бәрі маска тағып алған.

Ауруханананың бір бөлігі арнайы карантинге жабылып, оқшауланған. Оқшауланған орынды күзетуге арнайы жасақ жұмылдырылған екен. Арнайы жасақ жауынгерлерінен: «Сіздер бұл жерде не себепті жүрсіздер?» деп сұрағанымызда, «Бізде оқу-жаттығу жүріп жатыр» деп жауап берді.

Карантинге жабылған ғимараттан тек ем уақыты аяқталған емделушілер ғана шығып жатыр.

Сырттағы бақылаушы дәрігерден мән-жайды сұрағанымызда: «Елдегі жағдайды естідіңіздер. Министрліктің өзі хабарлады. Бүгінгі күннен бастап барлық жер карантинге жабылды. Әзірге бұл жерде сіздер айтқандай ештеңе жоқ. Емдері аяқталғандарды үйіне шығарып жатырмыз», - деп жауап берді.

Үйіне шығып жатқан емделушілерді де әңгімеге тарттық.

«Қызымды бүгін ауруханадан шығарып жатырмыз. Ол бүгін емі аяқталып, өз уақытында жіберілді. Негізі қызылшамен ауырып түскен болатын. Қазір шығуын күтіп отырмыз. Тездетіп шығарып жатыр, өйткені карантинге жабылғандар осы жерге жатқызылатын болуы керек», - деп жауап берді ауруханадан шыққан емделушінің анасы.

«Мен де емім аяқталғаннан кейін шығып жатырмын. Негізі осы жерге 5 күн бұрын түскенмін. Коронавируске карантинге жатқан жоқпын. Өзімнің жеке ауруыма байланысты қаралдым. Бірақ бүгін барлығын тездетіп шығарып жатыр. Өйткені карантинге жатқызылатын адамдарға орын керек деп естідім», - деді тағы бір емделуші.

Қысқасы, емделушілердің барлығынан тек «еміміз аяқталғаннан кейін жіберіп жатыр» деген жауап алдық.

Тек біреуі ғана: «Мені емім аяқталмай шығарып жіберді, бірақ ештеңе айтқым келмейді», деп жауап беруден бас тартты.

Осы материалды дайындау барысында Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев короновирус жұқтырған науқастарға қатысты жиын өткізіп, мәлімдеме жасады.

«Екі науқас инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. 466 адам карантинде. Олардың вирус жұқтырған екеуіне қатысы жоқ. Кеше ұшып келген 3 адам да тексеріліп жатыр. Ал 9 наурызда ұшып келген 63 адамның 40 адамы табылды. Төртеуі қайта ұшып кеткен», - деп жауап берді Тілеухан Әбілдаев.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации