Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов қайда?

27 наурыз, 15:21

Фото: 24.kz

Бүгін таңертең инсайдерлік ақпарат көздері Қызылорда облысы әкімдігі басшыларының ұсталғанын бірінен соң бірі хабарлады. Олардың жазуынша, облыс әкімі мен оның орынбасары және өңірдің екі бизнесмені ақша жымқыру ісі бойынша қамалған.

Ал «Время» газеті бұл шатақ іске «Сыр Мейірімі» қоғамдық қорынан ұрланған 80 миллион теңгенің қатысты бар екенін жазды.

Естеріңізде болса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел департаменті басшысының міндетін атқарушы Арлан Андасовтың ұсталғанын Nege.kz порталы бірінші болып жазған. Онда жемқорлықпен күреседі деген шендінің Арыс қаласын қалпына келтіру үшін жиналған қор қаржысын жымқыру ісін жасырып-жабу үшін өңірдегі кәсіпкерлерден 300 мың доллар пара алмақ болғаны айтылған-ды.

Қызылорда облысы шенділері шатылған іс осыған қатысты болуы бек мүмкін. Өйткені «Время» тілшісінің жазуынша, «Сыр Мейірімі» қоғамдық қорының жетекшісі Сапура Әбдірахимоваға 80 миллион теңгені қолма-қол ақшаға ауыстыру туралы тапсырманы облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов берген. Анығында, облыс әкімінің орынбасары қор жетекшісіне әлгі қыруар қаржыны төрт компанияның: «Бақ-Береке 2030» ЖШС, «Сәт-Сервис» ЖШС, «АБУ-СЕР» ЖШС және «Сапақ» өндірістік кооперативінің есепшотына аударуды тапсырған. Тергеудің болжамынша, ақша жымқыру жөнінде тапсырманы облыс әкімінің тағы бір орынбасары Марат Делмұханов берген. Ал енді М.Делмұхановқа бұл "шаруаны" кім тапсырғаны әзірге белгісіз.

Қызылорда облысының әкімдігі

«Бақ-Береке 2030» ЖШС-ның басшысы Айбек Ерназаровтың тергеуге берген түсініктемесінде 68 миллион теңгені өңірдегі тағы бір бизнесмен Жеңісбек Ысқақов қалтаға басқан. Ерназаров бұл ақшаны «облыс басшыларының үлесі» деп көрсеткен. Кейбір ақпарат көздері Жеңісбек Ысқақов пен облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың туыстық қарым-қатынасы бар екенін жазды.

Қ.Ысқақовтың Қызылорда облысына әкім болуына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың көп күш салғаны әр-әр жерде айтылып жүр. Егер осы болжам рас болса, бұл соққы басқаға емес, Қ.Көшербаевтың өзіне бағытталған болуы әбден мүмкін.

Тілшіміз мәселенің мән-жайын білмекке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне және Қызылорда облысы әкімдігініне хабарласқан. Алайда құзырлы органнан «әзірге ештеңе айтпаймыз» деген қысқа жауап алдық. Ал Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі үнсіз...    

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации