Індет: Жалған статистика кімге керек?

03 мамыр, 12:16

Фото: ғаламтордан

Елімізде індет жұқтырғандар саны әуелгі айтқан болжамнан асып кетті. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов бір пікірінде «індеттің шарықтау шегі 3 жарым мың адамға жеткенде беті қайтуы мүмкін» деген еді. Қазір дерт жұқтырғандар 4 мыңға таяп қалды. «Мамыр айының соңына таман 5 мыңнан асуы мүмкін» дейді тағы бір дерек көздерінде. Қалай десек те, ДДСҰ мамандары да, дәрігерлер де бұл індеттің арамыздан әзір кете қоймайтынын әу бастан-ақ айтқан. Тіпті, күз айларында қайта өршитінін де қаперге салды.

Үрей мен үміт

«Ауру айтып келмейді». Бірақ кейбір атқамінерлер: «Әрі кетсе бір аптаның о жақ, бұ жағында келуі мүмкін» деп жүкті әйелдің сәбиді өмірге әкелетіні сияқты болжам жасап, талайдың күлкісіне қалған.

Бұл ауру ә дегеннен қос өкпеден алады екен. Ең қауіптісі, алғашқы белгілері білінбей, өкпенің жұмыс істеу қабілетін төмендетуі мүмкін. Иммунитеті әлсіз адамдардың кез келген дертті жабыстырып алатыны сияқты мұны да тез қабылдайды. Ал мамандар коронавирус індеті тұмаудың асқынған түрі екенін айтуда. Тіпті, «Бұл індеттің жарнамасын асыруға ақпарат құралдары да атсалысып жатыр. Халықты бұлай үрейлендіруге болмайды» деп бейнеүндеу жариялаған мамандар да болды.

Алайда, біздегі статистикаға наурыздың 13-інен бастап «старт» берілген сияқты. Құдды елдегі індет жұқтырғандардың диагнозы бір уақытта анықталған ба дерсің. Міне, сол көрсеткіш тоқтамай, 4 мыңға жуықтап қалды. Өлім көрсеткіші жөнінде де күмән туғызатын жайттар бар. Ләззат Дүйсенбекова өзінің Фейсбук парақшасында жарты жылдан бері бауыр церрозы диагнозымен ауыратын ағасының қан қысымы төмендеп, жедел жәрдем шақырғанын жазды. «Сонымен бәрі бітті. «Науқасының жағдайын өзіміз білеміз, ауруханада жатпай-ақ қойсын» дегенімізге дәрігерлер көнбей қойды. Әншейінде «Біреулер ауруханаға жата алмай жүр екен немесе нашар, алып кетіңдер депті» дегенді еститін едік. Жабысып айырылмады. Ағамыздың халін, диагнозын көріп қуанып кеткен болуы керек: «Короновирусқа бір клиент табылды» деп. Қолды-аяққа тұрғызбай, ана ауруханаға бір апарып, мына ауруханаға бір апарып, ақыры короновирус қылып шығарды. Содан бауырымызды көрмедік. «Қалқаманның мәйітханасынан полигонға алып кетеді, неше метр жерде тұрып қоштасуға екі адамға ғана рұқсат» дегенді естіп, жанұшырып молда тауып, Қалқаманға жеттік.   Сол жерде жаназасы шығарылды. Жәшікке салып, оның бетін шегелеп тастаған екен, жүзін де көре алмадық. Мәйітті арнайы машинаға салды, бізге бір машинамен арттарынан жүріп баруға рұқсат етті. Қабірді қазіп дайындап қойған екен. Ақым жоқ, шамамен 1,5 метр тереңдікте қазылыпты.

Табыт қабірге түсірілген соң үстіне екі мөшек хлор төкті. Бұл не? Адам қайтып кетті, оны дезинфекцияладың, матаға орадың, сыртынан целофанға орадың, оны жәшікке салып шегеледің. Қабірге жәшігімен салдың, енді оның үстіне екі мешок хлор төгіп не керек?« деп ашынған қарындасы.

Осыдан кейін қайтыс болған марқұмдардың ажалы нақты COVID-19 диагнозынан келгеніне қалай сенуге болады? Мұндай мысал көбейіп кетті. Бұл – бірі ғана.

Журналистің жазығы не?

«Індет елімізге әне-міне кеп қалды» деп жарғақ құлағы жастыққа тимегендердің алдын ала дайындығы да белгілі болды. «Бұл індетке сақадай-саймыз» деген билік те, министрлік те не істерін білмей дал болды. Не медициналық маска жоқ, не дәрігерлер қорғанатын киім жетіспеді. Мұның бәрін басқа елдер гуманитарлық көмек есебімен әлі күнге дейін жіберіп жатыр. Осы уақытқа дейін Қытайдың өзі бізге екі партия гуманитарлық көмек жөнелтті. Сол қорғаныш киімнің тапшылығынан елімізде 600-ге жуық дәрігер дерт жұқтырып алды. Оның көбі Алматы қаласындағы Орталық аурухананың дәрігерлері. Енді осыны қалай түсінуге болады? Айтайын десе, басшылықтан қорқады, айтпайын десе ішкі жүйе шіріп барады. Амал жоқ, журналист қауымға арқа сүйейді бәрі.

И.Советжанқызы

Орталық ауруханадағы былықты ашып, сауал жолдап, анық-қанығына көз жеткізген санаулы тілшінің бірі Ирина Советжанқызының үстінен аурухананың бұрынғы басшылығы арыз түсіріпті. Оған себеп – Фейсбук парақшасында жазған мына жазбасы: «Алматыдағы Орталық ауруханада бүгін тағы сегіз медицина қызметкерінен Covid-19 анықталды. Олардың жақындары да карантинге жабылып жатыр. Сол жақтан келіп жатқан хаттарға қарағанда, адам саны ресми цифрдан да көп болуы мүмкін. Кешегі күнмен қосқанда, бір ауруханадан 20 адамнан коронавирус анықталды. Онда инфекция ошағы ретінде неге жабылмай тұр? Ауруханада жатқан науқастар, оларға келіп-кетіп жүрген жақындары, автобуспен жұмысына барып-келіп жүрген медицина қызметкерлері бар, әр сағат маңызды кезеңде аурухананы толығымен карантинге жабуға неге асықпайсыздар? Кеңірек таралғанын күтіп отырмыз ба?», – деп Денсаулық сақтау министрлігіне сауал тастаған.

Тілшінің өзі: «Орталық клиникалық аурухана Фейсбукте жазған жазбаларым үшін үстімнен полицияға арыз түсіріпті. Орталық клиникалық ауруханадағы алғашқы Covid-19 деректерін анықтағаным үшін, «инфекция ошағы ретінде неге жаппайсыздар?» деп министрді белгілеп, пост салғаным үшін. Мен кімді қорғап,не үшін шырылдадым сонда?» деп шыр-пыр. Сол кезде індет 20 медицина қызметкерінен анықталса, әп-сәтте 200-ге жетті. Қазір еліміз бойынша 850-ден асты. Сонда мұндай қорқынышты статистиканы жұрттан жасырудың керегі бар ма?

Үстемақыдан басталған дау дақпыртқа айналды

Елімізде індет өршіп, жұқтырушылар саны арта бастағанда бар күш медициналық қызметкерлерге түскен. Әуелгіде кейбір аурухана Алматы облысы аумағында тұратын ақ халаттыларға жатын орын тауып беруге шамасы келмей, біраз мәселе тілші қауымының араласуымен шешілген. Одан кейін үстемақы мәселесі шығып, көмек қаржы алдыңғы шепте жүрген медициналық қызметкерлердің үш санатына беріледі делінген. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласының індетке қарсы күресте жүрген дәрігерлері де, жедел жәрдем бригадалары да, диспетчерлері де үстемақы ақшаға қол жеткізсе, Алматыда бұл үлкен дауға айналды. Тіпті, редакцияға хабарласып, үстемақы мәселесі бойынша шағым түсірген Алматы қаласындағы №6, №8 жедел жәрдем станциясы бригада қызметкерлеріне де өз тарапымыздан көмек қолын созғымыз келген. Одан кейін дәл осы жайтпен Алматы облыстық шұғыл көмек көрсететін жедел жәрдем бригадасының мамандары да хабарласты. «Covid-19 жұқтырған науқастармен жұмыс істегендерге де төленген жоқ. Алматы және Талдықорған қаласындағы жедел жәрдем бригадасындағылар алды деп естідік. Сонда біз неге алмаймыз?» деген олар. Алайда, бұдан соң Талдықорған қаласынан келген облыстық денсаулық сақтау мамандары жаңадан шыққан бұйрықты көрсетіп, үстемақының төленбейтінін жеткізген. Енді олар тек барған сағатына ғана алады екен.

Президент жарлығымен, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен төленетін үстемақы ақыр соңында бәріне берілмейтін болып шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп індет жұқтырған дәрігерлердің бәрі бірдей өтемақы ала алмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, үстемақы бұдан былай тек науқастармен тікелей жұмыс істеген дәрігерлерге ғана төленеді. «850 медицина қызметкерінің 66 пайызы емханаларда, инфекцияға қатысы жоқ ауруханалар мен сыртта жүріп жұқтырып алғандар. Ол не үшін 2 млн теңге алады? Ол өзі қорғануы керек, шапка, маска, қолғап кигені дұрыс еді. Себебі, ол жерде карантин жарияланған», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.

Жақсылық Досқалиев, Денсаулық сақтау экс-министрі: Жұмысты бағалау керек

– Бұл – бұрын кездеспеген инфекция. 2003 жылы SARS, 2008 жылы MERS деген түрі шықты. Ал Covid-19 бұрын бізде де, басқа елдерде де болмаған вирус. Мұның мінездемесін анықтаудан бөлек, ізденіс жұмысын жүргізу керек. Ең бірінші бұл аурумен қарым-қатынас жасап жүрген – дәрігерлер, екінші – блок бекетте тұрған сарбаздар, еріктілер. Қазір санның өскенінен қорықпау керек. Тіпті, адам ауырмаса да, вирус қаннан анықталып жатыр. 87-88 пайызы жеңіл түрде өтуде. Оның 99 пайызы жазылып кетеді. Инфекцияның мінездемесін білмесек те, алдын ала шама-шарқымызша жұмыс жүргізілді. «Кім ауырады?» деп қол қусырып отыруға болмайды. Сондықтан министрліктің жұмысын бағалау керек.

Індет елімізде тарағалы бері қаншама басшы қызметінен кетті. Алайда, «осындай қысылтаяң шақта ауыс-түйісті қоя тұрайық» деген Президенттің сөзі де құлаққа ілінбеді ме, еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннен бастап, Атырау, Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшыларына дейін жылы орнын босатса, іле-шала Алматыдағы бас санитар дәрігер Айзат Молдағасымова да қызметінен кетті. Оның орнына Бекшин жайғасты. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаевты індетке қарсы күресте әлсіздік танытты деді ме, орнына Денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Камалжан Надировті тағайындап, Алматыға аттандырып еді. Ол да індет жұқтырып, ауруханада ем алып жатыр. Былайша айтқанда, бұл індет аяқталғанша талай былықтың беті ашылатын сияқты.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации