Дәрігер тиісті үстемақыны да алмай ма?

08 сәуір, 07:29

Фото: ғаламтордан

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимі енгізілген кезде облыс аумағында тұратын медицина қызметкерлері біраз қиындыққа тап болған. Кейбір ауруханалар мамандарын жатын орынмен қамти алмағандықтан пәтер іздеп кеткені көп. Бұл мәселеге ақпарат құралдары, соның ішінде Nege.kz тілшілері араласып, жатақханадан орын беріліп, шешімін тапқанын да айта кету керек. 

Іле-шала Алматы қаласындағы №6 медициналық жедел-жәрдем станциясы бригадасының фельдшері (атын атамауын өтінді) де хабарласып: "Біздегі қызметкерлердің 70 пайызы облыстан қатынайды. Айлығымыз – 110-130 мың теңге. Алғашқыда "өздерің пәтер жалдап тұрыңдар!" деді. Біз өзімізді құрылыста жүрген адамдардай сезіндік. Тауып берген хостельдің өзіне күніне 500-100 теңге төлеу керек. Мұндай ақшаға қандай орын ұсынатынын елестете беріңіз. Адам тұрғысыз. Онда қонғанша көшеде жүрген жақсы. Ал жеке клиникада жұмыс істейтін әріптестерімнің жатқан жері талапқа сай, барлық жағдай жасалған. Тамағына да, таксиіне де ақша береді" деген еді.

Оның айтуынша, басшылық жедел жәрдем қызметкерлеріне ауруханадағы жертөлені паналауын өтінген. "Бірақ мұнда қонып, жұмыс істеу моральдық тұрғыдан шаршатады" деген фельдшер. 

Біз №6 медициналық жедел-жәрдем станциясы бригадасы басшысының да телефон нөмірін тауып, бірнеше рет хабарластық. Алайда, тұтқаны көтерген жоқ. Бір-екі күннен кейін осы жағдайды мәлім еткен фельдшерден жағдайдың қалай өрбіп жатқанын сұрағанымда: "Кеше әріптестерім басшылыққа кіріп, мәселені журналистерге жеткіземіз деген соң, шешуге тырысып жатыр. Жиналыс өтті, жатақханаға орналастыратын болды" деген.  

Енді кеше сол жедел жәрдем бригадасының қызметкерлерінің Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың атына бағытталған пікірі келіп түсті. Онда: "ССМП-нің бастықтары ақша жеп тоймай жатыр. Үкімет бөлген ақшаны дұрыс бермейді. Біз елге деген қызмет-көмегімізді аямай жүрміз, бұлар адал тапқан ақшамызды жемекші. 3 ай бойы берілсін деген 425 мың теңгені де бергісі жоқ. Өз денсаулығымызға қауіп төніп тұрған осы уақытта басшылық ақшамызды жемесінші. Онсыз да осы уақытқа дейін жеп келді ғой..." делінген. 

Президент Қ.Тоқаев коронавирус індетімен күресіп жатқан дәрігерлерге көмек көрсету жөнінде тапсырма беріп, үш санат бойынша жалақысына үстемеақы қосылады деді. Бірінші топ – бұл реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар станционарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 3 284 маман. Олардың жалақысына үстемеақы – айына 850 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 1 млн теңгенің үстінде алады. Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 11 951 маман. Олардың үстемақысы – айына 425 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 600 мың теңге алады. Үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары кіреді. Барлығы – 10 994 қызметкер. Олар айына 212 мың теңге үстемеақы алады. Яғни, орташа айлығын қосқанда олардың қолына шамамен 380 мың теңге тиеді. 

Бізге хабарласқан жедел жәрдем қызметкері: "Президент бұйрығы бойынша төленеді деген үстемақыны бермейтін сияқты. Онда неге халыққа жар салды? Ал бізге 13 күндікін ғана, яғни 17 наурыздан бастап есептеп, 180-200 мың теңге ғана төленетінін айтты. Одан тағы зейнетақы, салық төлемі ұсталып, қолымызға небәрі 150 мың теңге тиеді. Сосын келесі 2 ай толық беріледі деді. Соған қарағанда, осы айдыкінен де ұстап қалайын деген сияқты. Және бұл көмекті бәрі емес, ем алу бөлмесінде істейтіндер мен диспетчерлер алмайтынын естідік. Сәуірдің 7-сі болды наурыздың жалақысын алмадық. 10-на дейін түссе, қанша түскені мәлім болады?" деді ашынып. 

Бүкіл қала карантинде үйде тығылып отырғанда аты жаман індетпен алғы шепте алысып жатқан дәрігерлердің еңбегі ескерілуі тиіс. Бұған дейін И.Жекенова атындағы Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы қызметкерлерінің «Отырар» қонақүйіне орналасқанымен, олардың тамақпен, арнайы көлікпен қамтылмағанын журналистер жабыла көтерді. Соның нәтижесінде ондағы 60-тан астам қызметкер үш мезгіл тамақпен және автобуспен қамтылған болатын. Енді сол ауруханадан тағы шу шығып, науқаспен тікелей байланыста болып, коронавирусты анықтау үшін тест алатын бактериялогиялық лабораторияның қызметкерлері мемлекеттік комиссия бекіткен үстемақыдан қағылғаны да айтылды. Қаланы карантинге жапқанға дейін вирус жұқтырғандарды туберкулез диспансерлері секілді оқшаулау орталықтарында ұстаған кезден бастап тынбастан өз аяқтарымен барып сынама алған бұл қызметкерлер әлі күнге дейін науқастармен тікелей байланыста болып келеді. Бұл мәселеге тағы да ақпарат құралдары араласып, бактериологиялық лабораторияның қызметкерлеріне үстемақы берілетін болды. Бірақ лабораториялық бөлім мен зарарсыздандыру бөлімі қызметкерлері тізімнен сызылып қалғанға ұқсайды.  

Біз бүгін онлайн брифинг өткізген Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевқа "Дәрігерлерге үстемақы төленіп жатыр ма?" деген сауал қойдық. Ол: "Дәрігерлер жалақысын ай сайын уақытылы алып жатыр. Президенттің бұйрығы мен мемлекеттік комиссияның хаттамасына байланысты қаламызда арнайы комиссия құрылды. Дәрігердің қандай қауіптілік деңгейде жұмыс істеп жатқанына байланысты үстемақы төленетін болады. Қазір дәрігерлер қонақүйге, жатақханаға орналасты. Оларға тегін тамақ беру мәселесі қарастырылған" деген жауап алдық. Әбілдаев мырза "Дәрігерлер жалақыны ай сайын уақытылы алып отыр" дейді, бірақ №6 медициналық жедел жәрдем станциясы қызметкерлері наурыз айының жалақысын әлі алмағанын айтты. Бұл қалай? 

 

Елімізде 120 медициналық қызметкердің коронавирус жұқтырып алғаны жарияланды. "Олардың 67-сі – коронавирус індетін жұқтырды деген күдіктімен немесе жұқтырғандармен жұмыс істегендер.  Біреуі ауыр жағдайда жатыр. 9 адам орташа ауырлықта, қалған 57 адам жеңіл және сиптомсыз жатыр" делінген ақпаратта. Сонда үстемақы осы дәрігерлерге берілмегенде, кімге беріледі? Тіпті, қажет болса, қазіргі таңда коронавируспен тікелей күресіп жатқан жұқпалы ауруханалардың әрбір қызметкері бұл өтемақыдан құр қалмауы керек. Себебі, олар ауырса, науқастарға кім араша түседі? 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации