Баға бас бермей барады

06 сәуір, 16:53

Фото: ғаламтордан

Бүгін Алматы облысында нан бағасы 10 теңге қымбаттады. Ұн бағасы шарықтап, 10 мың теңгеден асып жығылған сәтте, бұл үшін наубайхана иелерін жазғыру орынсыз. Дүкендерге барлық азық-түлік бағалары 5-10 пайызға қымбат келіп жатыр. Баға бірден шарықтамағанымен, карантин созылған сайын осындай жорға жүріспен-ақ біраз жерге баратыны анық.

Мәселен, бір күнде сүт өнімдері 60 теңгеден аса көтерілсе, айрандар 15-20 теңгеге қымбаттаған. Шай бұрынғысынан 30-60 теңгеге көтерілген. Ет өнімдері, соның ішінде тауықтың сан еттері қатты қымбаттаған. Көтермесі бағасы 850 теңге болған сан еті қазір 980-ге сатылып жатыр. Бөлшек саудада қанша болары, сатушының ынсабына байланысты болмақ. Сыра бағасы да он теңге, жиырма теңгеге өскен.

Азық-түліктер аяңдап көтеріліп келеді. Күлше, вафли, тағы басқа дастарханның сәні болатын тауарлар 20-30 теңгеге көтерілген. Былтырғы бағамен салыстырғанда балмұздақтарда 20 теңгедей айырмашылық бар. Картоптың көтерме бағасы 180-нен болып жатыр. Әзірге Ресейден келетін тауарлардың ғана бағасы өзгермепті. Ал өзімізден шығатын заттар біртіндеп қымбаттап жатыр.

Иллюстрация

Күні кеше Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаның негізсіз өскеніне «алыпсатарлыққа жол берді» деп кәсіпкерлерді кінәлаған болатын. Негізсіз баға өсімі үшін бақылау органдары тарапынан қатаң шараларды қабылдап, кәсіпкерлерге бірнеше рет ескерту жасалғанын мәлімдеген-ді. Монополияға қарсы комитет «сәтті пайдаланып қалуды» шешкен кәсіпкерлерге хабарлама жолдап, тергеу басталып кеткенін айтқан.

Қиын-қыстау кезде мемлекеттің нарықты реттеуге ұмтылуы құптарлық жайт. Десе де, оның барынша тиімді тетіктерді қолдануы – басты мәселе. Министр қазақстандық өндіріс тауарлары бағасының өсуіне себеп жоқ екенін айтқан. Десе де, қазіргі ахуал көрсетіп отырғандай, алдымен өз өнімдеріміздің бағасы шарықтап отыр. 

Мұнай бағасы құлдырап, теңге барынша құнсызданып жатыр. Сондықтан шетелден келетін заттардың бағасы аспандап кетті.

«Бірақ негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлар еліміздің ішінде өндіріледі. Қазақстандық өндіріс тауарлары бағасының өсуіне себеп жоқ. Мысалы, қарақұмық жармасы мен макарон бағасы, сондай-ақ барлық жерде сиыр еті мен ұн бағасы да өсіп кеткен. Мұны өткен жылғы астықтың өнімділігі мен егіс науқанының төмендеуімен түсіндіруге болады. Бірақ әлеуметтік маңызы жоғары осы тауарларды өндіру көлемі тұтыну нормасынан артық. Сондықтан бағаның өсуі дүрлігу аясында алыпсатарлықтан туындап отыр», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Б.Сұлтанов

Министр алыпсатарлықты болдырмау үшін Үкіметтің қабылдаған тетіктері бар екенін айтты. Үкімет әлеуметтік маңызы бар тауарларға: 1-сортты ұн, 1-сортты ұннан жасалған нан, макарон, қарақұмық, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық жұмыртқасы (I санатты), күнбағыс майы, тұзға шекті бағалар белгілеген. Шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін бұзғандарға 100 АЕК және қайталанған жағдайда – 200 АЕК (530 200 теңге) айыппұл салынбақ.

Шекті бағаларды енгізу – қатаң шара. Десе де, сұраныстың, бәсекелестіктің бағаны қалыптастыратыны  жайлы нарық заңдылықтарын ешкім күшпен ұстап тұра алмайтыны түсінікті . Кәсіпкерлердің зиянына қарай жұмыс істемейтіні хақ. Қазір көкөнісі мен жеміс-жидегі ерте пісетін оңтүстіктің дихандары мен шаруалары дабыл қағып, өнімдерін қайда өткізетін білмей дал болып, биліктен көмек сұрап отырған жайы бар. Тіпті, кейбір жылыжай иелері өнімдерін өткізетін жер таба алмай, жұртқа тегін таратып жатқаны да мәлім.

Үкімет алдын ала қам жасап, нарықты реттеуге дайын болғанда, мұндай келеңсіз жайттар болмас еді. Дихандар шығынға батып, баға шарықтамас па еді, кім білсін.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации