Асқар Мамин НЕГЕ жауап бере алмады?

12 наурыз, 13:11

Фото: nege.kz

13 қаңтарда Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың атына Дубай EXPO-2020 шығынына қатысты сауал жолдап, бір айдан бір күн асқанда әзер жауап алғанбыз. Сұлтановтың бір ай күттірген сырғытпа жауабына көңіліміз толмағандықтан сауалдарымызды толықтырып, ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің атына жібердік. Сұлтановпен салыстырғанда, Мамин БАҚ туралы заңға құрметпен қарайды екен. Жауап кешіккен жоқ, бірақ...

Премьер-министр Асқар Маминнің атына жолданған хатта мынадай сауалдар болған-ды:

1. EXPO-2020 Дубай көрмесіне қатысуға бюджеттен 8,9 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаржы қандай негізде және қандай заңдарға сәйкес бөлінді?

2. Көрмеге Қазақстанның атынан қанша адам барады, қатысушылар қандай критерий бойынша таңдалады?

3. Көрме қызметкерлері мен стендистерден бөлек, Үкімет делегациясында қанша адам бар және олар кімдер?

4. Көрме аяқталған соң ұлттық павильонды демонтаждау және елге алып келу қандай жолмен жүзеге асырылады?

5. 8,9 млрд теңгеден бөлек, алдын ала жоспарланбаған қосымша шығындар болуы мүмкін бе?

Міне, осы сұрақтарды Асқар Ұзақбайұлының атына жолдағанбыз. Анығында, ҚР Премьер-министрінің кеңсесіне. Кеңседен келген жауап төмендегідей:

«Сіздің Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Кеңсесіне 2020-жылғы 27 ақпанда жолдаған арызыңызды қарап, Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және протокол бөліміне жолдағанымызды хабарлаймыз».

Сұлтанов Абаевтың аузына түкіріп қойған ба?

Келген жауаптың маңдайындағы «Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі» деген жазуды көргенде министр Дәурен Абаев Премьер-министр кеңсесінің сыртқы экономикалық ынтымақтастық және протокол бөліміне ауысқан екен деп ойладық. Олай емес екен. Абаев та, орынбасарлары да өз орнында. Министр Абаев үшін «бұрынғы баспасөз хатшы» деген ұғым жоқ екені сонда ғана есімізге түсті.

Д.Абаев.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов қол қойған жауаптың кейбір тұсы демесеңіз, Сұлтановтың жауабынан еш өзгешігі жоқ. Соған қарап «Сұлтанов Абаевтың аузына түкіріп қойған ба?» деген ой келеді екен.

Премьер-министр Асқар Маминге жолдаған сұрақтарымыз Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа жіберген сұрақтардан өзгешелеу болғандықтан, жауапта да аздаған өзгешелік бар. Сондықтан сол «өзгеше» тұстарын ғана келтірейік.

«2016 жылы сәуірде ҚР Үкіметіне Біріккен Араб Әмірліктерінің (бұдан әрі – БАӘ) вице-президенті, премьер-министрі және Дубай билеушісі Мұхаммад ибн Рашид әл-Мақтымның атынан Дубай қаласындағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2020 көрмесіне (бұдан әрі – Көрме) қатысуға ресми шақырту алды. ҚР мен БАӘ арасында дипломатиялық және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін ескере отырып, 2017 жылғы сәуірде ҚР Премьер-министрі Б.Ә.Сағынтаевтың атынан көрмеге қатысу туралы растау хаты жіберілді.

expo2020dubai.com

ҚР Президентінің БАӘ-ға ресми сапары аясында 2018 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасының көрмеге қатысу туралы шартына қол қойылды. ҚР Ұлттық павильонына қатысу туралы шарт аясында «Мүмкіндіктер» тақырыптық кластеріндегі жер учаскесі анықталды».

Алда-жалда көрме өтпей қалса...

Министрлік жауабындағы тағы бір «жаңалық» мынау: «Көрмеге Қазақстан Республикасының қатысуы аясында ресми іс-шараларды ұйымдастыру, оның ішінде ҚР Ұлттық күнін, ҚР Тәуелсіздік күнін, Наурыз мейрамын өткізу жоспарлануда.

ҚР Премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық күнді өткізу датасы ретінде 2020 жылдың 1 желтоқсаны белгіленді. Халықаралық көрмелер бюросының ережелеріне сәйкес Ұлттық күн – бұл қатысушы елдердің бағдарламасындағы басты оқиға, ол елдің танылу деңгейін арттыруға, павильонға келушілерді тартуға бағытталған, саондай-ақ бұл шара мемлекет пен үкімет басшыларының қатысуымен өткізіледі. ҚР ресми делегациясының құрамы Үкімет қарауы бойынша пысықталады».

Бұдан әрідегі әңгімені Сұлтановтан естіп алғанбыз. Көрмеге қатысу үшін заңдарға өзгертулер мен толықтыруларды қайта-қайта енгізіп, 8.9 млрд теңге бөлінетін болды, барлық шығын осының ішінде және делегация құрамы Үкімет қарауы бойынша пысықталады...

Мамин мен Сұлтанов, sputniknews.kz

Премьер-министр Асқар Мамин жауапты Президенттер мен Үкімет басшыларының «баспасөз хатшысы» Дәурен Абаевқа ысырып тастағанына қарағанда, «Маған дейінгі премьер көрмеге қатысуды растады, тұңғыш президент қол қойды, менің қатысым қанша?» дейтін сияқты. Олай болмаса, сауалымызды осы шараны дұрыс өткізуді мойнына алған министр Сұлтановқа да, кейін премьер Маминге де жіберіп, қайталанған жауапты Абаевтан алмас едік қой...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации