Антивирус: Талғарда да тазалау басталды

21 наурыз, 17:32

Фото: nege.kz

Талғар қаласы Алматыдан жиырма шақырым қашықтықта орналасқанымен, ауданға қарайтын ауылдар алып мегаполиспен шектесіп жатыр. Карантин 19 наурызда басталды, бірақ аудан мен қала арасында ағылған халық әлі көп. Бүгін сағат түнгі 00.00-ден бастап өткелдер толық жабылады. Одан кейін ешкім ары-бері өте алмайды. Бетін ары қылсын, егер қауіпті індет Талғардан бой көрсете қалған жағдайда, ауданның корнонавируспен күресетін қауқары бар ма? Қауіптің алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынған? Осы сауалдарға жауап іздеген тілшіміз Талғарды аралап көрді.

Жұрттың үрейін алған дезинфекция

Халық көп жүретін аумақтарды дезинфекциялау сағат тоғыздан кейін басталды. Арнайы киімдегі адамдардың дәрі шашып жатқаны кейбір жүргіншілердің көңіліне қорқыныш ұялатқан тәрізді. Ал кей адамдар мұны қалыпты жағдай секілді қабылдағаны байқалады. Өйткені жұрттың көбі әлі бетпердесіз жүр. Қаланы кесіп өтетін Талғар өзеніндегі көпірдің жүргіншілер жолы, аялдамалар, супермаркеттердің алды, аурухана, Халыққа қызмет көрсету орталығы секілді халық көп шоғарланатын жерлердің бәрі дезинфекцияланып жатыр.

Тілшіміз тілдескен Талғар аудандық ветстанцияның қызметкері Болат Әтейбековтің айтуынша, зарарсыздандыру жұмыстары 19 наурыз күні басталған екен. Дегенмен ауданда арнайы дәрі шашатын әзірге мұндай бір көлік қана бар.Б.Әтейбеков

Жүксалғышындағы ыдысқа 0,5 тонна сұйықтық сияды. Онымен 600-700 шаршы метр жерді зарарсыздандыруға болады. Тілшімізді виусқа қарсы шашылып жатқан сұйықтықтың не екені қызықтырған. Әтейбеков қарсы болмай, «Дихлоризоцианурат натрия» деген жазуы бар препаратты көрсетті.

«Екі госпиталь дайын»

«Nege.kz» тілшісі бұдан кейін Талғар ауданының орталық ауруханасына барды. Бірақ кіру мүмкін болмады. Себебі ауруханада карантин. «Дәрігерлердің журналистпен сөйлесуге уақыты жоқ» деген аудан әкімшілігінің баспасөз хатшысы барлық сұрақтарымызға мүмкіндігінше өзі жауап беретінін айтты.

Жангелді Өміралиевтің сөзіне қарағанда, қазір ауруханаға сырқаты ауыр адамдар ғана қабылданып жатыр. Көп жағдайда кезекші дәрігерлер сырқаттың үйіне барып, ем-дом жасайды екен. Сондай-ақ дәрі-дәрмектерін жеткізіп береді.

Бұл – жаңа салынған ірі аурухана. Дегенмен 2018 жылы менингитке шалдыққан бірнеше науқас қайтыс болған соң, осы ауруханаға қатысты біраз шу болған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов арнайы келген. Сол тұста осындай ірі ауруханада жұқпалы ауруларға шалдыққандар жататын бөлімше жоқ екені айтылған еді.

Сол бөлімше әлі ашылмапты. Ендеше, жұқпалы ауруларды емдейтін бөлімшесі жоқ аурухана коронавируспен қалай күреседі?

«Биыл өтінім жіберілді. Қаржы бөлінсе, осы аурухананың ішінен 20 адамға лайықталған бөлімше ашылады. Бірақ коронавирус тіркеле қалған жағдайда, науқастар бұл ауруханаға әкелінбейді» деді Жангелді Өміралиев.

Оның айтуынша, Талғар ауданының сырт жағынан арнайы екі госпиталь әзірленген. Біреуі 20, екіншісі 80 адамға арналған. Алайда мұның бәрі сақтық шаралары үшін жасалған дайындықтар.

Халық арасында қауіпті түсінбейтіндер көп

Талғар ауданының әкімшілігі Алматыдан қатынап жұмыс істейтін қызметкерлерін түгел ауданға алдырыпты. Олар уақытша жатын орында тұрып, жұмыс істейді. Әрі блок бекеттерде кезекшілігін атқарады. Алматы мен Талғар арасында 10 блок бекет бар. Төртеуі Алматы – Талғар тас жолының бойында, екеуі Құлжа тас жолында, қалғаны Қызылтуда. Осы бекеттердегі полиция мен әскерилер қатарында әкімшілік қызметкерлері де жұмыс істейді. Әр бекетте 3-4 адамнан тұрып, 8 сағаттан кейін ауысады. Ары-бері өткен жүргіншілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Себебі карантиннің талабы мен індеттің қаупін әлі жете түсінбегендер көп екен. Жангелді Өміралиев ұсынған статистикалық мәліметтерге үңілсек, 19 наурыз күні (16.00-00.00 аралығында) қалаға қарай 921 адам өтсе, қаладан қайтқандар саны 1054 болған. Ал 20 наурыз күні дәл осы уақыт аралығында Алматыға 1958 адам өтіп, кері қарай 4382 адам оралған.

Сондықтан Талғар ауданының әкімшілігі аудан тұрғындарына санаулы ғана уақыт қалғанын айтып, не қалада қалу, не кері оралу қажеттігін ескертеді. 21 наурыз 00.00. сағаттан кейін блок бекеттер тарс жабылады.

«Магнумға» арнайы автобус жүреді

Талғардағы халық көп шоғырланатын ойын-сауық орындары, мейрамханалар, спорттық кешендер т.б. уақытша жұмысын тоқтатқан. Бірақ базарлар жұмыс істеп тұр. Базарлардың тазалығына иелері жауапты, ал әкімшілік жиі қадағалайды. Бала саны азайғанымен, балабақшалар жұмысын тоқтатпаған. Жангелді Өміралиев «Аймақта азық-түліктен тапшылық жоқ» дейді. Дегенмен халыққа ыңғайлы болу үшін енді Алматы – Талғар тас жолының бойындағы «Магнум» сауда орталығына автобус қатынайды екен.

«Үйде болған дұрыс»

Жұрттың көбі әлі бейқам екенін жоғарыда айттық. Өйткені көшеде маскасыз жүргендер көп. Мұның бір себебі, елдің енжарлығында болса, екінші себебі – Талғар дәріханаларында маска жоқ. Тілшіміз бірнеше дәріханаға бас сұққанымен, бірде-бір маска таба алмады. 

Ауласында маска тағып, жұмыс істеп жүрген аудан тұрғынымен де сөйлесіп көрдік. Бірақ өзін Сырым Көшкімбай деп таныстырған бұл жігіт медициналық масканы қауіпті індеттен сақтану үшін емес, жеміс ағаштарын дәрілеу үшін тағып жүрген болып шықты.

Биыл мектеп бітіріп, ҰБТ тапсыратын бозбала оқуға дайындалғысы келгенмен, қалаға бара алмайтынына қынжылады. Дегенмен «Талап ортақ қой, ең бастысы, амандық. Интернет арқылы үйден де дайындалуға болады. Әлемдегі жағдайды көріп отырмыз. Ең дұрысы – үйде болған. Қалған шаруа кейін атқарылады» деді ол. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации