Алматыдағы ауруханада «жүздеген қытай» НЕГЕ жатыр?

03 наурыз, 11:57

Фото: nege.kz

Nege.kz порталының редакциясына көңіл аударарлық әлдебір құжаттар келіп түсті. Бізге хабарласқан оқырманымыз «Алматыдағы ауруханалардың бірінде жүзге жуық қытай азаматының емделіп жатқанын» айтып, кейбір құжаттардың фотосын жіберді. Оның сөзіне қарағанда, қытай азаматтарын «коронавирус жұқтыруы мүмкін» деген күдікпен Алматы қаласының Түркісіб ауданындағы туберкулезге қарсы диспансерге оқшаулаған.

Фтизопульмонология орталығы

Nege.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын білмекке Түркісіб ауданындағы «Фтизопульмонология орталығына» барды. Тілшіміз жолай бірнеше дәріханаға соғып, маска алмақшы болған. Алайда дәріханалардың ешбірінде маска жоқ болып шықты.

Жан-жағы биік дуалмен қоршалған аурухана екі аптадан бері карантинге жабылыпты. Аурухананың күзетшілері: «Ішке кіре алмайсыз. Карантин. Мамыр айына дейін ешкім кіргізілмейді», – деп жауап берген.

Күзетші орталықта карантин жарияланғанын айтты

Осы мәселеге қатысты аты-жөнін айтқысы келмеген тағы бір куәгер былай деді: «Бұл жерде коронавируспен адамдар жатыр. Бұл жерге келмеңіз, аулақ жүріңіз! Мұнда тек қытайлар жатыр. Болмайды дедім. Бұл сұрақ бойынша мен ештеңе айта алмаймын. Карантин!».

Редакцияға хабарласқан оқырманымыз бізге Қытайдан келіп жатқан азаматтардың тізімін де жіберді. Бұл тізімнің қаншалықты нақты екеніне кепілдік бере алмаймыз, бірақ әлгі тізімнен кімнің қай жерден және қандай рейспен ұшып келгенін анық көруге болады. Бұл тізімде Қытайдан ұшып келген Қазақстан азаматтары да бар.

«Қазір ауруханада 100-ден астам қытай азаматы жатыр. Оларды неге шекарадан кіргізеді?! Бұл сұрақ неге ашық қойылмай жатқанын түсінбеймін. Өзіміз таңғалып отырмыз. 14 күнге карантин деп, жатқызылып жатыр. Келіп жатқандардың барлығының ұлты қазақ емес, таза қытайлар. Күн сайын жедел-жәрдем көлігі оларды әуежайдан күтіп алып, осында тасып жатыр. Ақпан айынан бері жағдай осы», – дейді куәгер.

Аурухана басшылығымен бетпе-бет сөйлесе алмағандықтан, тілшіміз кеше кешке аурухананың телефон нөмірлеріне хабарласқан. Алайда телефонның ар жағындағы диспетчер: «Қазір басшылық орнында жоқ, кейінірек хабарласыңыз», – деп жауап қайтарды.

Бүгін таңертең ауруханаға қайта хабарласқанымызбен, ешбір жауап ала алмадық. Тұтқаның ар жағындағы қызметкер сұрақтың мәнін түсінген соң, «аурухана басшылығы жауап бере алмайтынын, бұл сұраққа тек қалалық денсаулық сақтау басқармасынан жауап алатынымызды» айтты.

Осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда: «Мұндай ақпаратты қайдан алдыңыздар? Министр Қазақстанда коронавирус жоқ екенін айтты ғой», – деген шолақ жауап естідік.

Қазақстанда коронавирус жоқ екенін министрдің айтқанын біз де естігенбіз және Nege.kz ол туралы жазды да. Біздің білгіміз келгені басқа нәрсе: Қытайдың жүздеген азаматы Алматыда оқшауланып жатқаны рас па? Олар кімдер? Қазақстанға қандай қатысы бар? Араларында «коронавирус жұқтырды» деген күдікке ілінгендер бар ма? Қытай азаматтарының түгелге жуығы Дубайдан жетіпті. Кейбір нақтыланбаған дерек бойынша, «Қытайдан тікелей келу қиындық туғызған соң, олар өзге елдер арқылы келіп жатыр» дейді. Бұл қаншалықты шындық? Оларды кім тексерді?

Аурухана маңында полиция көлігі тұр

Міне, осы және басқа да сұрақтарымызға құзырлы органдардан нақты жауап алғымыз келген. Алайда министрліктің баспасөз қызметінің жауабы әлгіндей болды. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментіндегі жауапты шенділерге қашан хабарлассақ та, жиналыстан қолдары бір босамады. Мұны жауаптан жалтару деп қабылдамасқа амалымыз жоқ. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың атына тағы бір ресми сауал жібердік. Мынадай алмағайып кезде жауаптың неғұрлым жедел әрі нақты болғаны жөн екенін министрліктегілер жақсы түсінеді деп сенеміз. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации