Ақорда Кремльді орнына қойды

20 мамыр, 18:17

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейнеконференция форматында өткен кезекті отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың түйіткілдерін баса көрсетті. Қазақстандық сарапшылар «Президент Кремльдің алдында бас шұлғымай, ұлттық мүддені қорғауда мінез, табандылық, батылдылық көрсетті» деп баға беріп отыр.

Онлайн саммитке Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті  Игорь Додон, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы  Михаил Мясникович қатысты.

Жиынға аз-кем тоқталып өтсек, оның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы туралы мәселе талқыланды. Отырыс барысында мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, соның ішінде, Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселесін қарастырды.

Қазақстан Президенті өз сөзінде «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасына ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңызды құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, Стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, әлі де пысықтай түсу керек екенін айтты.

– Алдағы бірнеше жылға арналған интеграцияның негізін қалайтын аталған құжаттың ерекше маңызды екенін ескере отырып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент осы құжатқа қатысты бірқатар түсіндірме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте тауарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс-жүзінде қамтамасыз ету, секторлар бойынша тараптармен келісілген бірыңғай қызмет көрсету нарығын кезең-кезеңімен құру, ортақ энергетикалық және қаржы нарығына дайындалу қажет деп санайды.

Мемлекет басшысы Одаққа мүше елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың көпқырлы екенін атап өтіп, оның экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық қатынастарды қамтитынын жеткізді.

– Сондықтан аталған мәселелерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, интеграциялық жұмыс ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескеруге тиіс әрі ұлттық заңнаманы үйлестіру және біріздендіру мәселелерін қарастыру кезінде «жеткілікті қажеттілік» қағидатын ұстануы керек.   

– Стратегияда  ұсынылған заңнаманың «үйлестіруге және біріздендіруге» қатысты құқықтық жауапкершілік орнату бөліміндегі әкімшілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылардың құқығын қорғау сияқты бірқатар сала, біздің пікірімізше, ақылға қонымды жеткіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің Стратегияны қабылдамауына алып келеді. Өйткені Стратегия үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектейді, – деді Президент.   

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін кеңейту мәселелеріне мұқият болуға шақырды.

– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің қызмет көрсету, өзара сауда мәселелері бойынша үшінші елмен өткізетін екіжақты келіссөздеріне Комиссияның қатысу құқығын беру қосымша зерттеуді қажет етеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы дәл қазіргі жағдайда Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастықтың басым бағыты экономиканы қайта қалпына келтіру мәселесі бойынша құрылуы керек екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Парламентінің Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы мемлекет ретінде кіру туралы шешімін құптады.

Мемлекет басшысы өзара сауда, бизнесті қолдау, цифрландыру және көлік логистикасы салаларындағы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Біріншіден, Қазақстан Президенті пандемия кезінде пайда болған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңімен алудың жоспарын жасау қажет деп санайды.

– Біздің денсаулық сақтау, санитарлық, ветеринарлық және өзге де бақылаушы ведомстволарымыз дағдарыстан сабақ алып, сондай-ақ, бір жағынан азаматтарымыздың денсаулығын сақтайтын, екінші жағынан тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін ықпалдастықтың тиімді механизмдерін ұсынуы қажет. Пандемияға қарсы күрес кезінде, одан кейінгі шектеулер алынған кезеңде де көлік құрылымдарының, санитарлық қызметтердің, шекаралық ведомстволардың жұмысы жүйелі болуы маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екінші мәселе ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың ақпараттық жүйесін біріктіру жұмыстарын қолға алудың маңыздылығын айтты.

– Мемлекеттік органдарымыздың ықпалдастық орнатқан негізгі аспектілерін цифрландыру арқылы біздің елдеріміз бизнес-процестерді жеңілдетуге, өзара тауар айналымын арттыруға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға қол жеткізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үшіншіден, Қазақстан Президенті көлік-логистика қызметін дамыту қажет деп санайды.

– Аталған бастама аясында біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды бастап кеттік. Ол 2022 жылға қарай 24 көтерме-тарату орталығынан тұратын болады. Бұл 5 миллион тонна ауыл шаруашылық өнімін сақтап, өңдеп, таратуға мүмкіндік береді. Одаққа мүше мүдделі елдердің арасында тауар таратудың ортақ жүйесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды. Президент қазіргідей дағдарыс кезеңінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің барлық ресурсы жұмыс орындарын тұрақтандыруға және сақтап қалуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Одақтың шығыны көп жекелеген шешімдерін орындау, атап айтқанда, қазіргі дағдарыс жағдайында кейбір тауар түрлерін міндетті түрде таңбалау аса қажет емес деп есептейді.

Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы-экономика министрліктері басшыларының, жалпы үкіметтердің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі сыртқы сын-қатерлер мен экономиканы дамытуға қатысты шараларды талқылау үшін арнайы алаң ашып, оны белсенді қолданудың маңыздылығын мәлім етті.

Сонымен, саммит қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжат негізінен мақұлданғанымен, қабылданған жоқ. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен Комиссияға Стратегияны пысықтау тапсырылды.

«Еуразиялық бестіктің» көшбасшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.

Андрей Чеботарев: Біздің президент алдымен шарт ішіндегі мәселелермен айналысуды нақты ұқтырды

– Бұған оң баға беремін. Өйткені, Президент еліміздің сыртқы саясатындағы жаңа тұжырымдамасында көрсеткен ұстанымды берік ұстанып отыр. Жоғары экономикалық кеңестің отырысында айтқан сөздері мынаған саяды: Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа қатыса алады. Мұны маңызды деп санайды. Бірақ еліміз өзара саудада барлық кедергілердің алынуын талап етеді. Қазір кедергілер бар. Бұл жерде Еуразиялық одақ комиссиясының құзырын ұзартуға ұмтылысты көріп отырмыз. Соның ішінде одақ шартына жатпайтын білім және денсаулық сақтау секілді мәселелер де бар. Президент алдымен шарт ішіндегі мәселелермен айналысуды нақты ұқтырды.

Қазбек Бейсебаев: Еліміздің мүддесін Президент қорғамаса, басқа кім қорғайды?

– Бұл – бұрыннан көтеріліп жатқан мәселе. Президенттің ұстанымы дұрыс. Еуразиялық комиссияға қатысты көп сұрақтар бар. Бұл комиссия Қазақстанның мүддесін қолдамайды. Осы мәселені бұрыннан көтеру керек еді. Алып-қосатын дәнеңе жоқ. Дұрыс нәрсе көтерілді. Еліміздің мүддесін Президент қорғамаса, басқа кім қорғайды? Ұлттық экономика министрі болған Сүлейменов мұның алдында осы комиссияда жұмыс істеді. Ол не бітірді? Бұрын неге көтермеді?

Мақсат Халық: Президенттің бұл қадамы батыл әрі орынды болды

– Президенттің сөйлеген сөздерінен көп батылдық байқалды. Стратегия қабылдаудың алдында мемлекет басшыларының арасында дұрыстап ақылдасу керек екені айтылды. Интеграция жақсы, бірақ ол ұлттық мүдделерге қайшы келмеуі керек екенін жеткізді. Президенттің бұл қадамы батыл әрі орынды болды. Біз экономистер бес жыл бойы Еуразиялық экономикалық одақтың қандай жетістіктері болды деген сұраққа жауап іздеп көргенбіз. Зерттеп көрсек, одан Қазақстан үшін ешқандай тиімділік жоқ. Бұл елдерге сатқанымыздан, сатып алғанымыз көп. Ресейдің тауарлары бізге кедергісіз өтеді де, біздің тауарларымыз өтпейді. Президент осы жағдайларды бағамдап отырса керек.

Соңғы жылдары интеграциядан гөрі, ұлттық мүддені, ішкі нарықты ойлау, сырттан келетін тауарларға шектеу қою, ішкі өндірісті қолдау керек екенін нарық дәлелдеп беріп отыр. Қазір Еуроодақтың да сәні кетіп барады.

Тоғжан Қожалиева: Мұндай риторика бұрын-соңды болмаған

– Президенттің баяндамасында жақсы дүниелер бар. Қоғамда Еуразиялық экономикалық одақ біздің мүддемізге қайшы келеді деген пікір басым. Тоқаев осы мәселені көтерді. Бірінші одаққа кіретін елдердің экономикалық мүдделері қорғалуы керек екенін айтты. Біздің тауарларымызға қойылған кедергі мәселесі шешілуі тиіс. Президент бұл комиссияның орны мен рөлін көрсетіп берді. Бұл комиссия өзін ұлттық үкіметтен өздерін жоғары қояды. Бұл дұрыс емес. Тоқаев осы комиссияның үйлестіруші, кеңес беруші, бірақ талап қоя алмайтын орган болуы керек екенін қадап айтты. Қоғамның пікіріне жүгіну керек екенін де алға тартты. Мұндай риторика бұрын-соңды болмаған еді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации