Абаевтың орынбасары «құмар ойынға» жақын ба?

24 ақпан, 17:52

Фото: instagram

Біз бұған дейін Nege.kz порталында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұловтың лоторея ойынына қатысып, Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер ұтып алғанын жазғанбыз.

Жалпы, мемлекеттік қызметкердің лотерея ойынына қатысуы этикалық тұрғыдан қаншалықты дұрыс? Дұрыс болған күнде де лотерея ойыны қаншалықты әділ өтті? Мұның мән-жайын білмекке өткен аптада құзырлы органдарға ресми сауал жолдадық. Жауаптың қандай рәуіште болары әзірге белгісіз.

Вице-министр Ғ.Оспанқұлов лотереяның әділ өткеніне күдік келтіргендерге өкпе айтыпты. Бізге оның өкпесі орынсыз көрінді. Өйткені вице-министрдің лотерея ойынына қатысуы және бас бәйгені басқа емес, вице-министрдің алуы кім-кімнің де көңіліне күдік ұялатады.

«Ипотекаға алған пәтер төрт бөлмелі. Отбасымызда жеті адам бар. Қазір туыстардың үйінде уақытша тұрып жатырмыз. Пәтерімізде тұрмаймыз, әлі салынып жатыр. Ипотекаға алынатын төрт бөлмелі пәтердің уақыты ұзақ – айына 300 мың теңге төлеймін. Үйді өткізген соң, қалған сомасын есептейді. 10-15 жылға ипотекаға есептеп отырмын. Отбасымда жеті адам: үш балам бар, жұбайым жұмыс істемейді, әке-шешем – зейнеткер» дейді Оспанқұлов.

Вице-министрдің айлығы 600 мың теңгеден аз-кем асады екен. Ендеше, пәтерақы төлегенде қиналмаса керек. Өзінің айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірге ешқандай сұрақ қоймапты.

Лотереяға қатысты вице-министрдің пікірі мынадай: «Бұл – лотерея, ешқандай тыйым жоқ. Қарапайым азаматтар ойнай береді. Ұтқаным – 36 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер. Оның өзі әлі біткен жоқ. Тек 1,5 жылдан соң ғана беріледі».

Оспанқұлов өзін «жолы болғыш» деп есептемейді. Пәтерді қалай ұтқанына қатысты бүй дейді: «Естеріңізде болса, бұрын Бинго деген лотерея бар еді. Үміт болатын, бірақ мен ешқашан ұтқан емеспін. Тіпті тегін билет те. Азық-түлік дүкенінен 5 мың теңгеден асырып сауда жасасаңыз, лотерея билетін беретін. Әрдайым үміт болады. Билетті толтырасың, ерінбей апарып, себетке саласың. Ешқашан жолым болған емес. Жұрт «жыл сайын пәтер алып жатыр» деп ойлайды. Олай емес. Көп ақпарат бұрмаланып кеткен. Ұтыс қалай болды? Ол жерде шыны лототрон болды. Екі мың адам билетін салды. Басты үш бәйге ойнатылды. Шетелге жолдаманы Қайрат Нұртас суырды. Көлікті Роза Рымбаева ойнатты. Бір бөлмелі пәтердің билетін Иванушки Интернешнл алды. Олар келді де, әнін айтып болған соң Кирилл қолын сұғып, билетті суырды. Ол менің билетім екен. Бұл – кездейсоқ ұтыс. Сенбесеңіздер, видеоны бастан-аяқ көруге болады».

Оспанқұловтың сөзіне сенейік. Ұтыс кездейсоқ болды делік. Бірақ вице-министрдің бұрын Бинго ойнағаны, қазір де лотерея ойынына қатысып тұратыны түрлі ойға жетелегенін жасырмаймыз. Вице-министр лотерея туралы айтқанда, жуырда кабинетінде карта ойнап отырғаны әшкере болған ауыл әкімінің қызметінен кеткені еске түсті.

«Вице-министрге лотерея ойнауға бола ма?» немесе «Лотерея құмар ойынға жата ма?» деген риторикалық сұрақтар сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мемлекеттік қызметкердің этикасын қолданыстан ешкім алып тастай қойған жоқ. Ал енді этика дегенді әркім өз деңгейінде түсінсе керек...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации