Құрбандық қойы тоқсан мың теңгеге жеткенде...

31 шілде, 20:54

Фото: автор

Күллі мұсылманның қасиетті мерекесі Құрбан айт басталды. Шамасы келген жұрт құрбандық шалып, айналасындағы мұқтаж жандарға таратып жатыр. Індеттің өршуіне байланысты биыл мұсылманға парыз етілген құрбандық шалуға да жаңа өзгерістер енгені белгілі.

Біріншіден, республика мешіттерінің жабық болуына орай құрбан айт намазы оқылмады. Екіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл алғаш рет қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Ол qurban2020.kz сайты арқылы жүзеге асып жатыр. Сайт онлайн тапсырысты 30 шілдеге дейін қабылдады. Сондай-ақ, сайт арқылы мұқтаж жандар да құрбандық етін алуға өтініш бере алады. Тіпті, таңдаған бағадағы құрбандық малға тапсырыс берген соң оның фотосы мен бейне есебін де алуға болады екен. Онлайн-тапсырыс беру сайтында тоқтының бағасы 40000-45000 теңгенің айналасында. Бұдан бөлек, ешкі – 35000-40000 теңге, ірі қара – 300 000-400 000 теңге, ал түйенің бағасы 450 000 теңгеден 800 000-ға дейін барады.  

«Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Биыл мал таңдап, құрбандық шалу рәсіміне қатысу мүмкін болмай тұр. Онлайн құрбан шалу барысында имамдарымыз делдалдық қызмет жасамайды, екі ортада жүріп пайда табумен айналыспайды. Біздің міндет – құрбан шалу рәсімін ұйымдастыру және құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіріп беру», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Үшіншіден, биылғы құрбан шалу рәсімінің тағы бір ерекшелігі – ет түгелдей мұқтаж жандар мен отбасыларға үлестіріледі. Бұрын құрбандық етінің үштен бірі құрбан шалған адамға берілетін де, ол сол еттен тағам әзірлеп, ағайын-туыс, көрші-қолаңға дастарқан жаятын. Алайда, карантин кезінде бұған да тыйым салынды.

Діни басқарма қашықтан құрбандық шалу тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан бар екенін алға тартты.

Алайда, адамның бәрі бірдей ойламайтыны заңдылық. Онлайн құрбан шалу дегенге тіксіне қарағандар да аз емес. Тіпті, кейбірі «Өз көзіңмен таңдап, құран бағыштап, бауыздамаған соң, оның несі құрбандық?!» деп те жатты.

Мұның жайын Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқайдан сұрағанымызда, былай денп жауап берді: «Неге? Бізге халық сеніп жатыр. Күмәнді пікір, ой – адамның өз бойындағы дүние. Бірақ қазір Алматы қаласы бойынша 400-ге жуық қойға тапсырыс түсті. Ол кісілер аманатын бізге сеніп тапсырды. Біз оларды жағдайы төмен, мұқтаж және көпбалалы отбасыларға жеткізіп беріп отырмыз. Сондықтан Аллаға шүкір, бізге сеніп, тапсырыс беріп жатқандар көп».

 

 Төрт түліктің «атасы» – «Алтын орда» мал базарында

Тоғыз жолдың торабында орналасқан «Алтын орда» базарына карантин ережесі ешқашан әсер етпеген. Әдеттегідей азық-түлік жағы да, мал базары да қыз-қыз қайнап жатыр. Мұның себебін көпшілік біледі.

Құрбан айттың бірінші күнінде құрбандық шалғанды дұрыс деп санайтындар таңсәріден мал базарға ағылғанға ұқсайды. Ығы-жығы адам. Маска таққаны бар, тақпағаны бар, оған қарап жатқан ешкім жоқ. Біз де қора-қораға қамалған қойдың бағасын білмекке асықтық.

«Құрбандыққа мал іздеп жүрсіз бе? Қандай бағада керек? Қалтаңыздағы ақшаңызды айтыңыз, соған сай тауып берем» деп аптыға сөйлеген жігіт әп-сәтте бағасын айта жөнелді. Қойды жасына қарай жеке-жеке ұстап көрсеткен ол: «Бізде 38 мың теңгеден басталады. Оның өзі марқа қозы. Ал бір жасар қойдың бағасы – 60-65 мың теңге. Ең семізі, яғни, 2-3 жасар қой – 85-90 мың теңгеге барады. Былтыр ең қымбаты – 60-65 мың теңге болды» деді.

Сатушының айтуынша, бұл қорадағы мал еліміздің әр өңірінен жиналған. «Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ұзынағаш, Меркідегі қойшылардан сатып алдық. Негізі бізге солар қымбатқа сатты. Қазір бәрі шарықтап кетті ғой. Біз де үстіне өз бағамызды қостық. Бүгін үш-төрт сағатта 37 қой саттым. Тағы екі күнде бәрін сатып бітіруім керек», – деді.

Біз келесі қораға қарай аяңдадық. Қарсы алдымнан шыққан сатушы жігіт менің мал сатып алатын адамға аса ұқсай қоймағанымды аңғарды ма, ә дегеннен-ақ: «Сіз қазір аласыз ба? Әлде, жай көріп кетесіз бе?» деп зуылдай жөнелді. «Енді әуелі бағасымен танысып шығуым керек шығар...» дедім әңгімеге тартып. Іле-шала әлгі сатушы: «Қазір мал сататын осы базар ғана істеп тұр. Ең арзан мал да осында. Таңдайтын ештеңесі жоқ. Бәрінде бір мал. Бағасы да сол. Ақшаңызға қалай аласыз» деп жөткірінді.

Қасапшы: «Бір қойды 5 мың теңгеге соямын»

Әр қораның алдында екі-үштен қасапшы жүр. Қойды таңдасаңыз болды, әрі қарайғы жұмысты солар жайғап береді. Қажет деп тапсаңыз, ішек-қарнын тазалатып, малдың басын үйітіп аласыз. Әрине, ақшасына.

Қылпылдаған пышағын үсті-үстіне жанып тұрған қасапшы жігіт те алақанын ысқылап, келушілердің қойды тезірек таңдағанын қалайды. «Осы мал базарда істеп жүргеніме 7-8 жыл болды. Қойды 15-20 минутта сойып, етін бөліп беремін. Бұл қызметім үшін 5 мың теңге аламын. Біздің баға өскен жоқ. Осында 20 шақты қасапшы істейміз. Жылда Құрбан айт кезінде сырттан келіп, бізге ортақтасып, ақша жасаушылар көбейеді. Үш күнде тапқан ақшамыздың 4 мың теңгесін салыққа төлейміз. Таң атқалы 40 шақты қой сойдым. Осындай кезде ақша істеп қалмасақ, жайшылықта қойды ешкім тірідей сатып ала бермейді», – дейді Қанат есімді қасапшы.

Сол мезетте жанымызға ерлі-зайыпты кісілер келіп, әлгі қорадағы дене тұрқы ірі, семіз қойды нұсқап, бағасын сұрады. «85 мың теңге! 45 келіден астам ет береді. Оған өзім кепіл» деді қожайыны. «Түспейсіз бе?» деді алушы. Бірақ екеуі көп саудаласқан жоқ. Малдың иесі небәрі 2 мың теңге түсетінін ғана айтты. Екеуі қол алысып, келісті. Көз алдымызда қой (төмендегі суретте) 83 мың теңгеге сатылып, қасапханаға жөнелтілді.

83 мың теңгенің қойын сатып алушыдан бағаның өсіп кеткені жайында пікірін білгім келген. «Биыл індет жайлаған кезде азық-түлік те, ет те қымбаттап кетті. Міне, ниеттеніп, құрбандық шалғысы келетіндер үшін қойдың да бағасы аспандап тұр. Мына карантин мал бағатындарға да оңай тиген жоқ. Шөп, жем де қымбаттаған шығар, кім білсін?! Құрбандық – парыз. Жағдайы көтеретіндер шалу керек», – деді жүре жауап беріп.

Дәл осы кезде Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлының «осындай қиын-қыстау кезеңде азаматтарды пендешілікке салынбауды» сұрап: «Пайда табу мен алыпсатарлыққа бармай, мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың жағдайын ескеруге шақырамын. Қасапшылар да өз қызметі үшін алатын ақысын қымбаттатпай, жанашырлықпен елге қызмет етеді деп үміттенеміз» дегені еріксіз еске түсті.

Мұнда қазақтың еділбай қойынан бөлек меринос та көп. Ең арзаны – 35 мың теңге. Оның өзі кішкентай қозы. «Жалпы, құрбандыққа меринос қойын сатып алушылар көп пе?» деп сұрап көрдік. «Неге алмайды? Алады. Өтпесе мұнда тұрмаймыз ғой. Семізі – 46 мың теңге. Бұл малдар шөбі шүйгін Ақши ауылынан келді» деді кезекті тілдескен сатушы.

Құран оқитын «молда» да осында

Мал базарында біраз аялдап қалғанымды басқа емес, құран оқитын қария сырттай бақылаған сияқты. «Қызым, құрбандық малын таңдадың ба? Айтсаң, бауыздайтын кезде құран оқып беремін» деді өз қызметін ұсынып. Үстіне оюлы шапан мен бас киім киген қария көзіме жылы ұшырай кетті.

«Мал сатып алып, осында сойдыратындар  үшін құран оқимын. Ал малды тірідей алатындар үйіне шақырып, алып кетеді. Бергенін аламын. Әркімнің жомарттығына қарай ғой. Біреулер 1 мың теңге береді, енді бірі 2 мың дегендей. Кейде тегін де оқи беремін. Негізі «мынандай бер» деп айтуға болмайды. Алланың құранынан ақша дәмету дұрыс емес. Бұл жерде мен сияқты оншақты «молда» бар. Бұйырғанын табатын шығармыз», – деді өзін Оразбай қожа деп таныстырған ақсақал.

P.S. Айтпақшы, әлгінде тілге тиек еткенімдей, базарға кіріп-шығып жатқан жұрттың карантин ережесімен шаруасы жоқ. Кейбірі медициналық маска тақпаған. Құрбандық малын іздеп жүргендер арақашықтық сақтауды да ұмытып кеткен. Қора толы малды суретке түсіріп жүргенімді көрген базар әкімшілігінің қызметкері қоқан-лоққы көрсетіп, бәрін өшіріп тастауымды талап етті. Бәлкім, мені СЭС-тен келген тексеруші деді ме екен, базардың кіреберісінде келушілердің дене қызуын өлшейтін тепловизор құралын ұстаған күзетшіні пайда болды. Тағы бір күзетші маскасыз келгендерге маска киюін міндеттеп қана қоймай, өздерінің маскасын сатып жатты...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации