№7 «балалар концлагері». Алматының білім басқармасы не дейді? news video

18 маусым, 16:19

Интернет желісінде баланы аяусыз ұрып-соққан бейнежазба жарық көрді. Бұл Алматы қаласындағы №7 балабақшада болған оқиға екен.

Бейнежазбадан ұққанымыз, бетіне медициналық маска таққан жас тәрбиеші өзін тыңдамаған баланы асқан озбырлықпен ұрып, бөлек бөлмеге қамап қойған. Тіпті, кішкентай баланы құлақтан бұрап, желкелеп жатыр. Мұны көрген ата-аналар «балалардың тәрбиесін кімге сеніп тапсырдық?» деп шыр-пыр. Балабақшадағы тәрбиешінің бұл әрекетіне Алматы қалалық Білім басқармасы не дейді?

Біз дереу Білім басқармасының мектепке дейінгі мекемелерге жауап беретін басшы Әлия Жолдасбекқызының телефон нөмірін теріп, мәселеге қандай да бір түсініктеме беруін сұрадық. Алайда, ол бұл туралы ешқандай мәлімет бермейтінін айтты. Ал Білім басқармасының баспаөз хатшысы Қуандық Серікжанұлының айтуынша, бүгін осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылған. «Қазір карантин уақыты. Алғашқы тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл карантиннен бұрын болған оқиға. Бейнежазба екі-үш күн бұрын Фейсбук, Инстаграм желісінде жарияланды. Бүгін ғана құрылған комиссия бәрін заң жүзінде тексеруге кірісіп кетті» деп жауап берді.

№7 балабақшада тәрбиешісінің озбырлық әрекетіне байланысты толыққанды түсініктемені Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айтқұлова Гүлнәр Молдағазиқызы айтып берді.    

Гүлнәр Молдағазиқызы, №7 балабақшадағы зомбылық әрекетіне байланысты не айтасыз?

–  №7 балабақшадағы қолайсыз жағдайға байланысты Алматы қаласы Білім басқармасының бұйрығымен ертеңнен бастап тексеру жұмысы жүргізіледі. Комиссия құрамына Алматы қаласы бойынша білім сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары, мемлееттік емес ұйымдардың өкілдері, заңгерлер бар. Біз балабақшаны түгел тексереміз, Ең басты мәселе – балалардың қауіпсіздігі қалай сақталып отырғанын білу.

–​ Бұл оқиға қашан болған?

– Балабақша меңгерушісі Гүлшат Рысбаеваның айтуынша, бұл ақпан айында болған. Ол сол кезде балаларға қол жұмсағаны үшін шара қолданып, тәрбиешіні жұмыстан босатқан. Бірақ меңгерушісі осы жағдай бойынша Білім басқармасына айтпады, хабардар етпеді. Сондықтан біз қазір ғана біліп отырмыз. Комиссия қорытындысы бойынша, келеңсіз жағдай болған балабақша меңгерушісіне, жалпы қызметкерлеріне міндетті түрде шара қолданылады.   

Негізі мұндай жағдай бірінші рет емес, жиі болып тұратыны рас. Балалар тәрбиешісін жұмысқа қатаң талап арқылы алуға болмай ма?

– Заң бойынша психикасын тексеріп алу деген жоқ. Бірақ жұмысқа қабылдайтын кезде сотталған-сотталмағаны туралы және нарко-псих диспансерден анықтама аламыз. Ал нақты өзіміз сынақ өткізе алмаймыз. Дегенмен, кез келген тәрбиешіні сынақ мерзімімен аламыз. Балалармен қалай жұмыс істейтінін қарау керек. Егер жас маман келсе, жанына үйрететін маман қосып береді.

–​ Мына тәрбиеші де жас маман сияқты ғой...

– Иә, жұмысқа кіргеніне небәрі 1 ай болған екен. Демек, бұл маман балалармен жұмыс істей алмайды деген сөз. Падагогикалық мамандық кез келген адамның қолынан келе бермейді. Балабақшада жұмыс істейтін маман моралдық, психологиялық тұрғыдан дайын болып келу керек.  

–​ Комиисия шешімі қашан жария болады?

– Бірінші тексерістің қорытындысы бойынша балабақша меңгерушісі тарапынан қандай кемшілік кеткенін анықтаймыз.

Nege.kz порталы жағдайды бақылауда ұстайды. Алдағы уақытта комиссия жұмысының қорытындысын хабарлауға тырысамыз. Білім басқармасы жариялықты қажет деп тапса, әрине...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации