Павлодар облысында атаулы ағаштар отырғызылды

07 сәуір, 19:36

Фото: google.com

Павлодар облысының тұрғындары Павлодар, Екібастұз және Ақсу қаласының тұрғындары арнайы белгіленген орында атаулы ағаштар отырғызды.

Биыл жергілікті билік шаһарды көгалдандыру және абаттандыруға ерекше көңіл бөлуде. Осы жоспар аясында тұрғындардың да ағаш отырғызуына мүмкіндік берілмекші. Осылайша, бұл жобаның бір бөлігі бизнесті қолдайтын «Business Ertis» аймақтық бағдарламасы аясында жүзеге асатын болды.

«Арнайы бөлінген учаскеде отырғызылатын ағаш туралы стенд ілініп, орман тәлімбағы туралы толық ақпарат беріледі. Яғни, бұл аймақта толыққанды мәлімет ұсынатын орын пайда болады», – дейді Павлодар облысы Жер қойнауын пайдалану басқармасының жетекшісі Қадылжан Сатиев. Оның айтуынша, мұнда келген жұрт ағаштың атауын, жасын біле алады. «Тіпті, ағаш отырғызған адам өзінің тегін жазуына да болады. Бұл әр адамның өз ағашын өсіріп, облыстың жасыл желекке айналуына септігін тигізе алады» деді пікірін толықтырып.

 Павлодарда 350 ағашқа арналған мүйіс «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткіші мен теміржол көпіріне дейінгі аумақтан берілсе, Екібастұзда 150 ағаш «Шахтер» саябағында, Ақсу қаласында 14 және 15 шағын ауданда 460 ағаш отырғызылмақ. Бұл акция 24 сәуір күні Павлодар қаласынан бастау алады.

Павлодар облысының қоршаған ортаны қорғауға байланысты ауқымды бағдарламасында көптеген бағытта жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде қалаларды жасылдандыру да назардан тыс қалмаған. Бұған дейін өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов экологиялық қоғамдастықпен бірлесіп, қалаларды көгалдандыруға байланысты кешенді жоспар жасауға тапсырма берген еді. Бұл жоспар таяуда аймақтың Экологиялық кеңесінің отырысында тұсауын кесті. Нәтижесінде биыл Павлодар қаласының өзінде шамамен 20 мың ағаш отырғызу көзделіп отыр.

«Business Ertis» – жергілікті шағын және орта бизнес өкілдеріне ерекше қолдау көрсетіп келе жатқан аймақтық көпвекторлы бағдарлама. Бұл бағдарлама облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың тапсырмасы бойынша карантин кезінде бизнес өкілдіктеріне көмек беріп, өңірде жаппай кәсіпкерліктің дамуына серпін берді. Осы бағдарламаның бір бағыты – бизнестің экологиялық жобаларына қолдау көрсету екенін айта кеткен жөн.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации