Шиелі аудандық сотының төрағасы қызметінен кететін болды

22 ақпан, 19:47

Фото: osken-onir.kz

Nege.kz порталы бұған дейін «Шиелі аудандық сотының төрағасы кімнен жасырынып жүр?», «Күздеубаев көлігіне кімнің нөмірін тағып жүргені белгілі болды» атты материал жариялаған болатын. Онда Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаевқа қатысты қызық жайтты мәлім еткен едік.  

Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаев әлденеден сескеніп жүргенге ұқсайды. Өйткені, күндіз мемлекеттік нөмірі «111 CS 11» қызметтік көлігімен жүреді, түнде де дәл сол көлікті мінеді, бірақ мемлекеттік нөмірі ауысып кетеді – «147 EVB 13».

Қайбір жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қызметтік көлікті жеке шаруасына мінетін мемлекеттік қызметкерлерді біраз тәртіпке салған. Осыдан кейін қызылордалық белсенділер де мемқызметкерлерді бақылап жүретін. Мемлекеттік нөмірді түнде ауыстырып алу – сол кезден қалған әдет болса керек, сірә.

Сот төрағасының мемлекеттік нөмірі ауысқан қызметтік көлігі

Кейін Күздеубаевтың көлігіне кімнің нөмірін тағып жүргені белгілі болды. 20 ақпан 2020 жылғы Қызылорда облыстық полиция департаментінің әкімшілік полициясы басқармасы «жоғарыда көрсетілген KZ 147 EVB 13 мемлекеттік белгісі 21.08.2017 жылы Түркістан облысының тұрғыны Сулейменов Қажымухан Пулатұлының атына тіркелген TOUOTA HIGHLANDER маркалы автокөлігіне рәсімделіп, 19.09.2017 жылы есептік тіркеуден шығып кеткен» деген.

Іле-шала осы іске байланысты қолымызға тағы бір дерек келіп түсті. Жұмамұратов жауабында «KZ 147 EVB 13 мемлекеттік нөмірі 2017 жылы 21 тамызда Түркістан облысының тұрғыны Қажымұрат Пулатұлы Сүлейменовтің атына тіркелгенін мойындап, «хатыңызда көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін таппауына байланысты қараусыз қалдырылды» деп түйіндейді.

Жуырда Шиелі аудандық сотының төрағасын лауазымынан босатуға ұсыныс жасалғаны белгілі болды. Осылайша, Марат Күздеубаев ақыры қызметінен кетуі мүмкін. Жоғары Сот Кеңесі жанындағы сот алқасы оны лауазымынан босату туралы ұсынысты Мемлекет басшысының атына жолдамақ.

Айта кетейік, бұған Марат Күздеубаевтың қоластында істейтін судья Гүлнұр Құрманбай басшысының өзіне жиі қырындайтынын айтып шағымданғаны да себеп болған. Оны артынша Құрманбайдың хатшысы Еңлік Қыдыралиева да растаған. Ол ол ма, Гүлнұр Құрманбай бала күтіміне байланысты еңбек демалысына кеткенде Марат Күздеубаев бірнеше адам болып судьяның кабинетінің есігін бұзып ашып, декреттегі судьяның атынан сот шешімдерін шығарған.

Мұнан кейін әлеуметтік желілерде Марат Күздеубаевтың карантин талаптарын бұзып, тойға барғаны туралы видео тарап кетті. Видеоны таратқан – жергілікті тұрғын Гүлзинат Сағындықова. Оның айтуынша, видео интернетте жарияланысымен, сот төрағасы тарапынан ол да қысым көрген екен.

Күздеубаевтың мәселесі Президентке дейін жетті. Оны орнынан босату туралы ұсынысты Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот кеңесі қабылдаған.

«2021 жылы 18 ақпанда Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриінің отырысы өтті, онда жергілікті және оған теңестірілген соттардың судьяларына қатысты бірқатар тәртіптік істер қаралды. Сот жюриі отырысының қорытындысы бойынша 5 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде бір судья сөгіс түрінде жаза алды, үш судьяға ескерту жарияланды, аудандық соттың бір төрағасы судья лауазымында қалдырыла отырып, атқаратын лауазымынан босатуға ұсынылды. Судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға олардың сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны, судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны, сондай-ақ аудандық сот төрағасының лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны негіз болды», – деп хабарлады Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің аппараты.

Орнынан босатылсын деген судья Марат Күздеубаев екені расталды. Тәртіп бойынша он күннен соң шешім күшіне еніп, Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаевты лауазымынан босату туралы Жарлыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қояды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации