Пандемия қалтарысындағы саясат

29 желтоқсан, 08:26

Фото: nege.kz

Тышқан жылы несімен есте қалды? Әрине, ең алдымен, пандемия басқа сап етері сөзсіз. Ковид 19 жер-жаһанды жаулап алып, бүкіл әлемді үйқамақта ұстады. Десе де, елдегі өмір тоқтап қалған жоқ. Экономика тұралағанымен, саясат сағат тіліндей мүлтіксіз сырғып, іркілмеді. Жаға ұстатар оқыс оқиғалардан құр алақан емес.

Биылғы жыл парламент сайлауына дайындықтан басталды десек, көп қателеспейміз. Билік жаңа саяси науқанды жаңа заңнама аясында өткізуге бекінді. Биік мінберлерден саяси реформа туралы сөз қозғалып, саяси партиялар, бейбіт жиын, сайлау және басқа да бірқатар заңнамаларға толықтыру енгізілді. Бұл үдерістердің қалай өрбігеніне, яғни бір жыл ішіндегі саяси өмірге қысқаша шолу жасап, еске салайық.

Қаңтар. Саясат «ойыны»

Бірқатар қоғам белсенділері Тоғжан Қожалиева Хақ партиясын, Бэлла Орынбетова Республикалық партиясын, Жанболат Мамай Демократиялық партиясын құратынын жариялады.

7-8 ақпан. Қордайдағы қырғын

Жамбыл облысы Қордай ауданында дүнгендер мен қазақтар арасында ұлтаралық қақтығыс болды. Соның салдарынан 11 адам қаза тауып, 185 адам жарақат алған. Көп адамдардың үйлері, дүкендері, мүлкі өртенді.

17 ақпан. Бейбіт жиын туралы заң жобасы

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бейбіт жиын туралы жаңа заң жобасын таныстырған. Оны қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғаушылар, заңгерлер және азаматтық белсенділер талқыға салды.

«1995 жылғы заңмен салыстырғанда, бұл жобаның реттеушілік қыры басым. Шындығына келсек, қазіргі заңнамадан да репрессивті деуге болады. Өз басым мұны алға жасалған қадам деп айта алмас едім», – дейді Nege.kz тілшісіне түсініктеме берген Марат Шибутов.

25 ақпан. Дулат Ағаділдің өлімі

Қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Астана абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болды. Билік зорлық-зомбылықты терістеп, өлім себебін жүрек-қантамыр жетіспеушілігі деп атады. 24 ақпанда 21.00-де Дулат Ағаділ өз үйінде болған. Сосын полиция қызметкерлері тұтқынға алып, тергеу изоляторына алып келіпті. Полицияның сөзіне сенсек, «тергеу изоляторының камерасында одан басқа тағы төрт адам болған, олар Дулат Ағаділге қарсы зорлық-зомбылық көрсету фактілері болған жоқ деп куәлік берген».

3 наурыз. Жәкішев босатылды

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының іргетасын қалаушы Мұтар Жәкішев 11 жылдан соң шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Осы уақытқа дейін Жәкішевтің тағдыры қоғамда қызу талқыланып келді және оның босатылғаны жақсы бастамаға баланды.

19 наурыз. Карантин

Коронавирустың өршуінің кесірінен Алматы, Астана қалалары карантинге жабылды.

26 наурыз. Мәжіліс мақұлдады

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасында бейбіт жиынды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәжіліс отырысында жаңа заң жобасын таныстыра отырып, оның бірқатар ерекше тұстарына тоқталды.

«Бұл заң жобасы азаматтардың конституциялық құқығын – еркін пікір білдіруді қамтамасыз етуге бағатталған. Қазіргі заңнамамен салыстырғанда бірқатар жаңашылдық бар. Ондағы елеулі өзгеріс – бейбіт жиын өткізудің құлақтандыру тәртібі қарастырылған. Бейбіт жиын өткізу туралы өтінішке жауап болмаса, жиын өткізу мақұлданды деп есептеледі», – деді министр.

9 сәуір. Соңғы нұсқа

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасында бейбіт жиынды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын екінші оқылымда тағы да мақұлдады. Сенатқа осы жоба жіберілді. Карантин жағдайында, заң жобасының соңғы нұсқасымен мүдделі топтар, сарапшылар таныса алмады.

15 сәуір. Қазақстан Қытайға нота жолдады

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесіп, қытайлық www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады?» атты мақалаға қатысты наразылық білдірді.

«Қытай елшісіне мұндай сипаттағы мақаланың жариялануы 2019 жылғы 11 қыркүйекте Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесінде айқындалған мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухына сәйкес келмейтіндігі атап өтілді», – деп баға берген қазақ дипломаттары. Сондай-ақ, Қазақстанның Пекиндегі елшілігі де ҚХР Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдаған.

22 сәуір. Сайлау және саяси партиялар туралы жаңа заң жобасы мақұлданды

Сайлау және саяси партиялар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәжіліс оны мақұлдады. «Бұл құжат жаңа саяси партиялардың пайда болуына және әйелдер мен жастардың саяси үдерістерге қатысуын ынталандыруға бағытталған», – деді депутат Снежанна Имашева.

Жұмыс тобының пікірінше, Мемлекеттік шешімдерді әзірлеп, қабылдауда көппартиялық қағидасын сапалық тұрғыдан жаңғыртады. Ал азаматтық қоғам өкілдері бұл жобада ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс жоқ екенін айтты.

20 сәуір. Қоғам белсенділері қамалды

Карантин кезінде бірқатар қоғам белсенділері мен журналистер бірінен соң бірі қамауға алынып жатыр. Олардың қатарында Арман Шораев, Ұлан Шәмшет, Әлнұр Ілияшев, Руслан Жанпейісов  бар. Бірін «карантин режимін бұзды» десе, енді бірін «бірнеше рет әлеуметтік желілер арқылы жалған мәліметтерді таратқан» деп айыптады. Марғұлан Сейсембай өзін қамауы мүмкін екенін мәлімдеді.

Кейбір қоғам қайраткерлері өзіне қысым жасалып жатқанын айтты.

6 мамыр. Парламенттік оппозицияға қатысты заң жобасы мақұлданды

Парламенттік оппозицияға қатысты заң жобасы талқыға түсті.  Мәжілістің жалпы отырысында қарастырылып, депутаттар мақұлдады. Бұл жоба Ұлттық кеңестің екінші отырысында жарияланған президенттік саяси реформалар топтамасы аясында әзірленген.

14 мамыр. Жаңа салық саясаты жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу туралы тапсырма беріп, Алматыға жұмыс сапары барысында мұның мәнін егжей-тегжейлі түсіндірген болатын. Президент «осы жаңалықтың мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету» екенін мәлімдеген. Тоқаев «жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме көлемі артуы тиіс» дейді. Айта кететін жайт, мөлшерлеме көлемін Үкіметтің комиссиясы анықтайды. Мемлекет басшысы жеке табыс салығының пайыздық мөлшерлемесінің жоғарғы шекті деңгейі 15 пайыздан аспауы керек екенін айтты.

16 мамыр. Сенат бейбіт жиын туралы заң жобасын кері қайтарды

Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған бейбіт жиын туралы заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, төменгі палатаға кері қайтарды. Кейбір бұқаралық құралдары мен сарапшылар Сенаттың бұл қадамын жақсылыққа жорыса, енді біреулер демократиялық кейіп танытқан әдеттегі биліктің ойынын көреді.

20 мамыр. Ақорда Кремльге тойтарыс берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейнеконференция форматында өткен кезекті отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың түйіткілдерін баса көрсетті. Қазақстандық сарапшылар «Президент Кремльдің алдында бас шұлғымай, ұлттық мүддені қорғауда мінез, табандылық, батылдылық көрсетті» деп баға беріп отыр.

Онлайн саммитке Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті  Игорь Додон, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы  Михаил Мясникович қатысты.

25 мамыр.  Президент көп талқыға түскен заңдарға қол қойды

Президент бейбіт жиын туралы, саяси партиялар және сайлау туралы заңдарға қол қойды. Енді партиялық тізімнің кемінде отыз пайызы жастар мен әйелдерден тұруы шарт. Саяси партиялар құру шегі екі есе жеңілдетілді.

18 маусым. Праймериз және «жақтастар лигасы»

«Nur Otan» партиясы праймериз өткізуге бел буды. Билік партиясы жақтастарының лигасы да құрылды. Оған саясаттанушылар мен қоғам белсенділері мүше болды.  Десе де, осы лиганың басы-қасында жүрген белсенді Ерлан Сайыров мұны «сайлауалды жоба емес» дейді.

Десе де, өзге сарапшылар лиганың дәл осы парламент сайлауы үшін құрылып жатқанын айтты.

14 шілде. Президент Асқар Мамин үкіметіне қатаң ескерту берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Мамин басқаратын үкімет пандемияны ауыздықтауға мүлде қауқарсыз болғанын сынап, екі апта мерзім берді. Егер осы уақыт ішінде жағдайды күрт өзгерте алмаса, отставкаға кетіретінін айтты.

12 тамыз. Сенат сайлауы өтті

Елімізде сенат сайлауы елеусіздеу өтті. Тіпті, бірді-екілі ақпарат агенттіктері там-тұм, қасаң ақпарат берді демесеңіз, елімізде сайлау өткенінен көп жұрт мүлде бейхабар болды. Өйткені, бұл сайлауға халық емес, халықтың «қалаулылары» ғана дауыс береді.

Алматы қаласында мәслихаттың отыз депутаты бірауыздан қолдап, Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов шаппай бәйге алған. Елордадан Ақылбек Күрішбаев көп дауыс жинапты. Ақтөбеден 62 жастағы Бауыржан Қаниевтің тасы өрге домалаған.

1 қыркүйек. Мемлекет басшысы жолдау жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бірқатар өзекті саяси мәселелерге тоқталды. Маңызды нәрселердің бірі – өзін-өзі басқару. «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Парламент сол бойынша сәйкес заңдар жиынтығын қабылдайды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлауға болады деп ойлаймын», – деді Президент.

Бұдан былай Қоғамдық кеңестердің рөлі арта түсетіні айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігі қарастырылады.

Биыл мемлекеттік қызметкерлердің саны 10 пайызға, келесі жылы – 15 пайызға, жалпы 25 пайызға дейін қысқартылатыны айтылды.

22 қазан. Президент мәжіліс сайлауын жариялады

Мәжіліс сайлауы 10 қаңтарда өтетін болды. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде жария етті.

Сайлау өткізу мерзімі Конституцияда нақты көрсетілген. Президент қазіргі Мәжіліс құрамының мерзімі аяқталуға дейін бес ай бұрын сайлау өтетіні жайында жария етуге тиіс болатын.

13 желтоқсан. Ресейге нота жолдады

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың сөзіне байланысты нота жолдады. «Первый канал» телеарнасындағы «Большая игра» бағдарламасында сөйлеген Ресей парламентінің білім және ғылым комитетінің жетекшісі Никонов «Қазақстан аумағы – Ресейдің берген үлкен сыйы» деп мәлімдеген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақыртылып, нота тапсырылған. Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов оған Никоновтың Қазақстанның жері туралы сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді деп хабарлайды министрлік.

«Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді. СІМ Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтеді және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады» деп жазылған СІМ таратқан ақпаратта.

Nege.kz нысанасына іліккен һәм сайтымызда кеңінен талданған тақырыптардың бір парасы осындай болды. 2021 жыл есігімізді қағып тұр. Келер жыл кетер жылдан берекелі, мерекелі болғай!

#пандемия #сайлау #жолдау #праймериз #билік #тоқаев
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации