Лавров Кенесары ханның бас сүйегін Нұр-Сұлтанға әкеле жатыр ма?

07 сәуір, 18:18

Фото: nege.kz

Ресейдің адуынды саясаткерлерінің бірі – Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ертең Нұр-Сұлтанға келеді. Оның бұл келісі қай келіс екені, қандай салмақ салып кетері әзірге белгісіз. 

Әрине, екі ел арасында экономикалық, мәдени, әскери және тағы да басқа салада тығыз одақтастық байланыс орнаған. Десе де, аумақтық интеграцияға байланысты көңіл көншітпейтін шетін мәселелер де аз емес.

Соңғы кезде екі ел арасында дипломаттар ат арылтып, екі ел астаналарының табалдырығын жиі тоздыратын болды. Мұның өзі қоғамда түрлі сауал туындатып отыр.

Бұл іс-сапардың егжей-тегжейін білмек болып, тілшіміз еліміздің Сыртқы істер министрлігіне хабарласты. Мақсат – екі ел арасындағы өзекті мәселелерді қаузау, іссапардың күн тәртібінде тұрған жайттарды білу. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияр әдеттегідей там-тұм, қасаң ақпаратпен ғана шектелді.

А.Смадияр

«8 сәуірде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапары өтеді. Сапар барысында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен екіжақты кездесу жоспарланған. Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасады».

«Қоғамда абың-күбің әңгіме болып жатқан Кенесарының бас сүйегі туралы екіжақты кездесуде сөз бола ма?» – деген сауалымызға да жауабы тым қысқа болды. Ресми өкіл: «Бұл мәселе туралы ештеңе айта алмаймын», – деп қысқа қайырды.

Әрине, екі ел арасында жиі сөз болатын, кездесу барысында міндетті түрде талқылануы тиісті АЭС салу, Еуразиялық экономикалық одақтың түйткілдері, Донбасс мәселесінен туындаған халықаралық ахуал, әскери одақтастық мәселелері, өзге де тақырыптар министрлер бас қосатын залдан әрі ұзамасы, сыртқа шықпасы түсінікті де. Көпшіліктің құлағына жетуі тиіс емес түйткілдер халықаралық саясатта ұдайы кездеседі.

Әрине, Лавров Кенесарының бас сүйегін сүйіншілеп Нұр-Сұлтанға әкеле жатқан жоқ. Ресейдің мүддесін алға тартқалы келеді. «Сөзімді сөйле, дегеніме көн» деуге келеді. Батыстың айбарына міз бақпай, тілімен безенген саясаткерден басқаны күту қиын.

Бар гәп – қазақ дипломаттарының ұлттық мүддені қорғаудағы табандылығы мен кәсіби біліктілігінде. Таразы басы кімнің жағына ауғанын кездесуден кейін Лавровтың жүріс-тұрысына қарап бағамдайтын боламыз... 

#лавров #тілеуберді #кремль #кенесары #бас
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации