Біртанов соттан бала-шағасын асырауға мүмкіндік сұрады

21 сәуір, 17:32

Фото: ғаламтордан

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық  тергеу соты айыптаушы тараптың өтінімін қарап, экс-министр Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзартты.

Нұр-Сұлтан, NEGE. Сотта Е.Біртанов отбасын асырау үшін жұмыс істеуге рұқсат беруін сұраған. «6 айға жуық үйқамақта отырып, далаға да шықпадым. Ешқандай заңсыздық әрекет жасаған жоқпын», – деді ол.

Заң талаптарына сәйкес, бұл шектеу отбасы мүшелерімен кездесіп, сөйлесуге, сондай-ақ, қорғаушысымен кеңесуге және медициналық көмек алуға, т.б. кедергі жасамауы керек.  

Сонымен, Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 14 мамырға дейін ұзартылып, таңғы 8:00-ден 19:00-ге дейін қажет болған жағдайда үйден шығуға, жұмыс істеуіне рұқсат берді. Сот оның кәрі шешесі мен бес баласы барын және оның үшеуі кішкентай екенін ескерді. Сот барысында бұрынғы министрдің «Емдеу Групп» ЖШС-де жұмыс істеп жүргені белгілі болды.

Сот мұндай шешім шығаруға Біртановтың үйқамақта отырған кезінде ешқандай заңбұзушылық әрекет жасамағаны себеп болғанын хабарлады. Бұған дейін Біртановтың отбасы мүшелері мен адвокаттардан басқа адаммен сөйлесуіне толық тыйым салынған болатын. Десе де, тергеу әлі жалғасады. Тағылған айып өзгеріссіз қалды.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации