Бір өңірде 2 айда 9 шенеунік ұсталды

05 наурыз, 16:31

Фото: inbusiness.kz

Соңғы 2 айда қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, ақша талап еткен 9 шенеунік оқиға орнында ұсталды. Олардан мемлекетке 12 миллион теңгеден астам залал келген. Қызылордада заңды белден басып, қызметін асыра пайдаланатындар азаймай тұр. Жыл басынан бері облыс бойынша сыбайлас жемқорлық сипатында 15 дерек анықталған. Басым бөлігі парамен ұсталған. Сондай-ақ олардың қатарында мемлекет қаржысын жымқыру мен алаяқтық фактілері де тіркелген, деп жазады inbusiness.kz.

Қызылорда, NEGE. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізуде. Дей тұрғанмен, заң бұзушылық оқиғалары түбегейлі тазарды деу қиын. Әсіресе парақорлықты тию күрделі шаруаға айналған. Мәселен, соңғы 2 айдың өзінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып ақша талап еткен 9 шенеунік оқиға орнында құрықталды.

«Тергеу барысында азаматтардың Конститутциялық құқықтарын бұзуға және қылмыстық істерді қосымша тергеуге қайтару фактілері орын алған жоқ. Істер аяқталған соң Қылмыстық процесстік кодекстің 200-ші бабына сәйкес, яғни заң бұзушылықтарды болдыруға ықпал еткен мән-жайларды жоюға байланысты 7 ұсыныс енгізіліп, бүгінгі таңда оның үшеуі қаралды. Нәтижесінде 2 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр», - деді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Яғмусов.

Жалпы жыл басынан бері департамент мамандары өндірісте 44 істі қараған. Оның 14-і айыптау ісімен сотқа жолданған. Қылмыс барысында құрықталғандар мемлекетке 12 миллион теңгеден астам залал келтірген. Дегенмен барлық шығын істің тергеу барысында өндіріліпті. Бір қынжылтарлығы басқаны былай қойғанда зияткер саналатын білім саласының мамандарының өзі жолдан тайған.

«2021 жылдың ақпан айының 2-де Шиелі аудандық сотының үкімімен Шиелі аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі былтырғы жылдың қыркүйек айында жеке кәсіпкерден 6 миллион теңгені алаяқтық жолмен және лауазымды иесіне пара беруге азғыру арқылы алғаны үшін сот үкімімен 3 жыл 6 айға сотталды», - деді Р.Яғмусов.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации