Бекшин тағы бүлдіріп қойды

28 қаңтар, 20:22

Фото: ғаламтордан

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн-брифингте тағы бүлдіріп қойды.

Алматы, NEGE. «Тағы бүлдіріп қойды» деп бекерден-бекер айтып отырғанымыз жоқ, ол өткен жылы көктемде құдды бір кәрі құдасын күткендей «наконец-то коронавирус бізге келді» деп сүрініп, оңбай сынға ұшыраған. Мына айтқаны да соның ар жақ-бер жағы.

«Өкінішке қарай, біздің азаматтарымыздың демалуға қаржысы жетеді. Елге оралған соң 90 проценті тестілеуден өтіп, жасыл дәліз арқылы үйіне қайтады. Бір бөлігі үнемдегісі келеді. Мемлекет оларды тегін алып кетеді, көлік береді, қонақ үйге жатқызып, тегін тестілеуден өткізеді, тамақтандырады. Біз бес жұлдызды қонақ үй бере алмаймыз ғой. Олар тексеруден өтпей, жолаушылардың, қала халқының өміріне қауіп төндіретінін түсінуі керек», – деді Бекшин.

Былай қарасаң, айтып отырғаны дұрыс. Бірақ Бекшин ел азаматтарының демалуға қаржысы жеткеніне өкінеді екен. Неге? Сөзіне қарасаң, азаматтар бірді-бірге жеткізе алмай жүргенін қалайтындай көрінеді. «Не айтқым келгенін түсіндіңдер ғой» деген сылтау жүрмейді мұнда. Қазір бүкіл Алматы Бекшиннің аузына қарап отыр.

Бәлкім, шынымен де айтқысы келгені басқа шығар. Сонда да айтар сөзін жұптап алғаны дұрыс қой. «Айтылған сөз – атылған оқ» екенін естен шығармағаны жөн.

#бекшин #алматы #эпидемия
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации