Табыс салығы азайды | #12 ШОЛУ news video

17 мамыр, 17:51

Жоғары айлық алатындардың табыс салығы көбейеді

Дүйсенбіде көп талқыға түскен тақырып – табыс салығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда табыс салығы айлығы аз азаматтарда азайып, айлығы жоғары азаматтарға көбейетінін мәлімдеді. Бұл жөнінде сайтымыз бірнеше сараптама мен сұхбат жариялады. Оны экономика және мінбер айдарынан табасыз.

Мұхтар Әблязов журналистке сес көрсетті

Журналист Асқар Жалдинов Фейсбуктегі парақшасында Мұхтар Әблязов туралы пост жазған. Жалдиновтың жазбасына Әблязов шамданып қалды. Мәселенің төркіні Әблязов Қазақстаннан алып кеткен 10 млрд доллар. Журналистің бұл жазбасы желіде түрлі пікір тудырды. Жалдиновты жақтағандар да, Әблязовты мақтағандар да бар. Тіпті, Парижден Мұхтар Әблязовтың өзі де пікір білдіріп, журналисті «болтун», «нұрбот», «нұрзомби», «нұрврун» деп балағаттады. Сондай-ақ, «Есіңізде болсын! Мен бұл жазбаның көшірмесін жасап алдым. Жуық арада осы үшін жауап беруге тура келеді» деп сес көрсетті. Әблязовты не ашуландырғанын білгіңіз келсе сайтымыздағы «Мұхтар Әблязов журналистке сес көрсетті» атты мақаланы оқыңыз.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «5-10-20» пилот жобасын іске қосады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 11 мамырында берген тапсырмасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағытын әзірлеуді бастап кетті. Жаңа пилот жоба 5-10-20 шарты бойынша тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарды несиелендіруді қарастырады: – несие мөлшерлемесі 5%; – бастапқы жарна 10%-дан бастап; – несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін. «5-10-20» пилот жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Тілшіміз үйді кімдер және қалай ала алады деген сауалды негізге алып сараптама жазған. Ол экономика айдарында.

Министрлік «Азия Авто» кәсіпорнымен келісімді НЕГЕ бұзды?

Елімізді ғана емес, әлемді шарпыған індет қаржыны тиімді жұмсау керектігін ескертті. Тіпті, кейбір алапауыт кәсіпорын басшылары жеке қалтасын қампайтып жатса да, үкіметтің субсидиясын алуға келгенде тайсалмады. Соның бірі – «Азия Авто» АҚ. Құрылғанына 28 жыл болған компания 4 жылда 52 млрд теңге шамасында субсидия алып, құн салығы мен кедендік төлемнен босатылып келген. Алайда, компания мемлекет алдындағы кейбір міндеттерді орындауға құлықсыздық танытқан. «Министрлік «Азия Авто» кәсіпорнымен келісімді НЕГЕ бұзды?» атты мақалада бұл тақырып кеңінен айтылады.

Тұңғыш триллионер кім болады?

Қызмет көрсету саласын зерттейтін Comparisun компаниясының дерегіне қарағанда, адамзат тарихындағы тұңғыш триллионер Amazon компаниясының иесі Джефф Безос болуы мүмкін. 2026 жылы Джефф Безос 62 жасқа толады. Міне, ол 62 жасында тұңғыш триллионер атануы мүмкін. Оған себеп жаһандық пандемиядан кейін онлайн сатып алудың еселеп артқаны. Сәуір айының соңында бір күнде ғана Джефф Безос байлығын 12 млрд долларға арттырғанын ескерсек, триллионерлер көшін дәл осы Безос бастайтынына еш күмән жоқ.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации