NEGE APTA | #8 ШОЛУ news video

19 сәуір, 22:15

Ұлттық қордың соры мен 20 доллардың жыры

Биылғы жылдың бюджеті Ұлттық қорға ауыр соққы болып тимек. Қорда небәрі 27 триллион бар дейді мамандар. Біз биыл 2,7 триллион теңге алуымыз керек еді. Енді оның орнына 4,7 триллионды бір жылда жұмсайтын болдық.

2020 жылдың басты қаржылық құжатын «короновирустық құжат» деп атауға толық негіз бар. Оның барлық параметрі вирустық пандемия салдарынан өзгеріске ұшырап отыр. Ең қынжылатынымыз – бұл жақсы өзгеріс емес.

Қарапайым әрі түсінікті етіп тарқатып көрейік. Биыл бюджет 6,4 триллион теңге кіріс әкеледі. Былтыр есептегенде, бюджет 8 триллион теңге табады деп болжанған. Бірақ ол кезде коронавирустың пайда болатынын кім білді?

Ал бюджеттің шығыстары 14,2 триллион теңгеге ұлғайып отыр. Оның ішінде коронавируспен күрес, дәрігерлерге сыйақы, 3 миллион азаматқа 42 500 теңгеден төлеу бар, шағын және орта бизнесті қолдау мен басқа да көптеген шығын енгізілген. Сонда біз 14,2 триллион құртамыз, 6,4 триллион табамыз. Арадағы 7,8 триллионды қайдан алмақпыз?

Оның 4,7 триллионын Ұлттық қорға қол сұғу арқылы жабатын болдық. Енді 3,1 триллион қалып тұр. Осы соманы жабу үшін сырттан қарыз алуға тура келеді. Жалпы, коронавирустың Қазақстан эконоикасына тигізген әсері осындай. Тереңірек білгім келеді десеңіз «Ұлттық қордың соры мен 20 доллардың жыры» атты мақаланы оқығаныңыз абзал.

Жедел жәрдем бригадасы қызметкерлері Біртановқа неге өкпелі?

Әлемдік пандемияға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елдегі 30 мыңнан астам дәрігер үстемақы алатынын хабарлаған. Сейсенбідегі жағдай бойынша, Алматы қаласында 3557 медицина қызметкері 965 миллион теңге көлемінде үстемақы алған. Оның ішінде дәрігерлер, орта, кіші және өзге де қызметкерлер бар. Алайда, оған жедел жәрдем бригадасының диспетчерлері мен санитарлары кірмей қалған.

Олар 9 сәуір күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың атына хат та жазыпты.

«Диспетчерлер мен санитарларға үстемақы төленбейді деген шешіммен келіспейміз. Себебі, біз де COVID-19 вирусына қарсы күреске күшімізді жұмсап жатырмыз. Кәдімгі бригада қызметкерлері сияқты біз де 24 сағат бойы күшейтілген режимде жұмыстамыз. 2 аптадан бері отбасымызды көрген жоқпыз. Диспетчер күніне 400 қоңырауға жауап берсе, санитарлар бригаданың киімі мен машинасын жуады. Ал киіндіру кабинетіндегі мамандар бригаданың жедел киініп-шешінуін қамтамасыз етіп, тезірек жөнелтуге тырысады. Біздің еңбек неге бағаланбайды? Нұр-Сұлтан қаласындағы әріптестеріміз бұл көмекті алыпты. Бізді неге алалайды?» деп қолдары қойылған хат Nege.kz редакциясына да келді.

Үйде жұмыс істеу оңай әрі қиын

Үйде жұмыс істеу оңай көрінгенмен, қолайсыз екендігін түсінген де боларсыз. Бар назарыңды тек жұмысқа аударып, қабілетіңізді арттыру қиын. Үйдегі жағдай бөлек, артық шудан ойың бөлінеді, диванға жантая кеткің келеді. Өзіңді қадағалап, жұмыс өнімділігін бақылау үшін қайтпек керек?

Әлбетте, үйде қалсаңыз, жолға уақыт шығындамайсыз. Есесіне, жұмыс істеу қарқыныңыз бәсеңдейді. Бұл – қалыпты жағдайдың бірі. Мәселенің мәнісі тайм-менеджментке барып тіреледі. Тілшіміз үйде жұмыс істеп жатқандарды «күн тәртібін реттеуге» шақырады. Екінші уақыт бақылап отыратын мобильді қосымшаларды жүктеп алған жөн. Мысалы, IOS, Android-қа арналған Tick Tick атты қосымша арнайы ойын сынды, қолдануға ыңғайлы. Өзіңді бақылаудың тағы бір тиімді жолы – әріптестеріңе есеп беріп отыру.

Бастысы барлығы өзіңізге байланысты екенін ұмытпаңыз. Толығырақ сайттағы «Үйде жұмыс істеу оңай әрі қиын» атты жазбадан білесіз.

Димаштың әні тағы хит болды

«Біз біргеміз» деп аталатын әнде Димаш бүкіл адамзатты коронавирус пандемиясымен күресте бірігуге шақырады. Видеороликте жер бетіндегі тамаша табиғат көріністері, вирустан зардап шеккен халық, бос қалған дүкен сөрелері мен дәрігерлердің індетпен күресі көрсетіледі. Әннің соңы көңілді нотамен аяқталады.

Осыған дейінгі шолудың бірінде туризм қауіпті болған кез деп коронавирустың таралу аймағын болжаған едік. Ол кезде испания мен италияда 8-10 мың, германия-франция-АҚШ та 1000 адамнан ғана вирус анықталған. Ал Түркияда бір адам еді. Күні бүгін вирус жұқтырған 2 млн 300 мың адамның 1,5 млн қазір осы елдерге тиесілі.

Түркия бүгін Қытайды басып озып, ең көп вирус жұқтырған 7 ел болды. Nege.kz тілшісі Анкара қаласында тұратын қандасымыз Мырзахан Байжанұлымен тілдесті.

Түрік билігінің пандемиямен қалай күресіп жатқаны «Ердоған індетпен күреске жеті айлық жалақысын қосты» деген сұхбатта айтылады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации